Мәдениет және ақпарат министрлігі продюсер Баян Алагөзованың «діни насихатты» реттеу туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Искаков Қазақстанның құқықтық алаңында «діни насихат» деген ұғым жеке санат ретінде қолданылмайтынын айтты.
«Бізде діни насихат деген ұғым жоқ. Ал радикалды және экстремистік ағымдарға келсек, оларға шынымен де тыйым салынған», – деп түсіндірді ол.
Шенеунік Қазақстанның көпконфессиялы әрі толерантты мемлекет екенін еске салып, діни саладағы мәселелер ең алдымен радикализмге жол бермеу тұрғысынан реттелетінін атап өтті.
Жекелеген азаматтардың арандатушылық сипаттағы мәлімдемелері, соның ішінде Наурыз туралы айтқандары жөнінде сөз қозғаған вице-министр мұндай жағдайлар бойынша тиісті тексеру жүргізіліп, заң бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айтты.
Журналистер әлеуметтік желілердегі қоғамды адастыруы немесе резонанс тудыруы мүмкін контентке қатысты қандай да бір шара қолданыла ма деген сауал қойды. Қанат Искаков мұндай әрекеттерге қазірдің өзінде заң аясында баға беріліп жатқанын жеткізді.
«Біз оларды жауапкершілікке тартамыз. Бұл жалған ақпарат тарату, әлеуметтік, діни және өзге де араздықты қоздыру секілді бірқатар баптарға жатады. Сондықтан мұндай әрекеттерде құқық бұзушылық құрамы болса, міндетті түрде заң аясында қаралады», – деді ол.
Еске салайық, наурыз айының аяғында Алматы облысында Наурыз мерекесіне қатысты даулы видео жариялаған блогер ұсталған болатын. Ол видеода бұл мерекені Қазақстанда атап өтуге болмайтынын айтып, оны «мұсылмандық мереке емес» деп атаған.
Осыдан кейін қазақстандық интернет кеңістігінде қызу талқылау басталды. Видеода блогер Наурызды «қазақтың да, мұсылманның да мерекесі емес» деп, оның парсылық, нақтырақ айтқанда зороастризм дәстүрінен шыққанын алға тартқан. Оның сөзінше, Қазақстанда мұсылмандарға бұл күнді атап өтуге болмайды, ал рұқсат етілген мерекелер тек Ораза айт пен Құрбан айт қана.
Ролик әлеуметтік желілерде тез таралып, көпшіліктің ашуын туғызды. Қолданушылар авторды тарихты бұрмалады, ұғымдарды шатастырды және қоғамға жік салуға тырысты деп айыптады.
Пікірталастарда Наурыздың Қазақстанда діни рәсім емес, мәдени әрі жалпыхалықтық мереке ретінде қабылданатыны ерекше айтылды.
Сын күшейгеннен кейін видео өшірілген.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ер адамға қатысты діни араздықты қоздыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ наурыз айының соңында Алматыда өзін белгілі бір діни ағым өкілі ретінде таныстырған ер адамның қатысуымен тараған видеоға да тексеру жүргізілген еді. Оған екінші әйелін шәкіртіне «беріп жібергені» туралы айтқан сұхбаты себеп болған.
Дін істері басқармасында мұндай мәлімдемелер заң талаптарын бұзады және қоғамға қауіп төндіреді деп бағаланған. Соның нәтижесінде ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған.