68 жастағы Кристин Сорнин бір жыл бұрын жүрегіне екі рет күрделі ота жасатқан. Ота кезінде ол есін біліп жатқан, өйткені дәрігерлер тек жүрек тұсын ғана жансыздандырған. Өлім мен өмір арасында арпалысқан кейіпкерімізге ота кезінде Димаштың даусы демеу болған көрінеді.
Кумирінің туған жерін көру үшін 7 мың шақырымды артқа тастап, арманын орындауға келген француз әйел Аqshamnews.kz сайтына эксклюзив сұхбат берді. Оның әңгімесі – өмірге құштарлықтың, өнерге адалдықтың және шынайы махаббаттың символы.
"Мені өлімнен екі адам құтқарды. Бірі - Димаш, екіншісі - кардиологым"
Өмір бойы спортпен шұғылданған Кристиннің денсаулығы уақыт өте сыр бере бастаған. Дәрігерлер кейіпкерге жүрек-қан тамыры ауруы диагнозын қойып, ота жасау керегін айтқан. Бір қызығы, дәрігер мұндай күрделі отаны жасау барысында Кристиннің жүрек тұсын ғана жансыздандырған. Кейіпкер 2 сағат бойы есін біліп жатқан.
"Әрине, қатты қорықтым, қобалжыдым. Дәрігерлер мені тыныштандыру үшін "Сізге не демеу береді?" деп сұрады. Мен ойланбастан "Димаштың әні" деп жауап бердім. Олар Димаштың тегін әрең жазғаны есімде. Сол бір қорқынышты сәтте оның дауысы маған қараңғыдағы шамдай үміт берді", – дейді Кристин.
Кристин Сорнин – Францияда тұратын зейнеткер. Ол сақтандыру саласында қызмет етсе де, бос уақытында театр қойылымдарын сахналап, екі жұмысты қатар алып жүрген. Кейін ол қойылымдарды сахналау өнерін үйрену үшін күйеуімен бірге Аргентинаға көшіп, испан тілін меңгерген. Қазір зейнетте. Кристин бос уақытында сурет салып, роман жазады. Оның шығармашылығына шабыт берген адам – Димаш.
"Бір естігеннен елең ете қалдым"
Пандемия кезінде үйде отырып қалған Кристин қатты құлазығанын айтады. Дамылсыз ойға шомылған ол Димаштың өнерімен кездейсоқ танысады.
"Бір күні ғаламтордан Димаштың кездейсоқ әнін тыңдап қалдым. "Бұл кім өзі?" деген сұрақ келді. Себебі мен адам даусына көп мән беретінмін. Ал оның даусы өте ерекше. Алғаш естіген әнім – "Ұмытылмас күн". Сол сәттен бастап ол мені баурап алды", – дейді Кристин.
Француз жанкүйерінің айтуынша, ол ән тыңдағанда мәтіннің мағынасына емес, орындаушының дауысы мен эмоциясына мән береді. Димаштың өнеріндегі ең әсерлі тұс – оның жүріс-тұрысы, көзі мен ішкі әлемі арқылы әннің мәнін тыңдарманға жеткізуі.
"Мысалы, "Соғыс пен бейбітшілік" әнін алайық. Мен оның сөзін толық түсінбесем де, Димаштың эмоциясы, даусы, сахнадағы болмысы арқылы бұл әннің не туралы екенін жүрегіммен сеземін. Ол ән айтқанда жанын салады", – дейді ол ерекше бір толқыныспен.
"Өмірімде екі-ақ адамның жанкүйері болдым"
Кристин Сорнин өмірінде екі адамның ғана жанкүйері болған. Бірі – бала кезде өнерге ғашық қылған француз актері Жан Маре, екіншісі – жүрегіне үміт сыйлаған қазақстандық әнші Димаш Құдайберген.
"Он екі жасымда алғаш рет Жан Маре есімді актердің өнерін көріп, театрға ғашық болдым. Оның ойны мен харизмасы мені театр әлеміне жетеледі. Сол сәтте болашағымды өнермен байланыстырамын деп шештім. Кейінірек, режиссураны оқыдым, қойылымдар қойдым. Жан Маре менің алғашқы шабытым болды", – дейді кейіпкер.
Кейін актердің құмырашы болғанын білген Кристин оның тек сахнада емес, өмірде де өнермен тыныстайтынына таңырқапты. Жан Маре өмірден өткен соң, Кристин оның тұрған мекеніне арнайы барып, жұмыс істеген шеберханасын көреді.
"Оның жұмысын көріп, оның жүрген ізімен жүру – ерекше әсерге толы сәт. Бір сәтке болсын кумиріме жақындай түскендей болдым. Бұл сәт мен үшін армандар орындалатынына деген сеніміме дәлел болды", – дейді Кристин.
Егер Жан Маре кейіпкерді театр өнеріне баулыса, Димаш суретке шабыттандырған. Ол Қазақстан туралы көп ізденіп, мұнда келуді тағатсыздана күткен.
"Қазақтардың жүзі жылы.."
Кристин Алматыға келген күні бізбен тілдесуге келісті. Ол қаланы аралап үлгермегенімен, тұрғындардың жылы жүзі бірден көзге түсетінін жасырмады.
"Бұрын Қазақстанды тек ғаламтордан бақылап жүретін едім. Ал қазір осында келіп, бәрін өз көзіммен көргім келді. Неге Алматы? Себебі бұл қалада бүкіл Қазақстанның табиғатын тамашалауға болады. Адамдары да күлімдеп тұрады. Мұнда бәрі ашық, жылы жүзді. Алматыға келгелі жақсы сезімдемін", – дейді ол.
Кристин Алматыға келуді бұрыннан жоспарлап қойғанын айтты. Денсаулығына байланысты, өкінішке қарай, Димаштың Алматыда өткен фан-кездесуіне қатыса алмаған. Бірақ ол бұған мойымайды. Керісінше, қаланың әсем табиғатын аралап жүріп, өнер иесін көшеде көріп қалсам ғой деп армандайды.
Алматыға келген қонақ он күн ішінде еліміздің әсем жерлері Көлсай, Қайыңды, Алтынемелге баруды жоспарлап отыр. Болашақта міндетті түрде Астанаға, әншінің мейрамханасына, Ақтөбедегі Димаш оқыған мектеп пен музейіне барғысы келетінін жасырмады.
"Күйеуім мен ренжігенде "Димаш емеспін ғой" деп әзілдейді"
Кристиннің күйеуі де, екі ұлы да оның бұл қызығушылығына түсіністікпен қарайды. Тіпті кенжесі шығармашыл адам болған соң, анасына шабыт берген әншіні қолдайды.
"Ұлым өткенде "Жүрегіңе ота жасалды, Қазақстанға барып өлсең де, арманың жоқ шығар" деп қалжыңдайды. Ал күйеуіммен ұрсысып қалсақ, ол маған "Димаш емеспін ғой" деп қалжыңдайды. Бірақ олар мені түсінеді. Себебі менің өмірге құлшынысымды көріп отыр. Димаш – мен үшін кумир ғана емес, шабыт", – дейді ол.
"Шығармашылығымдағы шарықтау шегі"
Кристин Сорнин Димаштың өнерімен танысқалы шығармашылық шарықтау шегіне жеткенін айтты.
"Сурет сала бастадым, роман жазуға отырдым. Шабытым ашылып, өзімді қайта тапқандай болдым. Бір жылдан бері роман жазып жүрмін. Әзірге оның қандай боларын білмеймін. Фильм, әлде театр қойылымы боларын уақыт көрсетеді", - деп қорытындылады сөзін кейіпкер.
Өмірдің ең қиын сәттерді адамды өнер құтқара алады. Кристиннің оқиғасы – мұның дәлелі.