Ертең – Ұлттық домбыра күні
Алматыда орналасқан Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығында 76 жәдігер сақталған
Байрағы биік бағзы өнер
Ұлттық домбыра күні қарсаңында біз Алматыда орналасқан заманауи Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Бұл орталық осыдан жеті жыл бұрын, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Алматының 1000 жылдығына орай ашылған.
Алматыға келген кезекті іссапарында бұл орталыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы ат басын бұрып, құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтап, жастарға насихаттап жүрген өнер өкілдеріне алғысын білдірген еді.
Иә, бұл мұражай төрінен қазақ халқының ән, күй, ақын-жыраулық өнерін жасаушы және бүгінге жеткізуші өнер тұлғаларының аспаптары орын алған.
Орталықтың ашылу мақсатының бір себебі – заманауи 3D озық технологиясын музей саласына енгізу арқылы қазақтың байрағы биік бағзы да бай һәм көркем дәстүрлі музыка өнерін халыққа және келешек ұрпаққа насихаттау, қазақ мәдениетімен танысуға келген шетел туристерінің қызығушылығын арттыру.
Орталықтың дәл ортасында орналасқан голограммадан төрт өңірдің (Жетісудың; Оңтүстік Қазақстан мен Сырдың; Батыс Қазақстанның; Арқаның) белгілі өкілдерінің орындауындағы танымал ән-күйлер мен жырларды тыңдай аласыз. Музейді тамашалауға келген үлкен-кішіні әсем күй әуені жетелеп, елітіп отырады.
Дәстүрлі музыка орталығында жоғарыда айтылған төрт өңірге жіктеліп орналастырылған 76 жәдігер бар. Оның басым көпшілігі домбыра. Сондай-ақ, белгілі тұлғалардың сыбызғысы, қобызы, дабылы, дауылпазы, шыңдауыл, асатаяқ, шың, сылдырмақ, жетіген, адырна бар.
«Қайран, шешем!»
Әрбір киелі домбыраның өз тарихы, айтары бар. Әр домбыраның жанында авторының суреті, өмірі мен шығармашылығы туралы деректер берілген.
Мәселен, Дина Нұрпейісованың домбырасы да жарқырап тұр. Күйші анамыз 94 жасында Алматы қаласында дүние салған. Көзкөрген замандастары «Дина қыз күй орындағанда, өзі мүлдем көзге көрінбейтін, тек күй ойнап тұратын» дейді екен. Орындаушылық шеберлігінің құдіреті! Қаршадай қыздың даңқын естіп, әйгілі Құрманғазының өзі арнайы іздеп келген. Тоғыз жасынан бастап он тоғызына дейін, қашан ұзатылғанша Құрманғазының баулуында болады. Немересі Балжан Нұрпейісова естелігінде: «Киелі қара домбыраны бала кезінен серік етіп, құдіретті өнеге тұтқаны соншалық, көз жұмарының алдында бес-он минут бұрын өзінің төсегінің тұсында ілулі тұрған домбырасын алдырып, мәпелей сипап, аялай қағып, Құрманғазының «Қайран, шешем!» күйін шертті. Әлсіз саусақтары икемге келмей жатса да, күйді көкірегінде жаңғыртып жатып дүниеден озды», – дейді. Дина әжейдің қазір орталықта тұрған домбырасын Балжан апай басында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне өз қолымен әкеліп сыйлаған екен. Ал қазір Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығынан орын тепті.
Халық композиторы, суырып салма ақын, әнші Біржан сал Қожағұлұлының әйгілі «Теміртас», «Адасқақ», «Айбозым» сынды әндерін шырқатқан домбырасы да тұр. Ақын, әнші, сазгер Ақан сері Қорамсаұлының домбырасының да түпнұсқасы осында. Бөлтірік Атыханұлын жыршы ретінде «Көрұғлы», «Алпамыс», «Мұңлық-Зарлық» дастарын жатқа айтып таратқан домбырасы да көз тартады. Жамбыл Жабаевқа «Ерке атан», «Есім-Саржан», «Өтті-ау, дәурен!» сынды күйлерін сыйлаған киелі домбырасы да шыны әйнектің ішінде жарқырап тұр. Жәнібек Кәрменовтей тұлғаның «Бабалар», «Ағалар-ай», «Толғау» секілді әндерін сүйемелдеген, саусақтарының ізі қалған домбырасы да сақтаулы. Күйші, жазушы, қазақ мифологиясы мен музыка фольклорын зерттеуші Таласбек Әсемқұловтың өз қолымен 2004 жылы жасаған домбырасы да көрнекті жерден орын алған.
Күйші, өнер зерттеушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрімовтың 1964 жылы Ысқақ Ермекбаев деген шеберге жасатқан үш ішекті домбырасы да менмұндалап тұрғаны көз қуантады. Күйші бұл аспаппен үш ішекті домбыраға арналған «Жорға аю», «Теңбіл торы», «Қыз мұңы», «Көк қаршыға» және өз жанынан шығарған «Ой толғауын», «Таскескенін», «Қабанбайы батырын» орындап таратқан.
Роза ЖҮНІСҚЫЗЫ, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының жетекшісі:
— Өзіңіз байқап тұрғаныңыздай, біздің орталықтағы домбыралардың пішіні әртүрлі, бір-біріне ұқсамайды. Иә, пішіні мен дыбысы және атауына байланысты домбыраның әр өңірде өзіндік дәстүрлі үлгілері қалыптасқан. Мәселен, күйшілік мектебі мықты дамыған қазақ жерінің батыс аймағында пішіні кесілген алмұртқа ұқсас қауақ домбыра кең тараған. Оның перне саны 12-16 болып келеді. Бұл өңірге тән дәстүрлі кең тынысты төкпе күйлер осы домбырамен атқарылған. Екінші түрі – қазақ жерінің орталығы мен шығысына тән, шанағы үлкен күрек пішіндес, мойны қысқа, 7-11 пернеден тұрған қалақ домбыра. Келесі бір түрі – оңтүстік пен Жетісуда кең таралған мойны қысқа, бұрыштары тік, 7-9 пернелі болып келетін домбыра. ХХ ғасырдың орта шенінде қалыптасқан қоғамдық мәдени үдерістерге байланысты қауақ домбыраны Жамбыл домбыра, ал қалақша домбыраны Абай домбыра деп атау ел арасында қолданысқа еніп кірігіп кетті.
Біз осынау қасиетті жәдігерлерді жастарға насихаттаудан жалықпаймыз. Яғни бұл аспаптарды біз тек қана музей сөресіне жайғастырып қана қоймай, сол аспаптардың тікелей ұрпақтарымен шағын концерттік залымызда шығармашылық кештер ұйымдастырамыз. Авторлар туралы тың мағлұматтар жинап ұсынып отырамыз. Көптің ықыласы ерекше. Демек, біз атқарар жұмыс әлі алда деп білемін.
Қамбархан туралы аңыз
Дәстүрлі ортада домбыраның қалай пайда болғаны туралы аңыздардың бірнеше нұсқасы бар. Солардың бірі домбыра жасаушы Қамбархан жайындағы аңыз.
Ертеде Қамбархан деген аңшы жігіт сойылған аңның ішегін ағаш басына лақтыра салады. Шұбатылған ішек бір бұтақтан екінші бұтаққа ілініп, керіліп қалады. Күндердің бір күнінде Қамбархан сол жерден өтіп бара жатса, құлағына ерекше бір жағымды əуен, құйқылжыған үн естіледі. Жан-жағына қараса, бір бұтақтан бір бұтаққа керіліп қалған қос ішек жел соқса, ызыңдап қоя береді екен. Аңшы жігіт əлгі ағашты кесіп алып, шауып, жонып домбыра жасаған екен деседі.
Домбыра дәстүрлі ортаның ішекті, көп пернелі ұлттық аспабы. Ғасырлар бойы қазақтың мұңы мен шерін тарқатып, көңілін жеңісінде шарықтатып, жеңілісінде демеген, тарихы, салт-санасы мен танымы сақталған.
Ертеде домбыраға ұқсас екі-үш ішекті «таңбура» деп аталатын саз аспабын Әбу Насыр әл-Фараби жасаған деген деректер бар. Оның пернелерінің саны бесеу болған, басының бір жағында екі құлағы, төменде ішектер үшін кетігі бар тиек орналасқан деп суреттеледі. Таңбура жетілдіріліп, бертін келе домбыраларға ұласқан дейді кейбір музыкатанушылар.
Домбырада дыбыс шығару қызметін атқаратын ішек қой-ешкінің ащы ішектерінен ширатылып жасалады. Ол үшін ащы ішекті қырындысынан тазартып, тұзды суға салып қояды. Кепкеннен кейін ішекті екі асықтың арасына (оны «ақжігіт» деп атайды) салып ысқылап, түйірпектерін сындырады.
Жасалуына, түріне, шек санына, дыбысына қарай домбыраның қос ішекті; үш ішекті; төрт ішекті; қалақша; қуыс мойын; тұмар; қоссаз; қауақ; абыз; кеней; үзбелі; қозықұйрық; құрама; омыралы; шіңкілдек; шаппа; сана; желбезекті; үшем; іші ішекті; кең шанақты; бүктемелі; әмбебап; тегешікті домбыра деп аталатын түрлері бар.
Сонымен қатар, домбыра тағылған әшекейге және сырт пішіне байланысты үкілі, қоңыраулы, шашақты, қоңыр, қызыл немесе қара домбыра деп те атайды.
Үш ішекті домбыра
Домбыра көшпелі ортада кең таралған аспап ретінде кез келген қазаққа қолжетімді болатындай, əрбір орындаушының эстетикалық талғамы мен жасы, жынысы, дауысы, кəсіби шеберлігіне жəне т.б. байланысты жасалып, жетілдіріліп отырған. Жас балаларға бір немесе екі ішекті жалпы ұзындығы 45-50 см, ені 8-10 см болатын шіңкілдек деп аталатын шағын домбыра түрі жасалады. Ал жеткіншектер мен əйелдерге арналған домбыра шағын, мойны жіңішке əрі қысқалау, дауысы нəзік келеді.
Жасалу түрі қос ішекті домбырамен бірдей үш ішекті домбыраның айырмашылығы тек ішек санының үшеу болуында ғана. Үш ішекті домбыраның əрбір ішегін дəстүрлі күйшілік мектебінің шеберлері күй орамдарына орай жеке-жеке теріп шертеді. Халық арасында домбыраның қуыс мойны мен шанағының ішіне бойлай қос ішек тартылатын «іші ішекті домбыра» деп аталатын түрі де бар.
Домбыра жасауға үйеңкі, алма, алмұрт, долана, өрік сынды ағаштар таңдалады. Жұмсақ ағаштан жасалған домбыра дауысы «мыңқылдақ» болып келеді деп, қарағай, қарағаш, балқарағай сияқты тығыз ағаштардан да шауып жасаған. Домбыра бөлшектерін жасайтын ағаштарды жарылмау үшін қызып жатқан көңге салып жібіткен немесе ыстық қоламтаға салып морлаған. Қанық тұзды суға салып қайнатқан.
Домбыра жасаудың ертеден екі дəстүрлі жолы қалыптасқан. Оның бірі – бүтін ағаштан бітеу домбыра шабу. Ал екінші түрі – бірнеше ағаштан құрастырылатын құрама домбыра шабылған домбыраға қарағанда жеңіл жасалады. ХХ ғ. орта шенінен кейін қолға алына бастаған құрама домбыраның бұл түрінің бөлшектері жеке-жеке дайындалып, желімделіп, арнайы жасалған қалыптың көмегімен құрастырылады.
Осы мәліметтердің бәрін Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының экскурсоводы жеткіншектерге де, туристерге де жеткізіп отырады.