Берлин Ратушасына ту тіккен Кенжебай Мәденов туралы не білеміз?

Берлин Ратушасына ту тіккен Кенжебай Мәденов туралы не білеміз? автордың жеке мұрағаты

Екінші Дүниежүзілік соғысына қатысқан Кенжебай Мәденов кім және ол қандай ерлік жасады? Жеңіс солдатының жауынгерлік жолын  дәлелдейтін қандай құжаттар бар?

 

Кенжебай Мәденов (1925 жыл 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысы, Ақтайсай ауылында туған – 1974 жылы 26 желтоқсанда Атырау қаласында қайтыс болған) – Екінші дүниежүзілік соғыста «Берлин» операциясына қатысып, неміс фашистерінің Рейхстагтан кейінгі ордасы – Ратушаға бірінші болып өз взводын бастап кіріп, оны жаудан тазартқан және ту тіккен, ерен ерлік жасаған батыр. Ол – есімі күллі қазаққа әйгілі, дауылпаз ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының ұрпағы.

1943 жылы 8 қаңтарда 18 жасқа толмай тұрып, Қызыл армия қатарына өз еркімен аттанды. 1943 жылы қарашада Краснохолмск жоғары жаяу-әскерлер училищесінің командирлерді дайындау бойынша курсын аяқтаған соң 3-Украина майданының 8-гвардиялық армиясының 57-атқыштар дивизиясының 170-гвардиялық атқыштар полкінің пулемет бөлімшесінің командирі болып Кривой Рог түбіндегі шайқасқа қатысты. 1944 жылы қарашадан бастап, 1-Белоруссиялық майданда 5-екпінді армия, 266-атқыштар дивизиясының, 1008-атқыштар полкі, 2-батальон ротасының 5-атқыштар взводына басшылық етті. Украинаны (Днепр өзені), Молдавия аумағын (Ясса-Кишиневтік операция), Польшаны, оның астанасы Варшаваны, Германияны (Висла-Одерлік операция) азат ету бойынша әскери шабуылдардың және Берлин шабуылының (Берлиндік операция) қатысушысы.

Ратушадай зәулім қорғанның ішінде талай сағатқа созылған қолма-қол шайқаста «Империя кеңесі» жаудан түгел тазартылды да, лейтенант К.Мәденов Ратушаның төбесіне өз қолымен Жеңіс туын қадады. 

Академик М.Қозыбаевтың «Қазақстан тарихы» оқулығында (10-сыныпқа арналған оқулық. – Алматы, «Мектеп», 2004, 222 бет) мынадай деректер бар: «Берлин операциясы барысында кеңес жауынгерлері ер жүректік, ерлік және жоғары шеберлік көрсетті. Олар бір ниетке – фашистік Германияны талқандауды мүмкіндігінше тезірек аяқтап, Еуропа халықтарына аңсап күткен бейбітшілік пен тыныштық әкелуге ұмтылды. Берлинге кіреберісте шайқас жүргізіп, Берлинге шабуыл жасаған кеңес жауынгерлерінің ерлігі Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының шежіресінде қалады. Сағадат Нұрмағамбетов Берлин үшін ұрыстарға өз жауынгерлерін бастап кірді. Берлинге шабуыл жасауға жерлестеріміз Есжанов, И.Я.Сьянов, X.Қайдауылов, З.Тұрарбеков, X.Көбеков, Т.Бигелдинов, А.Еремеев, Н.Шелихов және баска да көптеген адамдар қатысты. Жас офицер Р.Қошқарбаев өзінің досы Г.Булатовпен бірге Рейхстаг терезелерінің біріне алғашқылардың бірі болып алқызыл Жеңіс туын желбіретті, ал Орал өңірінің жас офицері К.Мәденов 1008-атқыштар полкінің туын Берлин ратушасының төбесіне тікті…» деп жазады. Демек, аға лейтенант Кенжебай Мәденовтің Ратушаға алғаш шабуыл жасап оны бағындырып, ту тіккені туралы деректер мен айғақтар оның ерлігін растайды.

Біздің дәйектеме

«Қызыл Ратуша (нем. Rotes Rathaus) – Берлиннің орталығындағы қызыл кірпіштен жасалған тарихи ғимарат. 1861–1869 жылдары сәулетші Г.Ф.Веземанның жобасы бойынша салынған. Лана соборы мұнараларының бейнесі мен ұқсастығы бойынша салынған төртбұрышты қалалық зал мұнарасының биіктігі 74 метрді құрайды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ғимаратта басқарушы үкімет орналасты, кейін қирады. 1951–1958 жылдары интерьердегі өзгерістермен қалпына келтірілді».

 

Кенжебай Мәденов Фашистік Германия тізе бүккеннен кейін Солтүстік Кавказдық әскери округте рота командирінің лауазымында қызмет атқарды. Соғыстан кейінгі жылдары  шаруашылықты қалпына келтіру мен бейбіт өмірді сақтау үшін әскери өмірін Батыс Қазақстан облысы бойынша Қазақ КСР мемлекеттік қауіпсіздік органдарында, 1956 жылдан бастап Гурьев облысы бойынша жұмыс жасады.

Әскери қызметтің барлық кезеңінде подполковник К.Мәденов азаматтық борышты адал атқарудың үлгісін көрсетті. Қарапайым, кішіпейіл және қайырымды болатын. Ол жолдастарының зор құрметіне бөленді, өскелең ұрпақ арасында әскери-патриоттық жұмыстар жүргізді.

Жауынгерлік ерлігі үшін Кенжебай Мәденов екі «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «1941–1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.

Берлиннің «Империя кеңсесі» деп аталатын Рейхстагтан кейінгі ордасы Ратушаға бірінші болып өз взводымен кіруі, оны жаудан тазартудағы белсенді ерлік істері үшін арнайы таңдалып, Жеңіс туын тігуі – ерен тұлғаның даңқты ерлігі.

Кенжебай Мәденовтің туғанына 100 жыл және Ұлы Жеңістің 80 жыл толуына орай, ерлігі еленбеген қазақ батырына Мемлекеттің ең жоғарғы наградасы «ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫН» беру лайықты деп білеміз. Сондай-ақ, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және Кенжебай Мәденовтің 100 жылдығына орай мектеп, колледж, университеттерде тәрбие сағаттары өткізілсе, ел аумағында батыр есімімен аталатын  көшелер бекітілсе, ескерткіштер ашылса, әскери білім беру мектептерінің біріне «Кенжебай Мәденовтің» есімі берілсе, деректі фильм түсірілсе құба-құп. Бұл жастарды отансүйгіштікке, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеудің маңызды қадамдары болар еді.

 

Кенжебай Мәденовтің ерлік дәстүрі өнеге болатыны сөзсіз. Біз ата-бабаларымыздың өнегелі ерлігін үнемі жадымызда ұстап, кейінгі ұрпақтарға үлгі еткен жағдайда ғана өз Отанын шексіз сүйіп, қорғау үшін жанын салатын азаматтарды тәрбиелейміз. 

                            Кенжебай Мәденовтің ерлігі туралы деректер не дейді?

 Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың «Естеліктер мен ойлар» (3-том, 248-бет) кітабынан:

«Жаудың тегеурінді қарсылығынан Ратушаға тіке шабуылдау қиын болды. Артиллерия мен реактивті қару арқылы атқылауға бұйрық бердім. Бүкіл ғимарат қалың түтінге оранды. Осы кезде Ратушаға  бірінші болып аға лейтенант К.Мәденовтың взводы кірді. Олар Ратушаның вестибюлі мен дәліздерде қоян-қолтық ұрыс жүргізіп, әр бөлмені ұрыспен алуға тура келді».

  

Генерал Ф.Е.Боковтың «Жеңіс көктемі» (244-бет) кітабынан:

 

 «...Ратушаға бірінші шабуылды аға лейтенант К.Мәденов басқарған взвод жауынгерлері бастап кірді. Аға лейтенант К.Мәденов қоян-қолтық күрес жүргізіп, Ратушаға ту тікті...».

 

Әскери жазушы М.Мержановтың «Бұл осылай болған» кітабынан:

 «…Берлин Ратушасына үдере шабуыл жасағанда да шамасы осындай жағдай болды. Оған осы ұрыста қаза тапқан кіші лейтенант Бондаренконың бірнеше танктері және Ратуша ғимаратына бірінші болып кіріп қана қоймай, сонымен бірге қолма-қол ұрыс салған лейтенант К.Мәденовтің взводы батыл шабуыл жасады, ұрыс екі сағаттан астам уақытқа созылды».

 

Жазушы Ғ.Слановтың «Тайсойған түлектері» шығармасынан:

 

  «...Қимылына көз ілеспес, көз оты жарқ-жұрқ еткен талдырмаш Кенжебай батальон командирінің алдына кеп тартыла қалды, оң қолы шекесінде:

– Әміріңіздемін, жолдас...

– Саған әрі қиын, әрі абыройлы бір тапсырма жүктеймін, лейтенант Мәденов.

– Орындауға дайынмын!

– Маңдай алдымызда көкпен таласқан зәулім үйді көріп тұрсың ба? «Империя кеңсесі» деп аталатын фашистердің Рейхстагтан соңғы бір ордасы – осы. Ратуша дейтін еді ғой. Іші, тысы табан астына дейін жаудың мықты бір бекінісі. Осыған шабуылды бастап, жеңіс туын тігу – сенің взводыңа жүктеледі. Шабуылды ілкі бастайтын да сенің взводың...Тапсырманы орындау да, орындалған соң абыройы да бәрімізге ортақ. Ратушаға жеңіс туын тігуге өзге жұрт қанша таласып еді. Бұл үлес бізге бұйырды ақыры. Қимылда шапшаң, Мәденов. Бар, орында!..».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:48

18:46

17:47

17:35

17:14

17:05

16:40

16:35

16:22

16:18

15:53

15:37

15:17

14:56

14:52

14:44

14:28

14:14

13:44

13:38

13:36

13:34

13:33

13:31

13:03