AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
    • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
    • • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мәдениет / Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықты...

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Қазақы әдет-ғұрыпқа дінді қарсы қою – әріден ойластырылған қастандық

Мәдениет 13.07.2026, 11:55 9
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Қазақы әдет-ғұрыпқа дінді қарсы қою – әріден ойластырылған қастандық

– Қай заманда да зиялы қауымға қоғамдағы өзгерістердің қозғаушы күші ретінде қарап келдік. Сіздіңше, интеллигенцияның бүгінгі таңдағы рөлі, орны қандай?

– Бұрын қалай болса, әлі солай. Зиялы кауым да, жалпы көпшілік те бізде ежелден үш түрлі. Біріншісі әрі әлі де дес бермей келе жатқаны – орысша оқып, орыс әдет-ғұрпын бойына сіңіргендер. Обалы не керек, оларда білім бар, бірақ бойында ұлттық болмыс кемшін. Қазақтың әдетін, ғұрып-салтын терең біле бермейді немесе менсінбейді. Екіншісі бір-бірін нашар қолдайтындар – қазақша оқып, әдет-ғұрыпты әжептәуір білетіндер. Бұларда орысша оқығандардай дәл сөйлеу, бұлтақтамай және білгенін ғана айту, білгеніне ғана араласу жағы жетіспейді. Әлденеге жалтақтайды, әлденеден жасқанады. Оның түпкі себебі аз оқып, аз білгендіктен. Бұлар баяғы Абай айтқан:

«Туысқаның, достарың – бәрі екіұшты,

Сол себепті досыңнан дұшпан күшті», – дегенге саятындар. Сондықтан: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», – деуге бірі барады, бірі бармайды. Үшіншісі – анаған да, мынаған да қосылмайтын өзіне өзі тоқ жандар. Ең көбі – осы үшінші топ. Ойыңды жүзеге асыруға көмектесетін де, кедергі келтіретін де, негізінен, осы топ. Біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда Арыс бабамыздан гректер: «Жер бетінде өлілер көп пе, тірілер көп пе?» – деп сұраған ғой. Сонда бабамыз: «Кемедегілерді қайсысына қосасыз?» – деп, сұрағына сұрақпен жауап қайтарыпты. Сол айтқандай, осы үшінші топ бізде үнемі үнсіз қалады. Ал осы топ басқаларға қосылып оянған кезде ұлт та оянады, қазақ нағыз ауызбірлікті қазақ болады. Олар бұйығы жатқан кезде шын зиялының күні күн емес. Өйткені қазақта «Қой ақсағымен мың болады» деген сөз бар. Демек үшінші топқа жататын көпшілікті қай топ өзіне қоса алса, бізде сол топтың сөзі де, ісі де түгенделеді. Сол топтың рөлі де артады. Қазір зиялы қауымның арасында осы үшінші топты ояту күресі жүріп жатыр. Мен де сол күреске қатысып жүргендердің бірімін. Үшінші топ қолдамаса, қазақтың ұлттық тірегі үнемі қауіп үстінде қалтылдайды да тұрады.

Барлық адамның екі беті бар: бірі – елге жақсы боп көрінуге тырысатын қоғамдық беті, екіншісі – елден жасыруға тырысатын пенделік беті. Абайдың «іші жау боп, сырты күлмек» дейтіні – сол. Осы екі бет бір-бірімен қаншалықты үйлессе, сол адамды соншалық зиялы деп, халық соны тыңдауы тиіс.

– Бұдан біраз жыл бұрын бір сөзіңізде қазіргі қазақ тарихшыларын «жалтақ», «ынжық» деп сынағаныңыз бар. Сіздің ойыңызша, біздің тарихшыларымыз қандай тақырыптарға батыл бара алмай жүр? Қандай мәселелерде табансыздық танытуда?

– Тарих төңірегінде айтыс-тартыс көп. Себебі кеңес заманында қазақ тарихы арнайы оқытылмады. Сондықтан оны көбіміз шала білеміз. Соны пайдаланып әркім атақты тарихи тұлғаларды халыққа терең таныту үшін емес, атақтының атын жамылып өз атын шығарып қалу үшін дүмбілез дүниелерді жазып тастады да, соның кесірінен нағыз шындыққа жете алмай айтысып жүрген жайымыз көп. Мен, жалпы, тарихшыларды құрметтеймін. Олардың ілімі – елді ел ететін ілім. Сондықтан олар әр сөзіне, әр дерегіне мұқият болса екен, беталды сөйлей салмаса екен деп тілеймін.

Тарихшыларымыздың батыл бара алмай жүрген бір тақырыбы – шежіре. Шежіре көбінесе оқиғаның қалай болғанын, қайда болғанын және кімге қатысты болғанын еске алып айтады. Ал тарих соның қашан болғанын анықтауға тиіс. Сонда біздің аңыз деп жүргеніміздің біразы нақты ақиқатқа айналады. Сөйтіп тарихымыз түгенделе бастайды. Қазірше аңызды да, мадақ жырларды да тарихи дәлел деп ала жүгіріп жүрміз. Шын мәнінде, аңыз бен мадақ жырлар белгілі бір тұлғаның тек атақты адам болғанын ғана дәлелдейді. Сонан соң бізде сақ, ғұн, үйсін, қаңлы дәуірлерін нақты жіктеп, ғылыми дәлелде жоқ. Көненің бәрін сақ дәуіріне жатқыза салу – басын ауыртқысы келмейтіндердің әрекеті. Бұл – ғылым үшін үлкен қылмыс. Дәуір анық болмаған соң, қалғанының бәрі қате, өтірік жорамал болады. Сондықтан мен арнайы техникалық зерттеулер бойынша анықталмай, әншейін ауызша айта салған дәуірлерге сенбеймін. Мәселен, Есік қорғанынан табылған ханзаданы мен Үйсін дәуірінің адамы, Елсау бидің ерте өлген баласы Нулы деп санаймын. Бұл – рушылдық немесе жершілдігім емес, Қазыбек бек Тауасарұлының жазғандары мен Қытайдан шыққан «Үйсін елі» кітабіндегі зерттеулерден, Субихайдың, Мыңжанидың жазғандарынан түйгенім.

– Жазу, сызу мәселесі жөнінен алғанда, сіздің бүгінгі орфографиялық заңдылықтарға бағынғыңыз келмейтіні белгілі. Неге?

– Өйткені қазақ тілінің қазіргі заңдылықтары тіліміздің табиғи болмысына емес, орыс тілінің заңдылықтарына негізделген. 1983 жылы қабылданған «Қазақ тілінің негізгі емле ережелерінде» «Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады» деп ап-анық жазылған. Бұл – өте өрескел, зиянды заң. Мен сол заңды жойып, өз тіліміздің табиғатын ескере отырып, үндестік заңын негізге алатын жаңа заң қабылдау керек деймін.

– Біздегі грамматика, терминология салаларының кем-кетік тұстары, олқылықтары өте көп. Бірақ әркімнің әр жаққа тартып, өзінше ереже шығаруы, Терминком, Тіл білімі институты сияқты заңды құрылымдардан бөлек бағыт ұстануы онсыз да шатасқан жұртты одан әрі адастырады, тіпті сауатсыздандырады деп ойламайсыз ба?

– Шатасқан сауатсыздар қай заңды да басшылыққа ала алмай шатаса береді. Оларды қорғаштаудың, меніңше, еш қажеті жоқ. Мәселен, мен газет-журналға мақала бергенде төл сөздің тыныс белгілерін орын-орнына қойып жазамын. Мақалам жарық көргенде төл сөздің алдына қойылатын қос нүктені, соңында қойылатын үтір мен сызықшаны сондағы түзеткерлер үнемі алып тастайды. Сонда олар қай заңға бағынады? Оларды шатастырып жүрген мен бе, мені шатастырып жүрген олар ма? «Ал», «сонымен», «өйткені», «себебі», «демек» секілді шылауларды бүкіл газет дерлік қыстырма сөздің тыныс белгісін қойып үтірмен ажыратады. Қай заңға бағынып өйтеді? Еш заңға бағынбайды, бар-жоғы шылау мен қыстырма сөзді немесе қаратпа сөзді ажырата алмайды. Ондай білместікке, меніңше, ешқандай заң көмектесе алмайды. «Бола ма?», «Келе ме?» деудің орнына «Келеді ме?», «Болады ма?» дейтін болдық. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деп Абай, «Мен әкемнің отыз екі жасында туғанмын» деп оның ұлы Тұрағұл өткен ғасырда жазып кетіп еді, біз «туылды» дегеннің дұрыстығын дәлелдеп құлаш-құлаш мақала жаздық. Бұл сөздің әдеби нормасы «туды» дегені үшін бір ғылым докторы кезінде P.Сыздықованы тірідей жеп қоя жаздады. Абайға құлақ аспаған ғалымдар бізге құлақ аса ма? Ертең олар «туылған жер», «туылған ел», «туылған Отан» деп ән салса, мен еш таңданбаймын. «Халық жауы» атанып атылып кеткен ағаларымыз «отбасы» деп жазып кетіп еді, енді біз «жанұя» деген жасанды сөзді айтып та, жазып та жүрміз. Біздің тілімізде «отбасы» деген сөз бұрын болмаған секілді. Мен мұны білімділікке, сауаттылыққа жатады дей алмаймын. Орыстар солай жазды екен деп «араб» деп жазып, «арап» деп айтуды да мен қазақ тіліне әріден жасалған қастандық деп білем. «КПСС-ті» «СОКП» демей, «КПСС» күйінде жазыңдар деген кеңес үкіметініц өкімінен еш айырмасы жоқ. «Шариғат» дегенді «шариат», «молда» дегенді «молла», «Алла» дегенді «Аллаһ», «қижап» дегенді «хиджап» дейтіндер де – тіл басқыншылары. Қазақы сөзге, қазақы әдет-ғұрыпқа дінді қарсы қоюдың бәрі – әріден ойластырылған қастандық. Өйткені дінде бүкіл мұсылманға арап сөзін бұзбай сөйлетемін деген мақсат жоқ.

– Әдебиетші ретінде қазақ тілінің жазу-сызуы мен емле-ережесіне, сөздік қолданыстарына қатысты кемшілік атаулыны түзеудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

– Оның бір-ақ жолы бар: бүкіл түрік тілінің, соның ішінде қазақ тілінің де түп заңдылыгы саналатын үндестік заңын басшылыққа ала отырып, қазақ тілінің дұрыс жазу ережесін жаңадан жасап шығу керек. Бітті. Басқа ешқандай да жолы жоқ.

Сұхбаттасқан Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

Телеграм арнаға жазылыңыз
#әдебиет
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Саясаттанушы Нұрболат Нышанбай: «Халықтық құрылыс» жобасы адами капиталды дамытуға үлес қосады

Бүгін 12:15

Алматыда сақ дәуіріне жататын бірегей алтын әшекей табылды

Бүгін 11:39

Қазақстанда әскери барлау қызметінің құрылғанына 34 жыл толды

Бүгін 11:15

Алматы кітапханасында Жолдау басымдықтары талқыланды

Бүгін 10:22

Абай облысының фермерлері Алматыға арзандатылған бағамен 100 тоннадан астам азық-түлік әкеледі

Бүгін 10:16
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);