Биыл Мәжілістің үшінші сессиясында 90 заң қабылданып, ел өмірінің түрлі саласына қатысты маңызды өзгерістер енгізілді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұл сессияны "әлеуметтік әділеттілік пен заң үстемдігін нығайтқан жыл" деп бағалады. Биылғы сессияда қабылданған негізгі заңдар мен шешімдер қандай болды? Аqshamnews.kz тілшісінің материалымен еске түсіріп өтейік.
7 әлеуметтік заң: медицина мен бала құқығы алдыңғы қатарда
Мәжіліс азаматтардың әлеуметтік жағдайына ерекше мән беріп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қайта қарады. Енді сақтандырылмаған азаматтар да алғашқы жүгінген кезінде тегін көмек ала алады. Сонымен қатар:
-
Онкологиялық скринингтер – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді;
-
Есту қабілеті төмен балалар – жергілікті бюджет есебінен есту аппаратымен қамтамасыз етіледі.
Балалардың құқығын қорғау бойынша:
-
Кәсіби отбасы институты енгізіліп, балалар үйіне жіберудің орнына арнайы отбасылар қамқоршы болады;
-
«Келешек» жинақ жүйесі енгізіліп, балаларға білімге арналған қаржылық қолдау артады;
-
Халықаралық олимпиада жеңімпаздары – "Болашақ" бағдарламасы арқылы грантты автоматты түрде ала алады.
Қауіпсіздік пен әділет: жаңа қылмыстық нормалар мен рақымшылық
Қылмыстық заңнамалар да жаңарып, қоғамдағы өзекті мәселелерге тікелей жауап беретін бірқатар заңдар қабылданды:
-
Интернет-алаяқтарға ("дропперлерге") жаза күшейтілді;
-
Некеге мәжбүрлеу – енді қылмыс саналады;
-
Бет-әлпетті бүркемелейтін киімге тыйым салынды;
-
Есірткімен алғаш ұсталған жастарға рақымшылық қарастырылып, 3000-нан астам іс қайта қаралып жатыр.
Сонымен қатар, Рақымшылық туралы заң қабылданып, 15 мың адамның жаза мерзімі қысқарып, 2 мыңға жуығы бостандыққа шығатын болды.
Экономикада – 4 негізгі құжат: салық, бюджет, қор, дербестік
Мәжіліс жаңа Бюджет кодексін қабылдап, бюджет рәсімдерін екі есе қысқартты. Бұл қаржының жұмсалуын тиімді әрі ашық етпек. Ең көп талқылау тудырған – жаңа Салық кодексі:
"Біз салық ауыртпалығын арттыру арқылы бюджет кірісін көбейтуге жол бермедік", – деді Қошанов.
Салық жүйесі енді халық пен бизнес үшін түсінікті, әділ әрі тұрақты болмақ.
461 сауал, 2 000 қабылданған азамат
Сондай-ақ, Мәжіліс биыл Су кодексін қабылдап, халықты суға ұқыпты қарауға және үнемдеуге баулитын жаңа тәртіп орнатты.
-
Су кодексі – халықты суға ұқыпты қарауға баулитын алғашқы заң;
-
36 халықаралық шарт пен келісім ратификацияланды;
-
АЭС бойынша референдумға дайындық кезеңінде Мәжіліс белсенді рөл атқарды;
-
Ұлттық қор активтерін басқару стратегиясы жаңартылды.
Сонымен қатар, Мәжіліс қоғаммен байланысты күшейту мақсатында 461 депутаттық сауал жолдап, 2 мыңнан астам азаматты жеке қабылдады. Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебі екі рет тыңдалып, ауыл шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласындағы түйткілдер талқыланды.