Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына қарасты Консультациялық-диагностикалық орталығының жоғары санатты кардиолог дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Ботагөз Жұмабекқызы Қыстауованың 30 жылдық еңбек жолында еңбек кітапшасында тек екі ғана жазба бар: Алматы қаласының №2 қалалық емханасы және Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты.
1991 жылы орта мектепті күміс медальмен тәмамдап, сол жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түсті (қазіргі С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті). Жоғары оқу орнын аяқтаған соң, 1997 жылы еңбек жолын Алматы қаласының №2 қалалық емханасында терапевт дәрігер болып бастап, онда 6 жыл жұмыс істеді.
2003 жылы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына оқуға түсті. Оқуын аяқтағаннан кейін осы мекемеде қызметін жалғастыру туралы ұсыныс алып, содан бері, яғни 23 жыл бойы осы институтта еңбек етіп келеді.
«Мен кішкентай кезімде ауырып қалып, анам мені емханадағы педиатрға ертіп барған еді. Аппақ халат киген әйел-дәрігер балаларды қабылдап, күлімсіреп, бізбен жылы сөйлесетін. Кабинет іші жарық, таза әрі жайлы болатын. Маған бәрі қатты ұнады, сол сәттен бастап дәрігер болуды армандадым», – дейді дәрігер.
Иә, ол өмірін жауапкершілікті, жанашырлықты, ұқыптылықты, мейірімділікті және адамдарға көмектесуге деген шынайы ниетті талап ететін мамандықпен байланыстырды.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының Консультациялық-диагностикалық орталығына күн сайын көптеген пациенттер келеді. 2025 жылы Орталыққа 14 791 пациент қаралған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 700 адамға артық. Қаралу санының артуы КТ, МРТ, функционалдық диагностикалық аппараттар сияқты қызметтердің қолжетімділігінің кеңеюімен, сондай-ақ жоғары технологиялық және мамандандырылған медициналық көмектің толық спектрінің көрсетілуімен байланысты. Жыл бойы Орталыққа еліміздің барлық дерлік өңірлерінен тұрғындар жүгінген, жақын және алыс шетел елдерінің азаматтары да бар.
«Адам өмірінен асқан қымбат құндылық жоқ. Қиындықтарға қарамастан, пациенттердің өмірін ұзартып, ауруды жеңілдетуге мүмкіндік беретін мамандығымды жақсы көремін. Көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұйымшыл, ауызбіршілігі жарасқан ұжымымыз да маған ерекше қымбат. Адамдарға толыққанды өмір сүруге көмектесу, өз күшіне деген сенім мен сауығуға үміт сыйлау – мен үшін үлкен бақыт. Ал алғысқа толы жылы сөздер – біз үшін ең үлкен марапат», – дейді Ботагөз Жұмабекқызы.