Қонаев Университетінде есірткіге қарсы профилактикалық іс-шара өтті
Алматы қаласындағы Қонаев Университетінде студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру және есірткінің заңсыз айналымының алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара «Есірткінің заңсыз айналымының алдын алу» айлығы аясында өтті.
Кездесудің басты мақсаты – жастар арасында есірткі заттарының таралуына жол бермеу, осы бағыттағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және заңсыз әрекеттер туралы ақпаратты тиісті органдарға қауіпсіз әрі тиімді жеткізу жолдарын кеңінен түсіндіру болды.
Жиынды Қонаев Университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, PhD докторы, доцент Талғат Дүйсебаев ашты. Ол өз сөзінде жастар тәрбиесі мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру – білім беру ұйымының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Профилактикалық кездесуге құқық қорғау органдарының өкілдері мен сала ардагерлері қатысты. Атап айтқанда, прокуратура органдарының ардагерлері Әбдіхалық Исаев пен Гүлнара Әуелбекқызы, ҚР ІІМ тергеу органдарының ардагері Серікқазы Әбдірахманов, полиция подполковнигі Омарбек Әкімбеков сөз сөйледі.
– Нашақор – қылмыскер. Нашақорлықтың салдарынан қаншама жас өреннің тағдыры құртылады. Бұрын көп қолданылған алкогольдік өнімдерді қазіргі жастар тұтынбайды. Бүгін есірткі алкогольдің орнын алмастырды, – деді Серікқазы Әбдірахманов.
Сонымен қатар, Қонаев Университетінің докторанттары, заң ғылымының магистрлері, аға оқытушылар Дарын Әшімбаев пен Гүлхан Нариманқызы өз тәжірибелерін ортаға салды. Білікті адвокат ретінде Гүлхан Нариманқызы есірткі қылмыстарына қатысты заңнамалық нормалар мен құқықтық қорғау тетіктеріне кеңінен тоқталды.
Прокуратура органының ардагері Гүлнара Әуелбекқызы буллинг пен есірткінің заңсыз айналымы мәселесін бөлек қарастыруға болмайтынын ашық айтты.
– Бұл екі құбылыс бір-бірімен тығыз байланысты әлеуметтік проблема.
Буллингке ұшыраған жасөспірім ең алдымен психологиялық соққы алады. Қорқыныш, жалғыздық, өзін керексіз сезіну, күйзеліс – мұның бәрі ішкі күйреуге алып келеді. Осындай жағдайда кейбір жастар уақытша «жеңілдік» іздеп, темекіге, алкогольге, тіпті есірткіге жүгінуі мүмкін, – деді ол.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының есірткінің заңсыз айналымы саласындағы қылмыстық заңнамасының негізгі ережелері түсіндіріліп, жастарды құқыққа қарсы әрекеттерге тартудың заманауи тәсілдері талқыланды. Әсіресе интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылатын заңсыз әрекеттердің қаупіне ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Құқықбұзушылық белгілері анықталған жағдайда ақпаратты құзырлы органдарға жасырын әрі қауіпсіз түрде жеткізу жолдары таныстырылды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтіп, қауіпсіз әрі құқықтық мәдениеті жоғары білім беру ортасын қалыптастыру – баршаға ортақ міндет екенін жеткізді.