Алматыда 30-31 тамызда жыл сайынғы ең ауқымды автошоу - MotorFest Almaty 2025 өтті. 10 мыңнан астам көліксүйер, 200-ден астам ерекше автокөлік, халықаралық деңгейдегі қатысушылар жиналған шара несімен есте қалды? Жанарларды жаулаған жыл оқиғасында қандай автомобильдер үздік атанды? Аqshamnews.kz тілшісінің материалында.
сурет: drive2.ru сайтынан алынды
Шағын шарадан халықаралық фестивальге дейін
Motorfest алғаш рет 2017 жылы ҚБТУ маңындағы шағын алаңқайда өтті. Ол кезде бар-жоғы қырық шақты көлік қатысқан еді. Алайда автосүйер қауымның ықыласы зор болғандықтан, 2018 жылдан бастап фестиваль дәстүрлі түрде Медеу мұз айдынында ұйымдастырылып келеді. Сол жылы алғаш рет көрші елдерден - Өзбекстан мен Қырғызстаннан қатысушылар келіп, фестиваль халықаралық мәртебеге ие болды. Сәйкесінше фестиваль биыл сегізінші рет өтіп отыр.
сурет: drive2.ru сайтынан алынды
Жобаның негізін қалаушылар - автоблогерлер Азат (cars_kz) пен Дархан (low_kz). Олардың бастамасы бүгінде Орта Азиядағы автомәдениеттің дамуына үлкен үлес қосып отыр.
Motorfest биыл Медеуде соңғы рет
2025 жылғы фестиваль ерекше есте қалды. Себебі алдағы жылдары Медеуде реконструкция жұмыстары жүретіндіктен, Motorfest біраз уақытқа бұл алаңнан кетуге мәжбүр. Сондықтан биылғы шара соңғы "Медеу маусымы" ретінде өтті.
сурет: drive2.ru сайтынан алынды
MotorFest - көлікті жақсы көретіндердің жұмағы. Мұнда әрбір қатысушы өзінің ерекше жобасын көрсетіп, қиялын шындыққа айналдырады.
Әскери стильдегі "бомбардир Волга ГАЗ-21"
Алматылық энтузиаст Мақсат Мамраимов (@maks_braat) өз жобасын нағыз өнер туындысына айналдырды. Ол осыдан 12 жыл бұрын Сарқандтан 130 мың шақырым жүрген ГАЗ-21 көлігін сатып алып, бастапқыда реставрациялауды ойлаған. Бірақ қиялға ерік беріп, көлікті әскери "бомбардир" стилінде құрастырған. Артында тіпті "бомба инсталляциясы" бар.
сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz
Көлік негізі Toyota Aristo платформасында жасалған. 11 жылда жобаға шамамен 30 миллион теңге кеткен. Мамраимовтың айтуынша, идеяға деген сенім оны соңына дейін жеткізген:
"Мен оны алғаш алғанымда 130 мың шақырым жүрген еді. Жобаны 11 жыл жасадым. Бюджетті санаған жоқпын, шамамен 30 миллион теңгедей кетті. Бірақ қиялдың соңына дейін барғанда, нәтиже барлық еңбекті ақтады. Сенсеңіз бұл көлікті әлі үйдегі гаражға да қойып үлгермедім",-дейді ол.
сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz
Айта кетейік, ГАЗ-21 - КСРО-дағы ең әйгілі бизнес-класс көліктерінің бірі. Оны "Волга" деп атау Ресейдің басты өзенімен байланысты қойылған.
"АҚШ президентінің көлігі"
Тараздан келген Еркен Курбанов (Instagram: @kurbanoverken) реставрацияға ерекше мән беретін ерекше талғамды жан. Оның 1960 жылдардағы Lincoln Continental жобасы көрмеде нағыз назар аударарлық дүние болды.
сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz
Көлік алғаш АҚШ-та, кейін Мәскеуде болған. Содан соң Қазақстанға жеткізілген.
"Көлікке қызығушылық кішкентай кезімнен бар. Бұл хобби әкемнен дарыған десем де болады. Бұл көлікті АҚШ-тан Мәскеуге, одан кейін Қазақстанға алып келген. Үш рет реставрация жасалды. Металға жеткенде шіріп кеткенін көрдік, бірақ бәрін соңына дейін жөндеп шықтық. Бюджетті есептеген жоқпын. Бұл – менің өмірім, менің көңілімнен шыққан дүние", - дейді Еркен мырза.
сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz
Lincoln Continental - АҚШ президенті Джон Кеннедидің қызметтік көлігі болған. Дәл осы модельдің кабриолет нұсқасында 1963 жылы Даллас қаласында қастандық жасалып, Кеннеди қаза тапты. Бүгінде бұл көліктің құны коллекциялық нарықта 30 мыңнан 100 мың долларға дейін барады.
сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz
Rolls-Royce-қа мініп көру бақыты кімдерге бұйырды?
Әлеуметтік желіде @g_e_class атымен танымал алматылық Зайр Рзаев өзінің ерекше Rolls-Royce Cullinan 2022 көлігін фестивальге әкелді.
сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz
Көліктің астын жабық көк, үстін ақ түске бояп, салонға қызғылт сары түсте ерекше стиль берген. "Экстаз рухы" мүсіні де дәл сол түсте. Оны Зайр еркелетіп "карамель" деп атайды екен. Ол тіпті көлік жарық шамына да жұлдызды аспан жасатқан.
сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz
Одан бөлек карбон әрлеулер, Қазақстан картасы бейнеленген панель, тіпті Скрудж МакДак бейнесі бейнеленген бір қолында доллар, бір қолында теңге ұстаған сағат та назар аудартады. Зайрдың ерекшелігі ол - келушілерге көлікке отырып көруге рұқсат берді.
"Бұл көлік халық үшін жасалған. Әрбір адам отырсын, сезінсін дедім. Ертең біреу есіне алып: “Мен Motorfest-те Rolls-қа отырып көрдім” десе, соның өзі жеткілікті", – дейді ол.
сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz
Rolls-Royce Cullinan - компания тарихындағы алғашқы кроссовер. Оның атауы әлемдегі ең ірі гауһар тастың құрметіне қойылған.
BMW Z8 - жұмбақ көлік
Фестивальде ерекше назарға іліккен көліктің бірі - BMW Z8. Бұл модель тек 5700 данамен шектеліп шығарылған аса сирек көлік. Өкінішке қарай, көлік иесімен тілдесу мүмкін болмады.
сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz
BMW Z8 - 1999 жылы "The World Is Not Enough" фильміне түскен. Онда Джеймс Бонд осындай маркалы көлікті жүргізген. Бүгінде бұл авто коллекционерлер арасында культ мәртебесіне ие. Алматыдағы үлгісі ескі қазақстандық нөмірмен келген, бірақ оның нақты тарихы көпке беймәлім.
Қырғызстаннан келген аңыз
Қырғызстаннан келген BMW E9 те көрменің сәнін келтіре түсті. Бұл модель 1968–1975 жылдары шығарылып, BMW-ның спорттағы қайта өрлеуіне себепкер болған.
сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz
BMW E9 - әйгілі 3.0 CSL нұсқасы арқылы автоспортта үлкен жетістіктерге жетті. Егер бұл модель шықпағанда, сол кезеңде қаржылық қиындықта болған BMW-ды Mercedes сатып алуы мүмкін еді деген пікірлер де бар.
ТОП-3 атанған үздік жобалар қандай?
Жыл сайынғы дәстүр бойынша қазылар алқасы ең ерекше сегіз көлікті таңдады. Олардың арасында үздікке үштікке ілінгендері:
1. Курбанов Еркен (Тараз)— Lincoln Continental
2. Рзаев Заир (Алматы) — Rolls-Royce Cullinan
3. Геннадий Чернявский (Тараз) — Volkswagen T2A