Алматы қаласы Жас сайлаушылар клубының төрағасы Бауыржан Маханбеттің айтуынша, жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және әділетті қоғам құруға бағытталған маңызды қадам болды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылғы 1 шілдеде Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енді. Бұл – жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған және ел азаматтарының ортақ таңдауын айқындаған тарихи құжат.
– Жаңа Конституцияда азаматтық ұстаным, адам құқықтарын қорғау, заңның үстемдігі және әділетті қоғам құру қағидаттары нақты көрініс тапқан. Сонымен қатар, білім, ғылым, инновация, цифрландыру және жастар үшін аса маңызды волонтерлік қызмет бағыттары да өз орнын алды. Бұл өзгерістер еліміздің болашақ дамуының берік негізін қалыптастырады, – деді ол.
Оның сөзінше, бүгінде жастардың саяси мәдениетін қалыптастыру, олардың азаматтық белсенділігін арттыру және қоғамдық үдерістерге саналы түрде қатысуын қамтамасыз ету ерекше маңызға ие.
– Жас сайлаушылар клубы Алматы қаласының жастарына өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге, жауапты шешім қабылдауға және қоғамдағы өзгерістерге белсенді қатысуға бағыт-бағдар беріп келеді. Әрбір жас азаматтың ел өміріндегі маңызды процестерге араласуы – мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі, – деді Бауыржан Маханбет.
Ол жаңа Конституцияны жастар арасында кеңінен насихаттау әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
– Өз пікірін ашық білдіре алатын, жауапкершілігі жоғары және қоғамдағы өз орнын айқын түсінетін жастар – еліміздің жарқын болашағын қалыптастыратын басты күш. Алда тұрған жаңа өзгерістер мен жаңа шешімдерді жүзеге асыруға Алматы қаласының Жас сайлаушылар клубы әрдайым дайын, – деді клуб төрағасы.
Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын қолдау бағытындағы іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыруға және осы бастамаларды ілгерілетуге дайын екендерін жеткізді.