2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы тарихында алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Алайда дауыс беру күні әрдайым азаматтардың жоспарымен сәйкес келе бермейді: біреу іссапарда болады, енді бірі демалысқа шығады немесе басқа елді мекенде уақытша болады. Осындай жағдайлар үшін заңнамада дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін алу мүмкіндігі қарастырылған.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 41-бабының 6-1-тармағына сәйкес, сайлаушылар тізімі танысу үшін ұсынылған күн мен сайлау күні аралығында сайлаушының болатын жері өзгерген жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушының өтініші және жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі негізінде оған дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін береді. Бұл ретте сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қойылады.
Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық кезеңінде есептен шығару куәліктерін беру 2026 жылғы 7 тамызда, яғни дауыс беру күніне он бес күн қалғанда басталады.
Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру күнінің алдындағы күні, яғни 2026 жылғы 22 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де тоқтатылады. Осы уақыттан кейін есептен шығару куәлігін рәсімдеу мүмкін болмайды.
Есептен шығару куәлігін сайлаушы өзі немесе сенімхат арқылы әрекет ететін өкілі ала алады. Бұл ретте сенімхатты нотариалды куәландыру талап етілмейді.
Есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда ол қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейтінін ескерген жөн. Сондықтан құжатты алғаннан кейін оны дауыс беру күніне дейін мұқият сақтау қажет.
Сонымен қатар Конституциялық заңның 41-бабының 6-1-тармағына сәйкес, бір елді мекен шегіндегі басқа сайлау округінде немесе басқа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келетін сайлаушыларға есептен шығару куәлігі берілмейді.
Дауыс беру күні сайлаушы өзі болатын жердегі сайлау учаскесіне есептен шығару куәлігін және жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады. Есептен шығару куәлігі негізінде учаскелік сайлау комиссиясы азаматты осы учаскенің сайлаушылар тізіміне енгізіп, есептен шығару куәлігінің орнына оған дауыс беруге арналған сайлау бюллетенін береді.
Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 23 тамызда тіркелген жерінен тыс жерде болатынын алдын ала білетін азаматтарға есептен шығару куәлігін алу үшін учаскелік сайлау комиссиясына уақытылы жүгінуді ұсынады. Бұл олардың қай жерде болғанына қарамастан, сайлауға қатысу жөніндегі конституциялық құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік береді.