Берік АСЫЛОВ, Бас прокурор: Заң – әділдікке, рухани тазалыққа апаратын жол

Берік АСЫЛОВ, Бас прокурор: Заң – әділдікке, рухани тазалыққа апаратын жол kazpravda.kz

Өткен жылдың соңында еліміздің Бас прокуроры Берік Асыловпен прокуратура органдарының конституциялық міндеті мен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы қадағалау қызметінің жекелеген бағыттары жөнінде әңгімелескен едік. Бұл жолы Бас прокурордан криминогендік жағдай, цифрлық және ақпараттық технологиялармен байланысты құқық бұзушылықтардың жолын кесу, халықты әлеуметтік қорғаудың жекелеген салаларындағы заңдылықтың жай-күйі турасында біраз мағлұмат алдық.

Балалар құқығын қорғау – тұрақты назарда

– Берік Ноғайұлы, әуелі проку­ра­­тураның «Заң мен Тәртіп» тұжы­рым­дамасын іске асыру жөніндегі жалпы міндеттері мен негізгі басым­дықтарына тоқталып өтсеңіз.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында берген «Мақсат – экономика мен егемендікті ны­ғайту» сұхбатында «Заң мен тәр­тіп» тұжырымдамасын еліміздің құн­ды­лықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру міндет екенін атап өтті.

Жалпы, сұрағыңызға жауаптың түп-төркіні «Заң қатал, бірақ бұл – заң» деген ежелгі римдік тәмсілде жатыр. Бұл бүгінге дейін прокуратура саласында да өзектілігі мен өміршеңдігін жоғалтқан жоқ. Яғни қазіргі прокуратура қызметіне жаңа сипат береді дер едім.

Заң мен тәртіп – азаматтардың еркін дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін іргелі негіз. Қоғамдық тұрақтылық пен адамдардың үйлесімді өмір сүруі заң мен тәртіпсіз мүмкін емес. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қоғамның және әрбір азаматтың өмірлік ұстанымы болуы керек. Ұлы Абайдың пайымдауынша, заң мен тәртіпсіз өмір болмайды. Заң – әділдікке, рухани тазалыққа апаратын жол.

Халықтың өмір сүру сапасы, еркін бизнес, әділ сот төрелігі және мемле­кеттік басқару жүйесінің мінсіз жұмысы құқықтық қарым-қатынастың барлық субъектілері, оның ішінде кәсіпкер­лер, ұйымдар, масс-медиа, ең әуелі, мем­лекеттік аппарат заң мен тәртіпті мүл­тіксіз орындамайынша мүмкін емес.

Прогрессивті әлем қоғамда заңға бағынатын мінез-құлыққа және құқық бұзушылықты болдырмауға басымдық беріп жатыр. Мәселен, Финляндияда жол қозғалысындағы бұзушылық үшін қарапайым айыппұл шамамен 100 еуроны құрайды. Ал сот осындай құқық бұзушылыққа жол берген ірі кәсіпкердің материалдық жағдайын ескере отырып, мұндай айыппұл мөлшері оның түзелуіне оң әсерін тигізбейді деп санаса, айыппұлды он есе, тіпті кейде жүз есеге дейін арттыра алады. Осы елде мұндай шешім қоғам тарапынан қолдау тауып жатыр. Сол сияқты Біріккен Араб Әмірліктеріндегі қатаң жаза түрлері өз халқына ғана емес, онда сапарлағанды жаны сүйетін біздің туристерімізге де заңды құрметтеуді үйретеді.

Елімізде жасалған қылмыстарға барынша қатаң және қоғамнан оқшау­ламайтын санкциялардың кең жиын­тығы, нақты айтсақ, бостандықты шектеу, қаржылай айыппұл, қоғам­дық және түзеу жұмыстары қарас­тырылған. Мысалы, соттар нақты бас бостандығынан айыруды тек ауыр қылмыстарға тағайындайды. Қазіргі кезде түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқандардың 80%-ы – негізінен зорлық-зомбылық сипаттағы және есірткі қылмысы үшін сотталғандар.

– Қаңтар айында Бас прокуратура алқасының отырысында сала жұмысын қорытындыладыңыз. Осы орайда былтырғы қадағалау жұ­мы­сының басты жетістіктерін атап өт­сеңіз. Сондай-ақ прокуратура биыл қандай міндеттерге назар аударады?

– Жалпы, біздің жұмысымызда екінші кезектегі міндеттер жоқ. Бәрі маңызды. Қандай жағдайда да заң­ның бұзылуына жедел тіпті онлайн режімде ден қоямыз. Былтыр негізгі күш-жігерді ұйымдасқан қылмыс, көлеңкелі экономика, есірткінің заңсыз айналымы, адам саудасы, алаяқтық, сондай-ақ ғимараттардың терроризмге қарсы қорғалуына бағыттадық. Инвестициялық жобаларды сүйемел­деп, жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың араласуынан қорғадық. Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтарумен айналыстық. Азаматтардың еңбек қатынастары, білім, медицина және әлеуметтік саланың өзге де бағыттарындағы құқықтары қалпына келтірілді. Прокуратураның қадағалаудың жекелеген бағыттары бойынша атқарған жұмысының нәтижесі желтоқсан айындағы сұхбатымда толық айтылды. Сондықтан бұл жолы мен басқа бағыттарға тоқталайын.

Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлар жүз мыңдаған азаматтың, оның ішінде зейнеткер, әлеуметтік осал топ, жасөспірім, жұмыскер, сондай-ақ үлескер және ипотека алғандардың құқықтарын қорғады. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау – тұрақты назарда. Балалардың проблемалары уәкілетті мемлекеттік органдардың шешімдерін тексеру, талдау немесе бағалау арқылы ғана емес, жобалау құралдарын пайдалану жолымен де шешімін тауып жатыр. Мысалы, біз 2023 жылдан бастап «Urpaq» және «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобалары аясында 2 мыңнан аса отбасына материалдық көмек, мыңнан аса отбасына тұрғын үй көмегін, 10 мың отбасына медициналық және әлеуметтік көмек көрсетуге қол жеткіздік.

Енді мемлекеттің мүліктік мүдде­лерін қорғауға қатысты айтып өткенім жөн болар. Өткен жылы мемлекетке 627 млрд теңге сомасында залал өтел­ді, оның ішінде бюджеттен ұрланған қара­жат­тан басқа, жылжымалы және жыл­жы­­майтын мүлік, 91 млрд теңгеге өзге де материалдық құндылықтар бар. Мем­ле­­­кеттік сатып алу туралы заң­наманың сақ­­­талуын қадағалау шеңберінде мыңнан аса­ қадағалау актісі енгізілді, мемлекет пайдасына 12,7 млрд теңге өндірілді, 399 млрд теңгеге 500-ге жуық конкурстың күші жойылды. Қадағалау нәтижесін масс-медиада үнемі жариялап отырамыз.

Алдағы кезеңде прокурорлар Мемлекет басшысының инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және жеке бизнесті қорғау жөніндегі тапсырмаларын сапалы іске асыру, халықтың әлеуметтік осал топтарының, әсіресе балалардың құқықтарын сақтау, есірткі бизнесіне және ҰҚТ-ға қарсы күресті үйлестіру, алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, азаптаулардың алдын алу, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатының орнығуын қамтамасыз етуді жалғастырады.

 

Интернет қылмысты болдырмау жолы

– Прокуратура қылмысқа қарсы күрес мәселелерінде басқа органдар­мен қалай қарым-қатынас жасап, жұмысты үйлестіреді?

– Біз құқық тәртібін нығайтамыз және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі жұмысты үйлестіреміз, құқық қорғау қызметіне жаңа әдістерді енгіземіз. Қылмыс жасағандарды ұстау үшін цифрлық технологияларды кеңінен қолдана бастадық. Әр орган мен әр қызметкердің міндеті – әр адам өзін қауіпсіз сезінетіндей қоғам құру.

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы бірлескен күш-жігердің арқасында оң нәтижеге қол жеткіздік. Елімізде қылмыс деңгейінің біртіндеп төмендеуі байқалады. Кейінгі 5-6 жылда адам өлтіру, қарақшылық, тонау және бұзақылық 5 есеге азайды. 6 жылда ұр­лық саны 6 есеге жуық төмендеді, яғни 2018 жылы 180 мың болса, 2024 жылы 30 мыңға дейін азайды. Ал олардың үлесі 20%-ға дейін қысқарды. Бейнебақылау кеңінен енгізіліп, күзет жүйелері күшейтілді. Меншік иелері қырағылық танытып, өз мүлкін қорғауға байыпты қарай бастады. Жалпы, тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық саны 2018 жылы 292 мың болса, 2024 жылы 132 мыңға дейін азайды. Бұл қоғам мен мемлекеттің жалпы ортақ жұмысының жемісі деп білемін.

Бірақ қылмыс жасау төмендегені­мен, жаңа қылмыстық қауіптер туындап жатыр. Барлық құқық бұзушылықтың үштен бірі – алаяқтық қылмыстар. Бұ­рын бұл айқын жағдайларда жасалатын. Жәбірленушілер күдіктілерді көріп, олардың жеке басын анықтай алатын еді. Қазір IT-технологиялары арқылы онлайн жасалады. Жәбірленушілердің басым көпшілігі жалған телефон шалулардың құрбаны болып жатыр. Атап айтқанда, банктік карталардан қаражат жоғалту, жалған сайттарда алаяқтарға жеке деректер мен құпия­сөздерін (фишинг) беру, маркетплейстер (брашинг), инвес­тиция салу мен бәс тігу арқылы алдану. Бас прокуратура ІІМ-мен бірлесіп масс-медиада азаматтарды алаяқтардың айла-амалдарынан сақтану туралы жиі ескертеді. «Қазақтелеком» АҚ, «Кселл» АҚ және басқа да байланыс операторларымен телефон қоңырауларын жүзеге асыру арқылы жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл туралы ынтымақтастық келісімдеріміз бар. Ұлттық банк алаяқтық операцияларды бұғаттау жөніндегі Антифрод-орталығын іске қосты.

Шетелден бұғатталған қоңырау шалатын SIM-бокстарды, SIM-карталарды қосуға арналған құрылғыларды жою шаралары қабылданып жатыр. Мысалы, өткен айда Алматыда 600 шаршы метр аумақты алып жатқан, үлкен кеңсесі бар Сall-орталықтың жұмысын тоқтаттық. Жуырда Павлодар облысы прокуратурасының үйлестіруі­­мен жедел іс-шараларды өткізу барысында Полиция департаменті қала тұр­ғынынан 5 SIM-бокс пен алаяқтыққа арналған басқа да жабдықтар, түрлі оператордың 400-ден аса SIM-кар­тасын, роутер мен ұялы телефондарды тәркіледі. Қазір күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ұялы телефондарды IMEI коды, ЖСН және абоненттік нөмір арқылы міндетті тіркеу талабы бақыланбай отырғанын айта кеткен жөн. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы тұрғынының атына оның мәлімінсіз 14 мыңнан аса телефон тіркелген. Тексеру жалғасып жатыр. Өткен жылы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде делдал-дроперлерден 800 талап қою негізінде 1 млрд теңгеден аса қаражат өндіріп алынды. Алаяқтыққа қатысқаны үшін «дропингпен» айналысқан 128 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылды жетілдіру мақсатында бір­қатар заңнамалық түзету қабыл­данды. 2024 жылдың тамыз айынан бастап «Банктер және банк қызметі туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер бойынша қазір тергеу кезеңінде алаяқтық несиелер бойынша төлемдер тоқтатылады. Сондай-ақ басқа мемлекеттердің тәжі­рибесі бо­йынша Парламентте банктер мен байланыс операторларын өз клиенттерін қорғауға міндеттейтін бірқатар бастама пысықталып жатыр. Жуырда Үйлестіру кеңесінде осы мәселе қаралды және мүдделі органдармен бірлескен шаралар әзірленді.

– Интернет арқылы келетін қауіп­тен сақтандыратын тағы қан­дай тың бастамалар бар? Мұндай қадамдар азаматтарды қорғауға қалай әсер етіп жатыр?

– Заманауи IT-шешімдер, роботтандыру, жасанды интеллект өмірлік үдерістерді жан-жақты қамти отырып, қоғамның барлық саласының дамуына елеулі әсерін тигізеді. Құқыққа қайшы сипаттағы жаңа сын-қатерлер пайда болады. Қылмыстық кодекске интернетті, технологиялық прогресс құралда­рын пайдалана отырып жасалатын қыл­мыстардың жаңа құрамы енгізілді. Тіпті бір қарағанда, ақпараттық тех­нологияларға ешқандай қатысы жоқ салалар бар. Мысалы, қазір әлеуметтік желілер арқылы балаларды өздеріне қол жұмсауға итермелейтін жағдайлар кездеседі. Сондықтан Қылмыстық кодекске телекоммуникация желілерін пайдалану арқылы «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы енгізілді. Интернет желісін және электрондық ақпараттық ресурстарды, соның ішінде есірткі сатуды пайдалану арқылы жасалатын құқық бұзушылықтың басқа да қылмыстық құрамы бар.

Прокуратура қылмысқа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруші ретінде мемле­кеттік аппараттың барлық ресурсын, әсіресе әлеуметтік құбылыстарға қарсы тұру мен алдын алуды біріктіреді. Осы бағытта тиімді жұмыс істеудің құқықтық шешімдері мен тетіктерін үнемі зерделеп отырамыз. Бас прокуратурада бірегей статистикалық, ақпараттық және талдамалық жүйе­лер бар. Біздің цифрлық жобаларымыз қылмыстық және әкімшілік про­цестерді, мемлекеттік бақылау және қадағалау, соның ішінде бизнесті тексеру саласын барынша қамтиды. Бұл үшін жинақталған ауқым­ды құқықтық ақпарат алаңы – Big data-ны қолданамыз.

Қылмыстық процесс және қыл­мыстарды тіркеу толығымен цифр­лан­дырылған. Қылмыстың жай-күйі туралы барлық ақпарат «Гео-картаға» жүктеледі, оның негізінде полицияның патрульдеу маршруттары салынады. Кез келген адам картаны желіде ашып, тұру, балаларды оқыту немесе бос уақытты өткізу үшін ең қауіпсіз орындардың қай жерде екенін көре алады.

Интернет желісінде терроризм мен экстремизмді насихаттауға қарсы іс-қимыл шеңберінде «Кибернадзор» ақпараттық жүйесін нәтижелі қолданып отырмыз. Бұл заңсыз мазмұнды мате­риалдардың сілтемелерін анықтауға және жүйеге автоматты түрде қосуға мүмкіндік береді.

Біздің Ахуалдық орталықтың бол­жамды-талдамалық құралдары арқы­лы қылмыскерлерді ғана емес, алимент және бюджет алдындағы қарыздары бар борышкерлерді де іздестіру тиімділігі жақсарды. Жүйе көмегімен 2 мыңнан аса адам анықталды.

 

Есірткі саудасымен күреске ерекше мән беріледі

– Бас прокуратура қылмыстық-құқықтық саладағы халықаралық қарым-қатынастарды дамытуға және қылмысқа қарсы күрес мәселелеріне көп көңіл бөлетінін білеміз. Бұл ретте қандай нәтижелерге қол жеткізілді?

– Дұрыс айтасыз, қылмысқа қарсы іс-қимыл, іздеуде жүрген адамдарды ұстау және шетелден жеткізу, заңсыз шығарылған активтерді қайтару саласында халықаралық-құқықтық ынты­мақтастықты кеңейту және нығайту бойынша үздіксіз жұмыс жүргізіп жатырмыз. Күдікті біздің сұрау салуымыз бойынша Интерпол арқылы халықаралық іздестіру аясында ұсталса да, оны бере салмайтынын ескеруіміз керек. Шетелдік заңнама талаптарына сәйкес екі тарап үшін жасалған іс-әрекеттің қоғамдық қауіпті сипатын негіздеп, сұрау салынған күдіктінің қылмысқа қатыстылығын дәлелдеп және дипломатиялық этикетті сақтай отырып, рәсімдердің барлық талабы бо­йынша шетелдік әріптестермен жұмыс істеу қажет.

Елде қылмыс жасап, шетелде жа­сы­­рынған адамды экстрадициялау оңай шаруа емес. Бұл міндетті шешу үшін қызметкерлеріміз халықаралық гуманитарлық құқықты, БҰҰ-ның, басқа да жаһандық ұйымдардың адам құқықтарын беру және қорғау мәселелері жөніндегі пактілерін, конвенциялары мен құжаттарын білуге міндетті. Егер қашқын барған елмен екіжақты шарт болмаса немесе бұл мемлекет көпжақты конвенцияға қатысу­­шы болмаса, онда ынтымақтастық өзара қарым-қатынас қағидаты негізінде жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл қағида ҚПК-де енгізілген, егер осындай жағдай туындаса, шет мемлекеттердің сұрау салуы бойынша біз де ынтымақтастық танытамыз. Мәселен, келісім болмаса да, біз Германия, Швеция және бас­қа да елдерден іздеуде жүргендерді экстра­дициялауға қол жеткіздік.

Былтыр Қазақстан 16 халықаралық шарт жасасты, оның 9-ын Бас прокуратура әзірледі. Марокко, Перу, Қатар, Кипр және Швейцариямен тиісті халықаралық актілерге қол қойылды. Тәуелсіздік жылдарында 37 елмен 82 шарт жасалды. Олардың арасында Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Бразилия, Үндістан, Сауд Арабиясы, Испания, Италия, Франция сияқты ірі мемлекеттер бар. Осы жұмыста туризм үшін ең тартымды елдерге, сондай-ақ қашып жүргендер жасырынуы мүмкін және ұрланған активтер шығаруы мүмкін мемлекеттерді басты назарда ұстаймыз.

Шетелдік әріптестермен тығыз ынтымақтастықтың арқасында өткен жылы адам өлтіру, есірткі қылмыстары, ірі көлемдегі алаяқтық, қаржы пирамидаларын құру және басқа да ауыр әрекеттер жасады деп айыпталған, іздеуде жүрген 67 адам берілді. Салыстыра кететін болсақ, 2023 жылы біздің тарапымыздан 55 іздеуде жүрген қылмыскер берілген. Бұл – жақсы үдеріс.

Тағы бір мысал келтірейін, Польшадан бір тоннадан аса психотроптық заттар тәркіленген трансұлттық қылмыстық топтың жетекшісі экстрадицияланды. Испания қаржы пирамидасының ұйымдастырушысын экстрадициялады, ол 800-ден аса азаматты миллиардтан асатын сомаға алдаған. Өз кезегінде біз басқа елдерге екі есе көп іздеуде жүрген күдіктіні бердік. Жалпы, шетелдік әріп­тес­термен ынтымақтастықты нығайту жұмыстары жалғасын табады.

– Есірткінің таралуы үлкен алаң­дау­шылық тудырып отыр. Күн са­йын есірткі таратушыларды ұстаған немесе кезекті есірткі зертханасын жойған жаңалықтар оқып жатамыз. Бұл сорақы жағдайды қалай түзетуге болады?

– Иә, бұл – қаншама отбасын зар қақсатып отырған өзекті мәселе. Сондықтан мемлекет осы қылмыстың жолын кесуге барынша күресіп жатыр. Прокуратура өз кезегінде аталған бағыт бойынша күштік органдарымен бір­лесіп, үздіксіз күрес жүргізеді.

Өткен жылы 37 халықаралық және 98 өңірлік есірткі арнасының жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 25,6 тонна есірткі тәркіленді. 95 есірткі зертханасы жо­йылды. Бұл бағытта есірткі бизнесінің нақты ұйымдастырушыларын ұстауға, жеткізу арналарының жолын кесуге және қылмыстық табыс пен көлеңкелі тұстарын анықтауға баса көңіл бөліп отырмыз. «Follow the money» қағидаты бойынша есірткі желілерінің ірі ұйым­дастырушыларының ізіне түсіп жатырмыз. Қазірдің өзінде криптовалютада 2,8 млрд теңге мөлшерінде активтерге тыйым салынды.

Бұл жерде бірлескен іс-қимыл қажет. Жұмыс тиімділігі көбіне халықтың сенімі мен қолдауына байланысты. Сондықтан біз қоғамдық ұйымдармен және азаматтармен тығыз қарым-қатынас жасауға мүдделіміз.

Прокуратураның бастамасымен «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы өткізіліп жатыр. Мұның аясында есірткі граффитилері жойылып, есірткіні жарнамалау және насихаттау бойынша қозғалған қылмыстық іс саны төрт есеге артқан. Әр өңірде жергілікті жұртшылықты, студенттерді, еріктілерді тарта отырып, жобалар қолға алынды. Аталған проблемадан сырт қалмайтын, бастамаларымызға белсенді қатысатын жастардың бар екені көңіл­ге сенім ұялатады. Мысалы, елордада «Smart Astana» қосымшасында халық жиі пайдаланатын «Есірткіге жол жоқ» сервисі мен Алматыдағы «Жастармен» чат-боты бар. Көптеген өңірде әкімдіктің коммуналдық қызметтері граффитиді жою жұмыстарына қатысып жатыр. ШҚО-да прокурорлар мүдделі органдар және бизнес өкілдерімен бірлесіп «STOP, есірткі!» бастамасын іске қосты, жеке қор ашылды. Бұл жоба есірткі бизнесіне қатысты шынайы ақпарат берген адамдарға сыйақы төлеуді көздейді. Таратушы туралы хабарлаған адамға 300 мың теңге мөлшерінде берілген сыйақы бар.

Азаматтардың, әсіресе жас ұрпақ­тың болашағы есірткінің айналымына қарсы күрестегі жан-жақты күш-жіге­рі­нің тиімділігіне байланысты еке­нін қайталап атап өткім келеді. Сөзімді тәмамдай отырып, ең алдымен, әрбір азамат жоғары моральдық, этикалық және мәдени қағидаттарды қамтитын заңға бағынушылықты дамыту керек дегім келеді. Әркім өзінен бастауға тиіс. Президентіміз айтқандай, әділдік пен тәртіп – барлық деңгейде жоғары ұстануға тиіс қасиет. Онсыз күшті және саламатты ұлт қалыптастыру мүмкін емес.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:06

10:35

10:01

07:35

06:33

19:14

18:35

18:16

18:08

17:45

17:38

17:26

17:13

16:42

16:02

15:39

15:30

14:44

14:41

14:28

14:14

13:56

13:32

12:57

12:54