Лондонда ағылшындар қазақша үйреніп жатыр.
Олардың ана тілімізге деген махабаттын сүйікті әншісі Димаш Құдайберген оятқан. Сәлемдесуден бастап, қоштасуға дейін, тіпті, қазақ тілінде ән айтуды да біледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
21 ақпан - Халықаралық ана тілі күні қарсаңында Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен әсерлі кеш өтті.
Оған «Димаш Құдайберген. Ұлыбритания және дүниежүзі» фан-клубының белсенді мүшелері қатысты.
Барлығын дала даусымен дүниені дүр сілкіндірген дүлдүл әншіміздің өнеріне деген махаббат біріктіреді.
Араларында Қазақстанға саяхаттағандар көп. Бай мәдениетімізден, салт-дәстүрлерімізден және ұлттық тағамдарымыздан да жақсы хабардар.
«Мен негізі бала күтімі бойынша колледж студенттеріне лекция оқимын. Фан-клубымызды 2022 жылдың тамызында аштық, бар болғаны 6 ай өтті. Күні кеше 1 000-шы мүшеміз қатарымызға қосылып, қатты қуандық»,- дейді фан-клуб төрайымы Джилл Бичем.
«Құлағымдағы сырға мен мойнымдағы алқаны Алматыға Димаштың концертіне барғанда сатып алдым. Тереза құрбым екеуміз көлге бардық, шатқалдарды да көрдік. Өте тамаша уақыт өткіздік»,- дейді фан-клуб мүшесі Луанна Кипинг.
Ұлы Абай тіліне деген қызығушылығын ағылшындар ғана емес, уэльс, португал, пәкістан, еврейлер де танытуда. Ұстазы - он жасар қазақ қызы Кәусар Ғалымжанқызы.
Ол - бастауыш мектептің оқушысы. Ата-анасымен Лондонда уақытша тұрып жатыр.
Қос тілге жетік бүлдіршін бұған дейін қазақстандық «Балапан» телеарнасында балаларға ағылшынша үйретіп, тәжірибе жинақтаған.
Енді, міне, ұлттық киім киіп, британиялықтарға қазақ тілінің ғажаптығын танытуда.
«Мен қазақша сәлемдесіп, жағдай сұрай аламын. Өзімді таныстыра аламын», - дейді тіл үйренуші Кристина Брэйн.
«Қазақстанның мәдениетіне, тіліне тәнтімін. Халқы да керемет. Біз осы фан-клубқа мүше болғанымызға қуанамыз. Димаш барлығымызды үлкен шаңырақ астында біріктірді. Біз ұйыған бір отбасындаймыз»,- дейді оның құрбысы Тереза Невес.
Бұл күні Халықаралық фан-клуб мүшелері қайырымдылық шарасын да өткізді.
Қазақстандағы «SOS балалар ауылы» үкіметтік емес қоғамдық ұйымына қаражат жинап берді.
Ол ақшаға жетім немесе ата-анасының қарауынсыз және қамқорлығынсыз қалған балалар музыкалық аспаптар сатып ала алады. Қазақтың дәстүрлі домбырасында ойнап үйренуге мүмкіндік алады.
«Біз әзірге 1 млн теңге жинадық. Науқан әлі де жалғасып жатыр. Бұл сома еселене түседі деп сенеміз. Болашаққа құрған бірқатар жоспарларымыз бар. Алдағы уақытта «SOS балалар ауылының» тәрбиеленушілеріне онлайн платформа арқылы ағылшын тілін үйреткіміз келеді. Сондай-ақ сол ауылға барып, оқытатын мұғалімдерге ақша төлеу де ойымызда бар»,- дейді фан-клуб төрайымы Джилл Бичем.
Халықаралық ана тілі күні қарсаңында өткен кеште түрлі ұлт өкілдері өз тілдерінде өлеңдер оқыды.
Димаштың шығармашылығына қатысты танымдық сұрақтарға жауап берді.
Естелік сыйлықтарға ие болды. Өнер жұлдызының репертуарындағы қазақша әндерді орындады.
Димаш Құдайбергеннің бес жылға жуық уақыт бұрын Лондонда концерт бергені белгілі. Жанкүйерлері сүйікті әншісін Ұлыбританияға тағы шақырды.