Республика бойынша барлық өңірлерде сырқаттанушылықтың өсуі байқалады.
Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі екенін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Министр елімізде КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі екенін, бірқатар өңірлердегі ковидтік стационарларда орын толық екенін, бұл денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктемесіне алып келетінін мәлімдеді.
Алдыңғы екі аптамен салыстырғанда, соңғы екі аптада республика бойынша барлық өңірлерде сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Сырқаттанушылықтың өсуі 1,9 есені құрап отыр. Маусым айымен салыстырғанда, орташа тәуліктік сырқаттанушылық 5,2 есе өсті. 1 шілдемен салыстырғанда, елімізде инфекциялық және реанимациялық төсек-орынмен қамту 3 есе үдемелі түрде өскені байқалады, осыған байланысты елімізде төсек қоры 1,4 есе ұлғайтылды. Ағымдағы жылғы 28 шілдедегі жағдай бойынша, республика бойынша инфекциялық төсек-орындармен қамту 53%-ды, реанимациялық төсек-орындармен қамту 43%-ды құрайды. Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда облыстарында инфекциялық және реанимациялық төсек-орнымен қамтудың жоғары қарқыны байқалады.
«Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесі өткен жылмен салыстырғанда екі есе жүктемемен жұмыс істеуде. Өткен жылы сырқаттанушылық тәулігіне 2 мың адамға дейінгіні құраған болса, ағымдағы жылдың шілде айында сырқаттанушылықтың өсуі 3 еседен астамды құрап отыр. Емделіп жатқан пациенттердің саны да 2 есеге артты», - деді Алексей Цой.
Бүгінгі күні еліміз бойынша 90 мыңға жуық адам науқас, оның 25 мыңға жуығы стационарларда, 65 мыңға жуығы амбулаториялық ем алуда. Сонымен қатар, шілде айының басымен салыстырғанда, ауыр науқастардың саны 2,1 есе өсті, 1000-ға жуық науқас өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған. Министрдің айтуынша, бірқатар өңірлерде инфекциялық және реанимациялық төсек-орын тапшылығы орын алуы мүмкін. Тәуекел аймағында Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары және бірқатар облыстар бар.
«Бірқатар өңірлердің денсаулық сақтау жүйесі жоғары жүктемемен жұмыс істеуде. Бүгінгі күні бірқатар өңірлердегі ковидтік стационарларда орын толық, бұл денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктемесіне алып келеді. Сондай-ақ бұл халықтың медициналық көмекке уақтылы қол жеткізуінің төмендеуіне және өлімнің, сырқаттанушылықтың өсуіне және инфекцияның одан әрі таралуына алып келуі мүмкін», - деп хабарлады Алексей Цой.
ҚР бойынша жалпы сырқаттанушылық пен өлімнің 65%-ы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларында тіркелген. Осыған байланысты 27 шілдеде Ведомствоаралық комиссияның шешімімен аталған өңірлерде 2 тамыздан бастап күшіне енетін қосымша шектеу шаралары бекітілді.
Бүгінгі күні ҚР-да КВИ-ге қарсы вакцинаның бірінші дозасы әрбір екінші ересек қазақстандыққа егіледі. Вакцинаның 8,6 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде 1-ші компонентпен 5 230 750 адам егілді, бұл тиісті халықтың 52,8%-ын құрайды. Екінші компонентпен 3 436 617 адам қамтылды. Егу пункттерінде шамамен 713 мың бірінші компонент және 1 млн 300 мың екінші компонент бар. Министр науқастардың 99,9%-ы вакциналанбағанын, бұл иммундаудың қауіпсіздігі мен тиімділігін растайтынын атап өтті.
«Сондықтан әрбір қазақстандықтан вакциналау туралы саналы шешім қабылдауды, өзін, жақындарын қорғауды және елімізде ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға өз үлесін қосуды сұраймын. Коронавирустың тұрақты түрде бола беретін мутациясы кезінде бұл қорғанудың жалғыз жолы», - деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы халыққа.
Алексей Цой бүгінгі күні вакциналаудың коронавирустық инфекциядан болатын ауыр ағым мен өлімді болдырмаудың жалғыз тиімді әдісі екенін тағы да еске салды.