«Бір ауыл – бір өнім» жобасы әйел кәсіпкерлер белсене араласып жатқан үлкен алаңға айналды. 2023–2025 жылы жобадағы 198 финалистің 157-сі әйел, кеңес алған 2523 кәсіпкердің де 1917-сі әйелдер болды. Былтыр жоба аясында 53 жаңа кәсіпорын құрылып, 236 жұмыс орны ашылып, 410 сауда нүктесі іске қосылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Биылдан бастап жобаның ауқымы кеңейіп, іріктелетін өнім мен финалистердің санын арттырмақпыз. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы Жанар Ибрагимова осылай деді.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасын «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2023 жылдан бастап ҚР Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен жүзеге асыра бастады. Жобаның негізгі мақсаты — жергілікті шикізаттан өндірілетін өңірлік өнімдерді дамыту, қайта өңдеу саласын қолдау мен тауарларды ішкі әрі сыртқы нарыққа ілгерілету болды.
ОСОП жобасының бастамасы Жапониядан шыққан. Бүгінде ол әлемнің 30 елінде сәтімен іске асып жатыр. Қырғыз Республикасы бұл жобаны Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігімен (JICA) бірлесіп 14 жылдан астам уақыт бойы белсенді түрде енгізіп келеді. Бұл жергілікті өндірісті дамыту мен бірегей өнімдерді халықаралық нарыққа шығаратын кешенді тәсіл. Қазақстандағы үш жылдық жұмысы көрсеткендей, жобаға қатысқандардың, финалистер мен грант иегерлерінің басым бөлігі әйелдер болып шыққан.
«Біз ОСОП жобасы ең алдымен әйел кәсіпкерлер үшін өсудің маңызды нүктесіне айналғанын көріп отырмыз. Республика бойынша үш жыл ішінде берілген 2523 кеңестің 1917-сін әйелдер алған. 198 финалистің 157-сі де әйелдер. Бұл жай ғана статистика емес, әйелдердің өндірісті, қайта өңдеу мен жергілікті брендтерді дамытуға қаншалықты белсене қатысып отырғанына дәлел. Біз олардың жобалары жаңа деңгейге шығуы үшін қолдау жағын одан әрі қарай да күшейте береміз», — деді Жанар Ибрагимова.

Оның айтуынша, әйелдердің қатысуы әсіресе ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, қолөнер, тағам мен сүт өнімін өндіретін салаларда айқын байқалады.
«Әйелдер көбіне жергілікті шикізатты қайта өңдеу мен қосылған құны жоғары өнім жасау идеясын ұсынады. Олар тұрақты, сапа мен брендке ерекше мән береді. 2026 жылы іріктелетін өнім саны екі есе артқанда, одан да көп кәсіпкер әйел финалист болуға мүмкіндік алады. Біздің міндетіміз — оларды идеядан бастап экспортқа шығуға дейін сүйемелдеу», — дейді ол.
Республика бойынша статистика да осы үрдісті растайды. 2023 жылы ел бойынша 519 адам кеңес алып, олардың барлығы әйелдер болып шықты. 2024 жылы 946 кеңестің 656-сы әйелдерге тиесілі болса, 2025 жылы 1058 кеңестің 742-сін әйелдер алған. Үш жыл ішінде өңірден 606 ер адам мен 1917 әйел кәсіпкер кеңес алған. Осы кезеңдегі финалистердің ішінде 41 ер адам мене 157 әйел бар. 2023 жылғы 60 финалистің барлығы әйелдер, 2024 жылы 78 финалистің 60-ы әйел, 2025 жылы 60 финалистің 37-сі әйел болды.
Жалпы 2025 жылы жоба аясында 1058 кеңес беріліп, 821 өндіруші қатысқан 20 өңірлік көрме ұйымдастырылды. 20 өңірлік бренд-комитеттің отырыстарының қорытындысы бойынша 200 өнім түрі іріктеліп, 60 финалист анықталды.
2025 жылы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне және «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистеріне арналған гранттық қаржыландыру конкурсына Алматыдан төрт әйел кәсіпкер қатысты. Барлығы жеңімпаз атанып, әрқайсысы 5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант алды. Оның бірі — 2024 жылғы финалист, қалған үшеуі — 2025 жылғы финалистер.
Солардың бірі — Алматы алмасы мен алмұрты негізінде табиғи алма сірке суы мен жеміс чипстерін өндіретін Гүлмира Махпирходжаева.
«Біз жергілікті шикізатпен жұмыс істеп, қантсыз әрі консерванты жоқ табиғи өнім шығарамыз. Бағдарламаға қатысу біз таңдаған жолдың дұрыс екенін дәлелдеді. Біз стандарттау мен сертификаттау бойынша оқудан өттік, өндірісті жүйеледік. 5 миллион теңгелік грант жаңа жабдық сатып алып, жаңа бағытты іске қосуға мүмкіндік берді», — дейді.

Оның айтуынша, ОСОП жобасына қатысу тек қаржылай қолдау ғана емес, кәсіби өсудің де маңызды кезеңі болды.
«Жаңғыртудан кейін өндіріс қуатын арттырып, қайта өңдеу көлемін көбейттік, қаптаманы жақсарттық және жаңа жұмыс орындарын аштық. Қазір жеміс шайлары мен шөп шайларының жаңа желісін әзірлеп жатырмыз. Бізге барлық кезеңде қолдау көрсетілді, талаптар мен құжаттарды түсінуге көмектесті. Бұл сенімділік беріп, болашақ дамуды жоспарлауға мүмкіндік береді», — деді кәсіпкер.
2025 жылғы тағы бір финалист — «Дымоваръ» үй ысталған өнімдері өндірісінің жетекшісі Алена Ахтямова.
«Біз бастапқыда шағын үй цехынан бастадық, қазір екі өндірістік цехымыз бен өз дүкеніміз бар. 2025 жылы 40 қатысушының ішінен жартылай финалға өткен ондыққа кіріп, жобаның финалисті атандық. Алынған грант пен SMM, сертификаттау мен 2026 жылғы салық өзгерістері бойынша оқу курстары бізге үлкен қолдау болды. Бұл өндірісті кеңейтуді жоспарлауға мүмкіндік берді», — дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, әйелдер бизнесіне тек қаржылай көмек қана емес, тұрақты сүйемелдеу де қажет.
«Құжаттарды рәсімдеу, өнімді ілгерілету, талаптарды түсіндіру бойынша бізге көмектесті. Мамандардың қолдауы мен қызығушылығын сезіну өте маңызды. Біз табиғилық пен сапаны сақтай отырып, өндіріс пен сауда нүктелерін кеңейтуді жалғастырып жатырмыз. Бұл біз үшін жай бизнес емес, отбасылық құндылықтардан бастау алған іс», — деп қосты Алена Ахтямова.
2023–2025 жылдары жоба аясында ел бойынша 116 жаңа бизнес құрылып, 584 жұмыс орны ашылды. 642,1 млн теңге сомасына 136 гранттық жоба қаржыландырылды. 2025 жылы 53 жаңа кәсіпкерлік субъектісі құрылып, 131 кәсіпкер өз қызметін кеңейтті, 410 сауда нүктесі ашылып, 236 жұмыс орны пайда болды.
Қаржылай қолдау 93 қатысушыға көрсетіліп, жалпы сомасы 593 935 600 теңгені құрады. 2025 жылғы 60 финалистің 44-і 5 млн теңгеге дейінгі грантқа өтінім беріп, олардың 39-ы 191 312 000 теңге көлемінде қолдау алды.
Халықаралық жетістіктер де көбіне әйел кәсіпкерлер шығарған өнімдермен байланысты. 2025 жылы финалистер Астанада өткен «Наурыз базары» жәрмеңкесіне қатысты, сондай-ақ JICA қолдауымен Токиода өткен FOODEX JAPAN 2025 көрмесінде өз өнімдерін таныстырды. Сонымен қатар Франциядағы Mondial du Fromage байқауында алтын және қола медальдарға ие болды. Алматыда Зеленый базар аумағында ОСОП жобасының алғашқы тұрақты халықаралық сауда нүктесі — Nomad Bazaar ашылды.
2026 жылдан бастап мемлекеттік қаржылай емес қолдау көрсету қағидаларына өзгерістер енгізіледі. Соған сәйкес өңірлік көрмелерде іріктелетін өнім саны 10-нан 20-ға дейін, ал финалистер саны 3-тен 10-ға дейін артады. Бұл кәсіпкерлердің көбірек финалға өтіп, сертификат алып, әрі қарай сүйемелдеу мүмкіндігіне ие болуына жол ашады.
«Алтын сапа» мен «Парыз» сыйлықтарын, сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Тәжірибе көрсеткендей, жергілікті өнімге, білім мен замандық технологияларға басымдық беру нақты нәтиже береді. Соның бір мысалы — “Бір ауыл – бір өнім” жобасы. Мемлекет бизнес пен үкіметтің тиімді өзара іс-қимылын, әсіресе жергілікті шикізатты қайта өңдеу саласын жан-жақты қолдауы қажет», — деп атап өтті.
Осылайша, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жергілікті экономиканы дамыту құралы ғана емес, сонымен бірге өндірушілердің, әсіресе әйел кәсіпкерлердің дамуына мүмкіндік беретін нақты платформаға айналды. Бүгінде олар өңірлік өндірістің негізін қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, қазақстандық өнімдерді халықаралық деңгейге шығарып отыр.