Өнер – халықтар арасындағы ең көне әрі ең сенімді көпір. Ол тіл, шекара мен уақыт кедергісін білмей, адам жүрегіне тура жол табады. Әр кенептің астарында тұтас бір дәуірдің тынысы, суретшінің ой-толғамы мен заман шындығы жатады. Сондықтан әлемдік деңгейдегі музей жинақтарымен танысу мүмкіндігі кез келген ел үшін үлкен мәдени оқиға саналады.
Биылғы күз Алматының мәдени өмірі үшін ерекше болып тұр. Қаланың өнерсүйер қауымы мен қонақтары әлемге әйгілі Третьяков галереясының қорынан жеткізілген туындыларды өз көзімен тамашалау мүмкіндігіне ие. Бұл көрме жай ғана суреттер жиынтығы емес. Ол – ХХ ғасырдың күрделі де қайшылықты тарихын өнер тілімен баяндайтын ерекше кеңістік.
Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Дәуір мұрасы. Третьяков галереясы жинағынан ХХ ғасыр өнері» атты халықаралық көрме өтіп жатыр. Ол 17 қаңтарға дейін жалғасады.
Экспозиция 1917 жылдан 1970-жылдарға дейінгі орыс өнерінің кең панорамасын ұсынады. Олардың арасында Аркадий Рыловтың «Көгілдір кеңістікте», Борис Кустодиевтің «Большевик» туындылары, Кузьма Петров-Водкиннің «Комиссардың өлімі» картинасының эскизі, сондай-ақ Александр Дейнека, Петр Кончаловский, Илья Машков және басқа да шеберлердің шығармалары бар.
Көрме екі елдің мәдени күнтізбесіндегі елеулі оқиғаға айналып, өнер сүйер қауымды бей-жай қалдырмасы анық. Өйткені бізді тарих, мәдениет және әлемнің сұлулығын көріп, оны бейнелеуге деген ұмтылыс біріктіреді.
2025 жылы Мәскеуде қазақстандық өнер шедеврлерінің көрмесі табысты өткеннен кейін Ресей мен Қазақстанның ең ірі екі көркемөнер орталығы арасындағы ынтымақтастық жалғасын тауып отыр.
Третьяков галереясының көрмесі Алматыда 33 жылда алғаш рет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның қолдауымен ашылды. Көрменің ашылу салтанатына қор басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыпов, «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бас директорының бірінші орынбасары Кирилл Комаров, шығармашылық зиялы қауым мен мәдениет саласының өкілдері қатысты.
«Қазақстандық аудиторияның әлемдік өнермен танысу мүмкіндігін кеңейтетін және елдің мәдени ортасының дамуына ықпал ететін осындай ауқымды жобаларға қатысу біз үшін маңызды», — деді Нұрлан Жақыпов.
Суретшілердің туындылары өнердің дәуірмен бірге қалай өзгергенін көрсетеді: кеңес өнерінің қалыптасуы мен соғыс жылдарынан бастап жаңа көркемдік тіл іздеуге дейінгі жолды аңғартады.
«Росатом» үшін Қазақстанмен серіктестік – ұзақ мерзімді бірлескен жұмыс. Атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты дамыта отырып, екі ел арасындағы мәдени байланыстарды да қолдауды маңызды деп санаймыз. «Дәуір мұрасы» көрмесін қолдау — осы бағыттағы қадамдардың бірі. Бұл жоба музейлер арасындағы әрі қарайғы ынтымақтастыққа және көрермендерді елдеріміздің өнерімен таныстыратын жаңа көрмелерге негіз болады деп үміттенеміз», — деді К.Комаров.
Көрме туралы Третьяков галереясы директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Татьяна Юденкова толығырақ айтып берді.
Жеке бөлім 1960-жылдардың өнеріне арналған. Оған Виктор Попков, Дмитрий Жилинский, Евсей Моисеенко, Петр Оссовский және осы кезеңнің басқа да суретшілерінің жұмыстары енген.
Музей директоры Ғалайым Жұмабекованың айтуынша, бұл 2026 жылғы ең ірі халықаралық көрме болмақ. Третьяков галереясы жинағындағы шедеврлерді өз көзімен көрудің бірегей мүмкіндігі оңтүстік астана тұрғындары мен қонақтарына үш ай бойы қолжетімді болады.
«Дәуір мұрасы» көрмесі өткен ғасырдың рухын сезінуге, сол заманның адамдары нені армандап, неден қауіптеніп, неге сенгенін түсінуге мүмкіндік береді. Әр картина – уақыттың куәсі. Олар бүгінгі көрерменді өткенмен сұхбаттасуға шақырады.
Мұндай жобалардың маңызы тек көркемдік құндылықпен шектелмейді. Олар музейлер арасындағы кәсіби тәжірибе алмасуға, жас суретшілер мен өнертанушылардың ой-өрісін кеңейтуге, ең бастысы, көрермендердің мәдени сауатын арттыруға жол ашады. Мектеп оқушылары мен студенттер үшін бұл – оқулықтағы суреттерді түпнұсқа күйінде көріп, өнер тарихын жанды түрде танудың сирек мүмкіндігі.
Көрме қаңтардың ортасына дейін жалғасатындықтан, оны асықпай тамашалауға уақыт жеткілікті. Демалыс күндері отбасыңызбен, достарыңызбен Қастеев музейіне соғып, ХХ ғасыр өнерінің тынысын сезіне аласыз. Мүмкін, дәл осы сапар біреуге жаңа шабыт сыйлап, өнер әлеміне алғашқы қадам жасауға түрткі болар.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ