Астана мәслихатының депутаты Сәуле Самидин елордада өткен Дженнифер Лопестің концерті мен оның сахналық киімдеріне қатысты өз жазбасынан кейін туындаған пікірталасқа пікір білдірді, - деп хабарлайды Аqshamnews.kz.
Әлеуметтік желілердегі реакция әртүрлі болды: көпшілік депутаттың ұстанымын сынап, одан гөрі маңызды мәселелерге көңіл бөлуге шақырды. Сәуле Самидин қазақстандықтардың белсенділігіне алғыс айтып, конструктив диалогқа ашық екенін алға тартты.
"Мұндай реакцияға шын жүректен алғыс айтамын. Бұл – ашық әрі кез келген нәрсеге бейжай қарамайтын қоғамда өмір сүріп жатқанымыздың белгісі. Түрлі пікір айтылды – қолдағандар да, сынағандар да болды. Оның барлығы да маңызды. Бірақ менің жазбам тек сахналық образдарға емес, елімізде осындай шаралардың өткізу маңыздылығына да қатысты екенін айтқым келеді", – деді ол Tengri Life-ға берген сұхбатында.
Депутаттың айтуынша, бұл ешкімді сынауға бағытталған жазба емес, ол жеке тұлға және ана ретінде көзқарасын білдірген.
"Бұл менің шынайы, адам әрі ана ретінде реакциям еді. Қызым небәрі 16 жаста. Концерттен кейін: “Анашым, Джей Лоның Дубайдағы киімдері мүлде басқа, жабықтау болды ғой” деді. Ана ретінде мен бұған бейжай қарай алмадым", – деп түсіндірді ол.
Самидин мәдениетке лайықтау мәселесін көтергенін айтты.
"Мен Дженнифер Лопесті мықты әйел, әлемге танымал әртіс ретінде құрметтеймін. Ол – шабыт сыйлайтын тұлға. Бірақ менің пікірім сын емес, еліміздің контексіндегі мәдени жарасымдылық жайлы ой еді. Біз мәдениет, туризм, креатив экономика туралы айтып отырмыз, мұндайда шығармашылық еркіндік пен жергілікті нормалар арасындағы тепе-теңдік маңызды", – деді депутат.
Оның пікірінше, халықаралық сахнада өнер көрсететін әртістер жергілікті мәдени ерекшеліктерді ескеру керек.
"Бұл цензура емес. Бұл – құрмет. Контексті түсіну. Әсіресе, көрерменнің ішінде жастар мен отбасы көп болатын бұқаралық іс-шараларда бұл өте маңызды", – деп қосты ол.
Самидин тек іс-шараның форматын емес, оның қоғамға әсерін де талқылау қажет деп есептейді.
"Мұндай концерттер бізге керек. Бірақ егер біз мәдени орталыққа айналғымыз келсе, этика және қалыптасып жатқан орта туралы да айтуымыз керек", – деді депутат.
Сөз аяғында Сәуле Самидин азаматтардың жол жағдайы, балабақша тапшылығы мен әйелдерді қолдау мәселелері жөніндегі ескертулері назардан тыс қалмағанын айтты.
"Мен әйелдер қауіпсіздігі, балалар мекемелерінің қолжетімділігі, медицина мен қалалық инфрақұрылымның жай-күйі туралы мәселелерді үнемі көтеріп келемін. Сонымен қатар, ірі іс-шаралар тек мәдени құндылық әкеліп қоймай, инфрақұрылымды дамытып, бизнесті жандандырып, жұмыс орындарын ашуына ықпал етуге тиіс деп есептеймін. Мен әрдайым диалогқа ашықпын және азаматтар тарапынан келетін сыни ұсыныстарды құптаймын", – деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астана мәслихатының депутаты Сәуле Самидин АҚШ әншісі Дженнифер Лопестің сахналық киімдеріне қатысты пікір білдіріп, қазақстандықтардың назарын аударған болатын. Желіде жарияланған жазбадан кейін қоғамда пікірталас туындады. Көпшілік депутатты халықтың күнделікті мәселелерімен айналыспай, әншінің киіміне назар аударғаны үшін сынаған еді.