2025 жылдан бастап Алматыда «Damubala» бағдарламасының механизміне кейбір өзгерістер енгізілді.
Оферта шартының мерзімі өзгерді, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Енді жеткізушілермен келісімшарттар жыл сайын жасалады. 2025 жылдың 15-21 қаңтары аралығында ҚР «Мәдениет туралы» және «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңдарына сәйкес мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс қызметтерін көрсетуші жеткізушілерді қабылдау жүргізілді. 22 қаңтар мен 4 ақпан аралығында қолданыстағы және жаңа жеткізушілердің өтінімдері қарастырылып, мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру қағидаларына сәйкес бағаланды.
Сонымен қатар, оферта шартына сәйкес, келісімшарттар жыл сайын қайта жасалады. Бұл өзгеріс ваучерлерді әділ бөлуге, үдерістің ашықтығын арттыруға және жеткізушілердің жауапкершілігін күшейтуге бағытталған. Бұрын оферта шарттарында мерзім белгіленбейтін. Аудан әкімдіктері жеткізушілермен кездесулер өткізіп, енгізілген өзгерістер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Балалар сабақтарын жалғастырады
2025 жылдың басынан бері Алматыда оферта жаңарту үдерісі жүріп жатыр. Дегенмен, барлық жеткізушілер 2025 жылдың 1-21 қаңтар аралығында көрсеткен қызметтері үшін ақы алады.
Бағдарламаға қатысатын балалар сабақтарын жалғастыра береді
Алматы мәслихаты 2025 жылға арналған шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларды қаржыландыруға 15,1 млрд теңге бөлді.
Міндетіне салғырт қараған жеткізушілер тізімнен шығарылады
Алматы қаласының Қоғамдық кеңесімен бірлесіп, қызмет көрсетушілердің жұмысына мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, міндетіне салғырт қараған жеткізушілер туралы барлық мәлімет құқық қорғау органдарына жіберілді.
Осылайша, бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңі ретінде қазіргі жеткізушілермен қайта келісім жасау және жаңа өтінімдерді қарастыру шаралары қолға алынды. Әрбір жеткізуші өз инфрақұрылымының үйірме немесе секция түріне қойылатын талаптарға сәйкестігін растауға тиіс.
Сабақтарға қатысуды бақылау енгізіледі
Ваучерлер жеткізушінің баланың заңды өкілімен келісімшартқа отырғанына қарай 2025 жылдың соңына дейін беріледі. Одан кейін балалардың сабаққа қатысуын нақтылау үшін арнайы жүйеге қосылу қажет. Сондай-ақ, ваучерлер ай сайынғы лимит негізінде, белгілі бір санына қарай үлестіріледі. Былтыр Алматыда балалардың сабақтарға нақты қатысуын растау үшін биометриялық сәйкестендіру (Face ID) жүйесі енгізілген болатын. Осыған байланысты, 2025 жылы жеткізушілермен келісімшарт жасау кезінде балалардың 100% Face ID жүйесіне қосылуы міндетті шарт болмақ. Қала әкімдігі тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне, яғни Алматы аудандарының әкімдіктері басқаратын бағдарламаның операторларына сенуге шақырды.