Осы қарапайым қағиданы түсінетін кез келді
Бейбіт күнде ең құдіретті қару – қалам
– Думан Әмірғалиұлы, өзіңізбен ҚазМҰУ-де қатар оқыдық. Оқуды бітірген соң «Халық кеңесі», «Қазақ әдебиеті» секілді белді басылымдарда қызмет еттіңіз. Мемлекет, халық, діл, дін, тіл, өнер, әдебиет туралы өрелі мақалалар жаздыңыз. Еткен еңбек, төгілген тер текке кетпейді ғой, жақсы атыңыз шықты, абыройға бөлендіңіз. Алдымен қалың көпшілікке жампоз журналист ретінде танылдыңыз. Ел-жұрт, міне, өзіңізді әдебиет айдынындағы өресі биік жазушы деп те біледі. Осы екеуінің жаныңызға қайсысы жақын: журналистік пе, жоқ әлде, жазушылық па?
– Ниет-пейіліңізге рахмет! Шынымды айтсам, бала кезімде жазушы болу үшін журналистика факультетінде оқу керек деп ойлайтынмын. ҚазМҰУ-лің журналистика факультетіне құжат тапсырғаным да сондықтан. Құдай қолдап, оқуға түстім. Оған еш өкінбеймін. Өзің айтқандай, журналист болдық. Хал-қадерімізше жазарымызды жаздық, айтарымызды айттық. Елдік, ұлттық, халықтық мәселелерді көтердік. Біздің қызметке араласуымыз ел тәуелсіздігіне тұспа-тұс келді. Елдігіміз шайқалмасын, тәуелсіздігіміз баянды болсын деген ниет-пейілмен көкейімізге кептелген кептерді жаздық, айттық. Мәселен, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары «Қазақ әдебиеті» газетіне «Жер сатылмасын!» деген проблемалық мақала жаздым. Кейіннен бұл мәселенің ушығып кеткенін білесіздер. Сол кезде бір жамандықты сезген сияқтымын. Қазақтың баласы болғандықтан еліміз бен халқымыздың тағдырына, болашағына алаңдайсың. Бәрі жақсы болса екен дейсің. Кемшіліктерді батыл сынап-мінедік. Еліміз бен халқымыздың рухани түлеуіне тамшыдай болса да өз үлесімізді қостық деп сеніммен айта аламын. Сол өтпелі кезеңде журналист болғанымды, ұлттық мәселелерді көтергенімді, елдің сөзін сөйлегенімді мақтаныш етемін. Себебі, бейбіт күнде ең құдіретті қару – қалам ғой! Оңың үстіне сөздің өз құдіреті бар. Ал жалпы алғанда жазушы боламын деген адамға журналист болу міндетті емес. Қазақстанда таза шығармашылықпен айналысып, дәлірек айтсақ, тек көркем шығарма жазып, отбасыны асырау мүмкін емес. Амал жоқ, еріксіз қызметке байланасың. Әйтпесе, көштен қалып, тіпті аштан өліп қалуың да ғажап емес. Егер таза шығармашылықпен айналысып, құрығанда отбасыңды асырайтындай ақша таба алсаң, басқа қызметке жегілудің не керегі бар.
– Әдебиетке журналистиканың соқпағынан келдіңіз. Бүгінде осы жағдайды теріс бағалайтындар да табылды. Құдды, тумысынан жазушы болатындай...
– Сенсеңіз, жазушы болуды бала кезден армандадым. Жастайымнан өлең, әзіл әңгімелер жаздым. Оқушы кезімде аудандық газетке мектеп өмірінен хабар-ошар жазып тұрдым. Үлкен журналистикаға «Соңғы дем» әңгімем алып келді. Үшінші курста оқып жүрген кезімде «Халық кеңесі» газетінің сол кездегі басшылары осы шағын шығармамды ұнатып, қызметке шақырды. Сол басылымда шыңдалдым. Жап-жас кезімде сенім артып, қызметке қабылдаған «Халық кеңесі» газетінің сол кездегі бас редакторы Сарбас Ақтаев ағама айтар алғысым шексіз. Қазір ойлап қарасам, үлкен жақсылық жасапты ғой!
«Халық кеңесі» жабылып қалған соң, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеу бақыты бұйырды. Журналистік һәм жазушылық тағдырыма даңғыл жол ашылды. Журналистік мақаланы да көркем шығарма сияқты жазатынмын. Сондықтан жазушылығыма журналистиканың салқыны тиген жоқ деп ойлаймын. Ал ұзақ жыл журналист болып істеп, содан соң жазушылыққа келгендерде стилдік жағынан кемшіліктер, көркемдік тұрғысынан шикіліктер болуы мүмкін. Бәлкім, сынайтындар соны айтатын шығар.
Дандайсуға негіз жоқ
- Журналистикаға қалай келгеніңізді білдік, жазушылық жолыңызға сәттілік тілеп, қолдау білдірген ағаларыңыз болды ма?
- Мен ағаға жарыған адаммын. Жас кезімнен «Қазақ әдебиетінде» істегендігімнен болар, аға буын ақын-жазушылармен ертерек араластым. Шарапаттарын, қолдауларын, жақсылықтарын көп көрдім. Бәрі де арқамнан қағып, маңдайымнан сипады. Кезіккен сайын жылы сөздерін айтып жататын. Кейде ойлаймын, ағаларым менен көп үміт күтті-ау деп. Сол үміттерін ақтай алдым ба?.. Айту қиын.
– Шығармашылығыңды көркем әңгіме, таңғажайып хикаялардан бастап драммалық тарихи құнды дүниелерге де қалам тартуыңның өз мәнісі болар. Тіпті, мемлекет басшысының өзі «Жошы хан» спектаклінің премьерасын көргенінен хабардармыз.
– Шыны керек, жастайымнан тарихқа қызығып өстім. Тарихи еңбектерді көп оқыдым. Тарихи шығармалар жазуыма солардың да әсері болған шығар. Әрине, жазған дүниеңді Президенттің өзі келіп көруі, оң бағасын беруі қуанарлық жағдай. Айтулы оқиға. Сәттілік. Мерей. Ол үшін ел басшысына айтар алғысым шексіз. Бірақ, бұл мәңгілік бақ, түпкілікті жеңіс емес. Нағыз бағаны халық, келер ұрпақ береді. Тірі кезінде атақ-даңқ пен сый-құрметке бөленіп, көздері кеткен соң, ұмытылып қалғандар қаншама. Сондықтан дандайсуға негіз жоқ.
– Елуді еңсеріп қалған қалған ұрпақ өкіліміз. Бергеніңізден берері мол қаламгерсіз. Оқырман қауым әдебиеттегі ендігі бағытыңызды білгісі келеді. Немен қуантып, неге сүйсінтесіз?
– Қазір негізінен көп уақытымды жазуға емес, оқуға арнап жүрмін. Көбінесе шетелдік қаламгерлерді оқимын. Он жыл «Әлем әдебиеті» журналында қызмет істегендіктен әлем әдебиетінің классиктерін бір кісідей білемін. Енді шет елдердің қазіргі айтулы жазушыларының шығармаларын оқып жүрмін. Қазіргі үнсіздігімнің құпия-сыры сол. Жазуға деген жауапкершілік артты, талап күшейді. Өзіме сын көзбен қарай бастадым. Құдай амандығын берсе, әртүрлі бағыттағы шығармалар жазамын. Эксперименттер жасаймын. Бұдан былай белгілі бір тарихи тұлға туралы жазбаймын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тарихи шығармалар ауадай қажет болды. Жаздым. Түсінетін адам болса, сонымен түрлі ойлар айттым. Бәрін атыс-шабысқа, айғай-ұйғайға, құр сөзге емес, ойға құрдым. Тіпті кейінгі Шыңғыс хан мен Жошы хан туралы жазған тарихи драмамда да соғыстың өзі түгілі, ұшқыны да жоқ. Негізінен ойға құрдым, философияға иек арттым. Көптің көңілінен шыққаны да сондықтан болар деп ойлаймын. Ел-жұрт жақсы қабылдады ғой! Шығармашылық адамына бұдан артық не керек?! Енді ондай тарихи шығармаларға аса қажеттілік жоқ. Романдар жазбақ ойым бар. Әйтеуір бойымыздан қуат кеткенше қолымыздан қаламымыз да түспейді ғой!
– Кейінгі жас ақын-жазушылардың шығармашылығына қатысы ой бөлісе отырсаңыз.
– Жас ақын-жазушыларды үнемі қадағалап оқып жүремін. Аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйын, өйткені өте көп. Арасында үздіктері бар, орташалары бар, нашарлары бар. Бәрінің аяқ алысын білемін. Бәрі көкейімде сайрап тұр. Ең басты ұнайтыны, көбісі ізденеді, қазынады, бұл шығармаларынан байқалып тұрады. Жаңаша жазғысы, жаңалық жасағысы келеді. Меніңше, шығармашылық адамына ең басты керегі де осы. Бірақ, оларға баға беруге әлі ертерек, кесіп-пішіп пікір айтуға да болмайды. Мәселен, кейбір жақсы жазып, жарқырап көріне бастаған жас прозашылар қазір мүлде жазбай кетті, көрінбей қалды. Енді олардың бір жерден жарып шығарына сенбеймін. Қателессем, қуанар едім.
Шығармашылық та бір бәйге. Шу дегенде алға озып, орта жолда өкпесі өшіп, соңынан шаң қауып қалатын ұшқырлары бар, алғашында байқалмай, соңынан жеңімпаз атанатындар бар, қыза шабатын дүлдүлдер де қаншама. Жалпы алғанда, жоқ емес, бар. Тіл-көзден сақтасын, таланттар жетерлік. Бәріне шығармашылық шабыт пен табыс тілеймін!
Жаутаңдап алақан жаясың, тендерге телміресің
– Сіз осыдан бірсыпыра уақыт бұрын Жазушылар одағында, «Жұлдыз» журналында қызмет еттіңіз. Біздегі әдеби басылымдарға көңіліңіз тола ма? Қазіргі әдеби сынның деңгейі қалай?
– Сырт адам болсам, «көңілім толмайды» деп кесіп айта салар едім. Бірақ, мен ішінен шықтым ғой. Жағдайды беске білемін. Мәселен, «Жұлдыз» журналының бір жылда он екі саны шығады. Ал Жазушылар одағының дәл қазір мыңға тарта мүшесі бар. Біреуінің шығармасын бермей қалсаң, пәлеге қаласың. Оның үстіне мерейтойлық мақалалар көп келеді. Біреуін жарияламашы, басың дауға қалады. Оның үстіне кез-келген басылым өз күнін өзі көре алмайды. Бұрынғыдай көп ешкім жазылмайды да. Еріксіз мемлекетке жаутаңдап алақан жаясың, тендерге жүгінесің. Әрине, қаржы түседі. Бірақ, кейде бір журналдың жетпіс пайызын сол тендердің мақалалары алып кетеді. Ал оларды бермесең, ақшадан қағыласың. Жылда солай. Одан кейін басылымдарға қандай кінә артуға болады?! Еріксіз құбатөбел нөмірлер шыға береді.
Ал енді әдеби сынның дамуы кешеуілдеп жатыр. Талантты, білімді, білікті жас сыншылар өсіп келеді. Олардың да жазғандарын қалт жібермей қадағалап жүремін. Білімдері, түйсіктері, қарым-қабілеттері бар, жақсы-ақ жазаады. Неге екенін білмеймін, көбісі әлі толық ашыла алмай жүр. Кейбірі мүлде жазбай етті. Бәлкім, сынға, сыншыға мемлекет тарапынан еш көңіл бөлінбейтіндіктен шығар. Шіркін сондай жас талантты сыншыларға мемлекеттік тұрғыда жеткілікті дәрежеде көңіл бөлініп, алаңсыз шығармашылықпен айналысуға жағдай жасалса ғой, берерлерін беріп, жазарларын жазар еді ғой! Бәрібір сол жастардан көп үміт күтемін.
– Сізді қоғамымызда ерекше толғантатыны не нәрсе?
- Еліміздің болашағы, қара халықтың жайы, қоғамдағы кемшіліктер ойландырмай қоймайды. Ең бастысы ел аман, жұрт тыныш болса екен. Жасырып-жабатын несі бар, Қазақстанның қазына-байлығының қызығын осы уақытқа дейін шетелдік алпауыттар мен биліктегі бишігештер ғана көріп келді ғой, енді жалпы халық көрсе екен деп армандаймын. Мемлекетіміз нығайып, екен халықтың жағдайы жақсарса. Биліктегілер осы жағына көбірек көңіл бөлсе екен.
– Қазақ қоғамы қазақ баспасөзінен алшақтап қалғандай. Мұның сыры неде?
– Біріншіден, шынын айтқанда қазір жұрт кітап пен газет-журнал оқымайды. Бір жағынан көпшілігінің газет-журнал оқитын уақыты да жоқ. Күні бойы тырбанып еңбек етіп, нәпақаларын солай тауып жүр. Олар газет-журналды қайтсін, түсінуге де болар. Заман солай сабылыстырып қойды. Екіншіден басылымдарды тарату жағы мүлде ақсап жатыр. Жазылған газет-журналыңды бір аптадан, тіпті кейде бір айдан кейін әкеледі. Қазіргідей ақпараттар тасқыны кезінде ондағы жазылған жайлардың маңызы жойылып, жаңалығы ескіріп қалады. Осыдан кейін мерзімді басылымдарды кім жаздырып алады?! Неге екенін тағы да білмеймін, дәл қазіргі уақытта газет-журналдардың сапасы да көңіл көншітетіндей болмай тұр. Оның үстіне жұрт танымдық, проблемалық, ойлы дүниелерден гөрі, өсек-аяңға көбірек үйірсек болып кетті. Ал жастар жағы кітап, газет-журнал оқығаннан телефон шұқығанды жақсы көреді. Әлеуметтік желілердегі арзанқол жазбаларды көп қарайтын болды. Бар уақыттарын сонымен өткізеді. Әрине, өкінішті.
– Ұлтымыздың болашағын қалай елестетесіз? Біздің қазақ өресі биік әдебиет пен өнерді ысырып қойып, думан-тойға көбірек ден қойып кеткен жоқ па?
- Шынында да дәл қазір солай болып тұр. Жалпы болашағымыздың қалай қалыптасары халықтың өз қолында. Бірақ оған да бас қатырып жатқан көп ешкім жоқ. Бәріміз бүгінгі күнмен өмір сүріп жатырмыз. Есіміз шығып кеткен. Не істерімізді өзіміз де білмей қалдық. Тіпті бір уақ ойлануға уақытымыз да, құлқымыз да жоқ. Енді ес жимасақ болмайды. Әйтпесе, елдігімізден айырылып қалуымыз мүмкін. Қазаққа қазақтан басқа ешкімнің жаны ашымайды. Осы қарапайым қағиданы түсінетін кез келді.
Жақсы шығарма ғана қалады
--Бізде қазақ әдебиетінің алыптары қалыптастырған дәстүрлі жазу үлгісі бар. Бұл жаңаша жазуға, жаңашылдыққа ұмтылмау керек деген сөз емес. Сіз де дәстүршіл жазушысыз, бірақ шығармаларыңыздан жаңашылдықтың лебі есіп тұрады. Мәселен, бір ғана «Көш» әңгімеңізді алайықшы. Өзіміз өмір сүріп жатқан қоғамымызды айнадағыдай айнытпай сыпаттаған, кемшіліктерін бүге-шігесіне дейін ашып көрсеткен, түрлі ойларға жетелейтін дәл осындай астарлы, аллегориялық шығарма бұрын-соңды жазылды ма? Өз басым білмеймін. Жалпы дәстүршілік пен жаңашылдықты қалай түсінесіз?
- Өз шығармамды өзім мақтамай-ақ қояйын. Дегенмен, бір нәрсе анық: тамырсыз ештеңе өсіп-өнбейді. Құдай дәстүрсіздіктен сақтасын. Бәрі де сол өз топырағыңнан жаралуы керек. Әрбірден соң әр жаңа шығарманың өзі – жаңалық. Әрине, жаңаша жазуға, жаңа бір өрістерге ұмтылу керек. Дегенмен, дәстүрлі және жаңашыл жазсаң да, шығарма жақсы болу керек. Қанша жаңашылдық әкелсең де, ертең-ақ ескіреді. Тек жақсы дүние ғана халық игілігіне жарайды. Сондықтан дәстүрлі немесе жаңаша жазу дегеннің өзі де шартты дүние. Жаңаша жазылған, жаңалығы бар дүние екен деп шалажансар дүниені мақтауға болмайды. Ал дәстүрлі жазылған екен деп үздік шығарманы даттауға болмайды. Қандай әдіс-тәсілмен жазылса да сенің дүниеңде нәр болуы керек. Төрт аяғын тең басып, төрт құбыласы түгел болса болды. Мәселен, ән өнерінде неше түрлі дәстүр мен мектеп бар. Жаңа дүниелер туып жатыр. Солай екен деп, халықтық дәстүрлі ән өнерін есептен шығарып тастауға болмайды ғой. Өзінше дами берсін, дамыта берсін. Әркім керегін таңдап алады. Қай әнші мықты, қайсысы халықтың жүрегіне жол табады, сол дараланып тарихта қалады. Ән өнерінің кейбір жаңа бағыттары сәтті бір жаңалықтай көрінгенімен, көп ұзамай ұмытылып, халық жадынан өшіп қалуы мүмкін. Ал жақсы дәстүрлі әнші халықпен бірге мәңгі жасай береді. Әдебиетте де дәл солай. Мәселе, шығармада. Қандай әдіс-тәсілмен жазылуы міндетті емес, тек жақсы шығарма болса болды. Мәселен, Мұқағали Мақатаевты жаңашыл, реферматор ақын деп айта алмайсыз. Өзі де ақын Өтежан Нұрғалиев оны тіпті «халтурщик» дейді. Менің ойымша, ол да Мұқағали ағамызды жаңаша жазбағанымен, жаңашыл болмағанымен айтып тұрған шығар деп ойлаймын. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып, өзіне қайтарамын» деп ақын өзі айтқандай, ескі қалып, көне дәстүр. Бірақ, шығармалары қандай ғажап! Жасандылық жоқ, шынайы жазылған жауһар жырлар. Халықтың көңіл күйін тап басып, ерекше шабытпен жырлай білген. Оқырманның жүрегіне жол тапқаны да сондықтан. Жүректі қозғайды, жаныңды тебірентеді. Міне, өнердің басты шарты осы. Сол себепті кез келген жаңа туындыны нендей жаңалығы бар, қандай жаңалық алып келді деп емес, қандай шығарма деп бағалау керек. Шығарма жақсы болса болды, оның қалай жазылғаны маңызды емес. Көп адам осы жағынан қатты қателеседі. Кейбір қаламгерлер жаңалық жасаймын деп шатпырақтарға, түсініксіздікке, қойыртпаққа ұрынады. Ал соны жаңалығы бар деп кейбір сыншылар мақтайды. Оған кейбір желікпелер ілеседі. Бірақ, сол мақтаған дүние көп ұзамай ұмытылады. Өйткені, ол шығарманың жазылуында ма, тақырыбында ма, қалыбында ма, мазмұнында ма, әдіс-тәсілінде ме, шынында да бір жаңалық болуы мүмкін. Бірақ, ол жаңалықтардың ешқайсысы шығарманың сапасын айқындамайды. Шығарманың сапасын, жақсы ма, нашар ма, тек шығарманың өзі ғана айқындайды.
- Демек, сіздіңше, шығарманы жаңалығымен өлшеп, бағалауға болмайды. Солай ғой...
- Әрине. Жан-жақты салмақтау керек. Әр тұрғыдан қарау керек. Кейбір шығармаларда ойға басымдық беріледі, кейде мазмұнына, енді бірінде жазылу әдіс-тәсіліне, тіпті әр кезең кейіпкерлерін сомдау үшін жазылатын шығармалар болады. Мәселен, Бейімбеттің Мырқымбайы қандай?! Әлі айтылады. Ғабит Мүсіреповтың «Этнографиялық әңгімесіндегі» төрелердің образын алайықшы. Оқыған адамның мәңгі есінде жатталып қалады. Әлем әдебиеті жауһарларының 250 томдығына жайдан-жай енгізілген жоқ қой. Шын мәнінде, ғажап шығарма. Осында да жаңалық ештеңе жоқ. Былай қарасаң тіпті қарабайырлау жазылған. Егер ол шын мәнінде мықты шығарма болса, қалай жазылғаны тіптен маңызды емес. Жазғанында шын мәнінде бір жаңалық болуы мүмкін, бірақ шығарма жоқ. Шығара алмаған. Ондай шығарманы қанша мақтасаңыз да ешкім оқымайды, халық қабылдамайды. Уақыттық қана сөз болуы мүмкін. Егер жаңаша жазылған үздік шығарма болса, онда бағы жанғаны. Біраз уақыттан кейін ол да ескіреді. Бірақ, жақсы шығарма болып қалады.
Біз өте кешірімшіл халықпыз...
- Қазір заман өзгерді, сонымен бірге адам да өзгерді. Шындықты шырқыратып айтатындар азайып, өтірікті шімірікпей соғатындар көбейді. Сол арқылы түрлі материалдық игілікке жетіп жатқандар бар. Несін айтасыз, жағымпаздар мен сатқындардың дәуірі жүріп тұр. Осы жайт сізді ойландыра ма?
- Әрине, ойландырады. Біз өте кешірімшіл халықпыз. Кешірімнің де шегі бар. Бір адамға жасаған сатқындықты, жамандықты, қысастық-қиянатты, зорлық-зомбылықты кешіруге болар. Бірақ елге, ұлтқа, халыққа жасалған сатқындықты, жамандықты, тас атуды ешуақытта ұмытуға және кешіруге болмайды. Қазақтың басына қара бұлт үйрілткен, қуғын-сүргін мен қанды қырғынға ұшыратқан Сталинді де ақтап-жақтайтындар бар. Қорқынышты. Мәселен, кейбір тұлғаларымыздың елімізге, ұлтымызға, халқымызға сатқындық жасаған, тас атқан, қарсы жұмыс істеген кездері болды. Ұлтымызды кемсітіп жатады, ана тілімізге қарсы шығып жатады. Қазақ бола тұра ана тіліміздің мемлекеттік тіл болуына қарсы болғандар бар. Масқара емес пе?! Ал оларды сынасаң, кейбір рушылдар сол рулас тұлғаны жақтап шыға келеді. Өйткені, олар рулық деңгейде шектеліп қалғандар. Таным-түсініктері сол шамада ғана. Өз руласының ел мен ұлтқа тіл тигізгенін, сатқындық жасағанын көріп-біле тұра оған көз жұма қарап, қателігін айтсаң, өрекпіп шыға келеді. Сондай жиіркенішті. Кім болсаң ол бол, бірінші орында ел мен ұлттың мүддесі тұруы керек. Кезінде Жоғары Кеңестің депутаты болғандардың басым көпшілігі жердің сатылуына дауыс берді. Олардың бәрін ел мен ұлттың сатқындары деп жариялау керек. Беттерін шимандай қылып әшкерелеу керек. Олай болмаса, ел мен ұлтқа сатқындық жалғаса береді. Міне, кешірімділіктің кесапаты да осында. Мәселен, елімізді отыз жыл билегендер жердің үсті мен астындағы қазына байлықтың бәрін сатып болып, ақырында киелі жеріміздің өзін сатамын деп әулекіленді ғой. Сол кезде көптеген жағымпаздар оны қолдады. Тіпті сол кездегі бір депутат: «Жер киелі болса, үстіне неге сиіп-тышамыз. Сатылсын. Пайдасын көрейік» деп шімірікпей көлгірсіді ғой. Оны әрине Жер-Анамыздың киесі ұрады. Арты жақсы болмайды. Міне, осындай тексіздер мен сатқындарды халық әшкерелеп, масқаралау керек. Бұндай адамдарға кешіріммен қарауға болмайды. Кешіріммен қарасақ, сатқындар көбейе береді. Ал ол өте қауіпті құбылыс. Бізде онсыз да осындай сатқындар тым көбейіп кетті. Сондықтан оларға қатаң үкім шығару керек. «Ұлт сатқыны» деп мойнына қоңырау байлап, тиісті жазасын беру керек.
- Адам бойындағы асыл қасиеттер жоғалып, мінез-құлқымыз да өзгеріп, тым ұсақталып бара жатқан секілдіміз. Бұның сыры неде деп ойлайсыз?
Бізде абыройды қызметпен, дәулетпен, атақ-даңқпен өлшейді. Бұл да дұрыс емес. Адамдық болмыс-бітімі мен қасиеттерімен бағалау керек. Кезінде жәдігөйленіп билікке жеткен, жоғары қызмет істеген, депутат немесе ректор болған атақты жағымпаздар бар. Кім екендерін елдің бәрі біледі. Аты-жөндерін атасаң, елдің езуіне күлкі үйіріледі. Ең бейшара, сорлы, міскіндер солар. Өйткені, ар-ұятын, намысын, иманын қызметке айырбастап жіберген. Нәпсі мен құлқынның құлақ кесті құлдары. Оларды аяу керек. Өздерінің қалай ұялмайтынына, беттерінің қалыңдығына таң қаламын. Депутат немесе ректор болып кердең қағуы мүмкін, бірақ олар адам ретінде ешкім емес. Тірі өліктер. Өйткені, рухтарын саудалап, сатып жіберген. Есесіне соның игілігін көріп жүр. Жоғары қызметте жүргендерін қайтейін, елге сүйкімсіз, қадір-қасиетсіз ғой! Адам ең алдымен арын сатпау, ұятын сақтау керек. Адамдық тұлғаң сонымен өлшеніп, бағаланады.
Әңгімелескен – Айнабай МӘДИ.