Кейінгі жылдары қоғамда баламен үйде отыратын аналар ғана емес, декреттік демалысқа шығатын әкелер де көбейіп келеді. Тіпті танымал ер-азаматтардың өзі отбасын бірінші орынға қойып, уақытша мансабын шегеруге дайын екенін көрсетіп жүр. Аqshamnews.kz тілшісі әкелер күніне орай декретке шыққан танымал әкелерді тізді.
Кәсіпкер Тұрсын Алагөзов қыздары үшін декретті таңдады
Алагөзовтар отбасы үшін былтыр қуанышқа толы жыл болды. Тамызда қатарынан екі мәрте ата-ана атанған олар бала күтіміне ерекше мән берген. Алма және Алина есімді қыздардың әкесі - Тұрсын Алагөзов қыздары үшін декреттік демалысқа шыққан. Тіпті басында үйден шықпай, қыздарының жағдайына қатты қараған. Бұл туралы кәсіпкердің жары Баян Мақсатқызы сұхбаттарының бірінде айтқан еді.
“Бала туып, үйде отыратын әйелдерді түсінбеймін. Олар үнемі шаршап жүреді. Бала мен күйеудің жағдайы немесе үйдің тірлігінен қолдары босамайды. Менің балаларым ешқашанда мазамды алған емес. Түнімен ұйықтамай, болмаса жылап, мазалаған емес. Екі қызымды туғанда да декретте отырған емеспін. Қазір Тұрсен декрет демалысында отыр. Ол тіпті үйден шықпайды. Алғашқы 15 күн мүлдем үйден шықпай қойды. Ал мен екінші күні киноға түсіп кеттім. Менің амалым болмады. Ол үнемі қорған болғысы келеді. Барлық әкелік қасиеттерін көрсетіп жатыр. Біресе әңгіме айтады, біресе әзілдеп қояды. "Олар менің әкесі екенімді білуі керек, иісімді, дауысымды тануы керек" деген уайыммен жүреді", – деп ағынан жарылды продюсер.
сурет: inst/bayanmaxatkyzy
"Балам үшін жұмыстан бас тарттым" - Alem
Ninety One тобының солисі Alem де әке атанып, декреттік демалысқа шыққан жұлдыздардың қатарында. Ол бұл шешімге қалай келгенін сұхбаттарының бірінде айтқан еді.
"Мен қазір жұмыс істеп жүрген жоқпын. Балам үшін жұмыстан бас тартып, декретті таңдадым. Бала бағу оңай нәрсе емес. Әлемдегі ең қиын жұмыстардың бірі. Психоэмоционалдық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да көп энергияны қажет етеді. Мен студияға барып, жұмысымды жалғастырып, үйге кеш келіп, бала тәрбиесіне араласпай жүрсем де болар еді. Бірақ бұл бір әйел адам үшін өте ауыр нәрсе", - деді Alem.
сурет: inst/xcialem
"6 айға декретке шықтым" - Zaq
Былтыр әйгілі Ninety One тобының тағы бір мембері Zaq лақапатымен белгілі Дулат Мұхаметқали де әке атанды. Айрин есімді қыздың әкесі де отбасы үшін декреттік демалысты таңдаған. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен болатын.
"Мен 6 айға декретке шығып, отбасыммен бірге болуды таңдадым. Үйде отырған кезде әлеуметтік желілер мен жаңалықтарды жиі қарай бастадым. Әлемнен қалып қоймайын деп ойладым. Бірақ желіде тек негатив, жанжалдар мен мақтаншақтық көбейіп кеткенін байқадым. Бұл мені уайымға салып, түрлі қорқыныштар туғыза бастады. Күндіз қызыммен бірге ойнап, күліп жүрсем де, түнде әйелім мен қызым ұйықтап жатқанда, мен лентаны шексіз атқара беретінмін. Сол кезде ішімде күйзеліс жинала берді. Бұрын мен бұны демалыс деп ойлайтынмын, ал шын мәнінде, өзімді одан сайын шаршаттым. Қазір түсіндім, демалыс таза, жанға жайлы болуы керек және мүмкіндігінше телефонсыз болғаны жақсы”, – деді әнші.
сурет: inst/zaqcount
Еске салайық, 2025 жылдың алғашқы 4 айында елімізде 863 әке ресми түрде декреттік жәрдемақы алған. Былтыр - 477, ал 2023 жылы 583 әке бала күтіміне байланысты әлеуметтік демалысқа шыққан.