Қазақстанның басым бөлігінде 18 ақпанда ауа райы құбылмалы болады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» синоптиктерінің дерегіне сүйенсек, бүгін ел аумағына солтүстік-батыс циклоны мен оған ілескен атмосфералық фронттар ықпал етеді. Соның әсерінен бірқатар өңірлерде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түсіп, боран соғуы және көктайғақ болуы мүмкін.
Мамандар әсіресе жол қозғалысына қатысушыларды барынша сақ болуға шақырады. Ауа райының күрт өзгеруі көріну қашықтығын азайтып, жолдағы жағдайды қиындатуы ықтимал.
Ал оңтүстік-батыс және оңтүстік аймақтарда антициклон әсері сақталып, жауын-шашынсыз әрі біршама тұрақты күн райы күтіледі.
Сондай-ақ республика бойынша кей жерлерде тұман түсіп, желдің күшеюі болжанып отыр. Синоптиктер тұрғындарға ауа райы болжамын ескеріп, алыс сапарға шыққанда қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.