Ежелден тату көрші әрі мәңгілік стратегиялық серіктес Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық пен байланыс жыл сайын артып келеді. Осы орайда Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығында маңызды өңірлердің бірі екенін айта кету керек. Күзде аталған өңірдің құрылғанына 70 жыл толмақ. Осы аралықта Қытайдың солтүстік-батыс аймағы экономикалық және әлеуметтік жағынан өзіндік дамуымен ерекшеленді.
Шекаралас елдің тыныс-тіршілігімен танысу үшін Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы қазақстандық журналистер үшін пресс-тур ұйымдастырды.
Сапар аясында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, Боро-Тала-Моңғол автономиялық округі және Чанцзи-Хуэй автономиялық округі сияқты өңірлердің даму барысымен танысуға мүмкіндік жасалды.
Сурет: Ақорда
Соңғы жылдары Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы жаңа деңгейге шығып, сауда, экономика және мәдениет сынды салалардағы байланыстар айтарлықтай жанданды. Мәселен, осы қыркүйек айының басында ҚХР-дың астанасы Бейжің қаласында өткен қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысында Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықтың маңыздылығын айрықша атап өткен болатын.
Мемлекет басшысы өз сөзінде «Біздің елдеріміздің арасында әрдайым терең сенім бар, қарым-қатынасымыз қарқынды және тиімді түрде дамуда. Байланыстарымызжылдан жылға нығайып келеді. Соның арқасындаелдеріміз берік әрі серпінді іскерлік қатынастардыңіргетасын қалады. Қытай – жаһандық көшбасшымемлекет, Қазақстанның түрлі бағыттағы, соныңішінде сауда саласындағы басты серіктесі. Бұл – Төраға Си Цзиньпиннің арқасы.
Былтыр біздің елдеріміз арасындағы сауда айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Бірақ бізмұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Сондықтан қытайлық достарымызбен осы қарқынды одан әрі арттырып, алдағы бес жылда өзара сауда көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған әлеуетіміз жетеді. Мемлекет басшылары деңгейінде өзара саяси ерік-жігер мен ортақ ұмтылыс бар», – деген болатын.
Қазақстанмен шекаралас жатқан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы ежелден «Жібек жолы» бойында маңызды рөл атқарып келді. Қазір «Бір белдеу, бір жол» бастамасының негізгі бөлігіне айналды. Құрлық порттары мен заманауи көлік инфрақұрылымы арқылы бұл өңір Қытайдан Қазақстан арқылы да Еуропаға жүк тасымалын айтарлықтай жеңілдетіп, Азия мен Еуропаны жалғайтын маңызды дәлізге айналды. Сондықтан Шыңжаң арқылы өтетін транзиттік жүк көлемі де жыл сайын артып келеді. Қазақстанмен шектесетін бұл аймақ халықаралық сауда мен логистиканың озық үлгісін көрсетуде. БАҚ өкілдері алдымен сапарын ежелгі мәдениеттер ошағы болған Үрімшіқаласынан бастады. Мұндағы 134,6 шаршы шақырымды алып жатқан еркін сауда аймағы осы үрдіске қосымша серпін беріп отыр.
Ол ірі сауда хабы және жергілікті өндіріс пен логистиканы арттыруға арналған өндірістік-құрылыс кешені бар бекітілген аймақтан тұрады. Мұнда қазір биомедицина, жеңіл өнеркәсіп, IT, озық материалдар өндірісі, қызмет көрсету саласы қарқынды дамып келеді. Бұл аймақ көптеген елдермен, соның ішінде Қазақстанмен сауда-экономикалық қатынастарды дамытудың тиімді катализаторына айналды.
2018 жылы Орталық Азия және басқа елдермен экономикалық алмасу мен ынтымақтастықтың негізгі алаңы ретінде ашылған кедендік аймақ қазірдің өзінде жемісін беруде. Бұл жерден атақты өндірушілердің спирті мен алкогольсіз сусындар, тәттілер, шайлар, кофе, косметика, кәдесыйлар, киім-кешек, ыдыс-аяқ, тұрмыстық техника және басқа да тауарларды сатып алуға болады. Жергілікті тұрғындар мұнда сауда жасауға жиі келеді, бірақ сауданың көп бөлігі онлайн сатылады.
Үрімжі бүгінде цифрлық серпіліске мән беріп, ақылды қалаға айналуға ден қойған. 4 миллион халық тұратын қаланы басқару орталығының негізгі мақсаты да сол екен. 300-ден астам жүйе біріктірілген, шаһардың жұмысын үйлестіретін аталған орталық 150 000-нан астам бақылау камерасына арқа сүйейді. Олар арқылы жиналған ақпараттар легі нақты уақытта сарапталып, білім беру, денсаулық сақтау, газ және су жүйелері мен көлік, коммуналдық, төтенше жағдайлар қызметтерімен байланыстырылады. Қала тұрғындары мобильді қосымша арқылы бір минут ішінде өтініштерін қалдыра алады. Бұл мегаполис тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін жасалған маңызды қадам.
GAC Motor компаниясының Үрімжідегі бөлімшесінің жұмысы да жанданған. 2016 жылы ашылған автоқұрастыру зауыты өндірісі толықтай дерлік автоматтандырылған. Роботтар мен жасанды интеллект сапаны қалт етпей жоғары деңгейдебақылап отырады. GAC Motor 2023 жылы 2,53 миллион көлік сатқан. Автоөнеркәсіп 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті жылына 4,75 миллионға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Шыңжаңдағы филиал биылдың өзінде 25 мың көлік құрастырып, 2,9 миллиард юань табыс тауыпты. Компания шетелде де зауыттар ашып, халықаралық нарықтағы қатысуын кеңейтуді көздеп отыр екен.
Үрімжідегі ауыл шаруашылығын жоғары технологиямен кіріктіріп, жеміс-жидек кластері мен экспорттық әлеуетті дамытуды көздеп отырған кәсіпорын шарушылығы да журналистерді қызықтырды.
Amina брендімен сусындар өндіретін жоғары технологиялық компанияның қаражидек, анар, қауын, алма және жүзімнен жасалатын шырындар тек Қытай нарығында ғана емес, Өзбекстанға да экспорттала бастаған. Компания алдағы уақытты өнімдерін Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне де экспорттау жолын қарастыруда екен.
БАҚ өкілдері үшін тарихи терең Үрімжі халықаралық үлкен базарын аралап көру де үлкен қызығушлыққа ие болды. Ежелгі Жібек жолының сауда мәдениетін қазіргі заманмен ұштастырған көрнекті орында ине шаншар жер жоқ, ығы-жығы халық.
Ұйғыр архитектурасы, шығыс әуендері, түрлі елдердің тауарлары мен ұлттық тағамдар туристерді баурап алады. Бұл тек сауда орны емес, ежелгі мәдениеттің жалғасы деуге болады.
Сондай-ақ БАҚ өкілдері Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы мұражайына барып, жергілікті аймақтың бай тарихымен, Жібек жолына қатысты да мол деректер мен тарихи жәдігерлермен танысып, көрді.
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы– Қытайдағы мақта өндірісінің негізгі аймақтарының бірі деуге болады. Журналистер Лаолунхэ ауданындағы мақта өңдеу кешенінде болып, роботтандырылған егін жинау және жоғары технологиялық сұрыптау жүйесімен де танысты.
Сонымен қатар, жергілікті мақтадан халықаралық стандарттарға сай жіп пен мата өндіретін Синьцзян Цзиньсиню тоқыма компаниясының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын Шыңжаң экономикасының әртараптануына және жаңа жұмыс орындарының пайда болуына ықпал етуде.
Боро-Тала моңғол автономиялық округіне барған журналистер Боле экономикалық даму мен трансшекаралық инвестициялық орталығының жұмысын көрді. Мұндағы «Боле Парк» инвестициялық орталығы логистика, ауыл шаруашылығы, өңдеу және туризм салаларында шетелдік және ішкі инвесторларға кең мүмкіндіктер ұсынуда. Қазақстаннан да қызықтап барып, ынтымақтастық орнатуға мүдделілер бар көрінеді.
Боледегі он мың гектар аумақта алып жатқан алма бақты экологиялық саябағы — табиғатты қалпына келтіру, туризм мен ауыл шаруашылығын біріктіретін ерекше жоба. Саябақ шөлейттенуге қарсы күресіп, аумақтың микроклиматын жақсартуда.
Сапар барысында журналистер сондай-ақ, Жанбұлақ (Цзянбұлақ) табиғи аймағы, Сайрам көліне барып, ерекше әсер алды. Аталған көрікті мекендер бүгінде ең көп туристер баратын көрікті мекенге айналған.
Ондағы таулы аймақтар мен шипалы бұлақтар – туризмнің қарқынды дамып келе жатқан бағыттарына айналып отыр. Былтырғы жылы өңірге 300 миллионға жуық турист келсе, бұл көрсеткіш биыл 320 миллионға жетеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, БАҚ өкілдері күн көзінен энергия алып, оны пайдаланудың жолдарын көрді. Жасанды интеллект арқылы табиғи экологиялық таза энергияның болашағы қарқындай берері анық.
Жалпы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының тыныс-тыршілігмен танысу барысында өңірдің бүгінде экономикалық өрлеу мен әлеуметтікдамудың жолында екенін көруге болады. Инфрақұрылымдық даму, халықаралық сауда, заманауи технологияларды енгізу мен экотуризмді дамыту арқылы бұл аймақ Қытайдың ең серпінді өңірлерінің біріне айналуға бет бұрған. Қазақстанмен шекаралас орналасуы алдағы жылдары екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге жол ашып, сауда, инвестиция және мәдени байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берері сөзсіз.