Алматыда Ұлттық домбыра күні қарсаңында ұлттық аспаптың мәдени мұраны сақтаудағы рөлі, орындаушылық өнердің дамуы мен қазақ музыкасын әлемге насихаттау жағы талқыланды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатына қатысушылардың айтуынша, домбыра қазір қайта жаңғыру кезеңін бастан өткеріп жатқандықтан, кейінгі кездері шетелде де, Қазақстанда да оған қызығатындар саны еселеп өсіпті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Домбыра» кафедрасының профессоры Кәрима Сахарбаева домбыра қазақ халқының ажырамас бөлігі екенін айтып, бай мұраны сақтауда мәдениет қайраткерлері көп еңбек сіңіргенін атап өтті.
«Қазақ халқы үшін Домбыра күні ең маңызды мерекенің бірі. Ұлттық мәдениетіміз қандай қиын кезеңді бастан өткерсе де, домбыра өзінің қасиетін жоғалтпай, бүгінгі күнге жетті. Биыл 120 жылдығын атап өтіп жатқан Ахмет Жұбановтың еңбегі ерекше. Ол домбыра өнерінің кәсіби дамуына негіз қалап, Құрманғазы атындағы оркестрді құрып, консерватория ашты», – дейді.
Оның айтуынша, бүгінде Ахмет Жұбанов негізін қалаған дәстүр жалғасып келеді. «Домбыра» кафедрасының түлектері композитор, дирижер, педагог болып, ұлттық аспаптарға арналған жаңа шығармалар жазып жүр. Сонымен қатар еліміздің әр өңірінде домбыра үйірмелері мен студиялар ашылып, ұлттық өнердің жастар арасында кең таралуына жол ашып жатыр.
«Құрмет» орденінің иегері, өнертану кандидаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның «Домбыра» кафедрасының доценті Абдулхамит Райымбергенов қазақтың аса бай музыкалық мұраны сақтап қалғанын айтты.
«Біздің ата-бабамыз бізге он мыңнан астам күй мен көп ән мен эпикалық шығармалар қалдырды. Бұл мұра халық жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілді. Бүгінде ол жүйелі түрде зерттеліп, жарияланып, жас музыканттардың игілігіне айналып отыр», – дейді.
Сондай-ақ ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ұжымының Қазанғап мұрасына арналған 120-дан астам деректі фильм әзірлеп, 300-ден астам архивтік фотоматериал жинағанын айтты. Оның сөзінше, кеңестік кезеңде мұндай зерттеуді жариялау қиын болғанымен, мемлекет қазір ұлттық мәдениетті дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр.
Ол домбыраны мектеп оқушылары арасында насихаттау мәселесіне де тоқталды.
«Бұрын балалар домбыраны ұстауға ұялатын. Қазір оқушылардың қолынан түспейтін болды. Бұл ұлттық өнердің жаңғырып жатқаны», – дейді ол.
Қазақстанның халық әртісі, Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры Айгүл Үлкенбаева қоғамның домбыраға деген көзқарасы соңғы жылдары түбегейлі өзгергенін атап өтті.
«Бұрын менен неге скрипка немесе фортепиано емес, домбыраны таңдадың деп сұрайтын. Қазір көп дүние өзгерді. Ұлттық өнердің дамуы, концерттер, халықаралық жобалар мен 2018 жылы Ұлттық домбыра күнінің енгізілуі бұл аспаптың беделін айтарлықтай көтерді», – дейді ол.
Оның айтуынша, бүгін домбыраға қазақстандықтар ғана емес, шетелдіктер де қызығушылық танытып отыр. Әлеуметтік желілердегі ұлттық контент пен онлайн сабақтар қазақ музыкасын кеңінен танытуға ықпал етіп жатыр.
«Домбыра Қазақстан шекарасынан әлдеқашан асып, әлемдік музыкалық мәдениеттен лайықты орын алды», – деп қосты ол.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD, Құрманғазы атындағы консерваторияның «Домбыра» кафедрасының доценті Ержан Жәмеңкеев күй санының артып келе жатқанын айтты.
«Бұрын бес мың күй барын айтатын, одан жеті мың деді, кейін он мыңнан астам күй тіркеліпті. Мұндай бай мұра ешбір елде жоқ», – деді ол.
Ержан Жәмеңкеевтің айтуынша, Домбыра күнінің әлеуеті әлі толық ашылмаған.
«Домбыра күнінің мәні жыл сайын арта түсуі керек. Көбі домбыраның жиырмадан астам түрі бар екенін білмейді. Оны кеңінен насихаттау қажет. Кәсіби ортада домбырашы дәстүрлі күйді ғана тартуы керек пе, әлде әлемдік классиканы да меңгеруі тиіс пе деген сұрақ жиі қозғалады», – дейді.
Баспасөз мәслихаты соңында қатысушылар Қазақстан халқын Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, ұлттық аспапқа деген қызығушылықтың алдағы уақытта да арта беретініне сенім білдірді.