Бүгін, 15 маусымда ШҚО әкімі Даниял Ахметовтің өкілеттігі аяқталады.
Облыстық мәслихаттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ертең депутаттардың жиналысы болады. Онда жаңа әкімді тағайындауға келісім беру рәсімі өтеді.
Шығыс Қазақстан облысы еліміз үшін стратегиялық маңызды аймақ. Солтүстігі Ресей, шығысы Қытай мемлекеттерімен шекаралас. Сондықтан өңірге елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайынан хабары бар, шаруашылық және дипломатиялық қабілеті күшті басшы керек.
Аймақта қордаланған түйткілдер көп. Былтыр Риддердегі ЖЭС-да болған апат аймақтың энергетика саласы ақсап тұрғанын көрсетті. Одан бөлек экологиялық апат, жолдардың жағдайы сияқты мәселелер де бар. Әсіресе, Абай облысында болған өрттің бүкіл өңір экологиясына қалай әсер ететіні туралы ешкім дөп басып айта алмайды. Осы және өзге де түйткілдердің әлі күнге дейін шешімін таппағанын ескерсек, қазіргі облыс әкімі Даниял Ахметовтың өз орнын сақтап қалуы екіталай.
Облысты 9 жыл басқарған Даниял Ахметовтың қазіргі жағдайы ауыр. Саяси салмағы төмендеген. Әкімдердің жұмысын зерттейтін «СТРАТЕГИЯ» әлеуметтік-саяси зерттеу қорының соңғы рейтингінде Даниял Ахметов әкімдер арасында екі жыл қатарынан көш соңында қалып қойды.
Бірақ әзірге аймаққа кім басшы болатыны туралы ресми ақпарат жоқ. Біздің болжамымыз бойынша, Ермек Көшербаев, Дархан Қалетаев немесе Алтай Күлгінов аймақ тізгінін ұстауы мүмкін.
Алтай Күлгіновті бұл тізімнен алып тастауға да болады. Себебі ол вице-премьерлік қызметтен қоғамда болған дау тұсында кетті. Сарапшылар оның қызметтен кетуін Астанада орын алған су тапшылығымен байланыстырады. Мамандардың пікірі бойынша су тапшылығын ол Астанада әкім болған кезде шеше алмаған. Ал оның су мәселесі өршіп тұрған аймаққа әкім болуы отқа май құйғанмен бірдей.
Келесі үміткер Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев. Дархан мырзаның осы аймақтың тізгінін ұстауы мүмкін деген сыбыс былтыр да болды. Бірақ қазір Қазақстан үшін Украина бағытында атқаратын жұмыс жеткілікті. Сондықтан бұл үміткер де басшылыққа келмейді деп болжап отырмыз.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Мемлекет басшысы депутаттарға екі үміткерді ұсынады. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық кадрлық тағайындауларын сараптайтын болсақ, дипломатиялық қызметте тәжірибесі бар азаматтарға сенім артқанын көреміз. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, аймаққа Ермек Көшербаев әкім болуы мүмкін.
Себебі ол 1988 жылдан бері Сыртқы істер министрлігі құрылымында жұмыс істеп келеді. Аймақта жұмыс істеу тәжірибесі де бар. 2010-2014 жылдары ШҚО әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Онда ол индустриаландыру мәселелерімен айналысты. Сондықтан энергетика, ірі өнеркәсіп тақырыптарымен таныс.
Сонымен қатар, 2022 жылы облыста ресейлік капиталы бар компаниялар саны 17%-ға өсті. Бұл әлемдегі геосаяси жағдай нашарлаған уақытта маңызды мәселеге айналып отыр. Сондықтан жаңа басшыға осы бағытта да жұмыс істеуіне тура келеді.