ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген режиссер-дебютант Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» фильмі Испаниядағы 71-ші Сан-Себастьян Халықаралық кинофестивалінің “Жаңа режиссерлер” байқау бағдарламасына енді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
«Баск елінің» бұл фестивалі «А» класындағы ең көне кинофестивальдердің бірі және Еуропадағы Канн, Берлин, Венециядан кейінгі төртінші маңызды және испан тілінде сөйлейтін әлемдегі ең маңызды фестиваль болып саналады. Фестиваль бүкіл әлем бойынша көрнекті таланттарды іздеумен және жыл сайын жаңа есімдерді ашумен танымал.
«Бауырына салу» картинасы қазақтың байырғы дәстүрі бойынша әжесінің тәрбиесіндегі баланың өмірін баяндайды. Әжесі өмірден озғаннан кейін ол ата-анасына оралып, жаңа ортада бейтаныс адамдармен қарым-қатынас орнатуы керек. Фильмнің сценарийін жазған Асхат Кучинчирековтың айтуынша, бұл картина қазақ халқының салт-дәстүріне деген құрмет.
«Бұл өте жеке оқиға. Мен әжемнің қолында өстім, ол мені өсірді. Бірақ бұл жерде ең бастысы - ата-анамен қарым-қатынас. Әжесімен бірге өскен балалардың бәрі ешқашан ата-анасын «әке», «ана» деп атамайды. Неліктен? Балалар тастап кеткеніне ренжиді. Фильмнің драмасы сол, ескі отбасынан айырылған кейіпкер әлі де жаңасын таба алады», - дейді режиссер.
«Асхат Кучинчирекоа отбасындағы, ең алдымен, әке мен бала арасындағы қарым-қатынастың күшті оқиғасын өте талантты түсірген, «бауырына салу» дәстүрі Орталық Азия аймағында болғанына қарамастан, бүкіл әлем бойыншп түсінікті және көрерменге жақын болып шықты. Мұның жарқын дәлелі - Сан-Себастьян фестиваліне қатысу», - дейді фильмнің продюсері Анна Качко.
Көпшілікке Сергей Дворцевойдың «Тюльпан» фильміндегі басты рөлі арқылы танылған Асхат Кучинчиреков (2008 жылы Канн кинофестивалінде “Ерекше көзқарас” байқауының бас жүлдесінің иегері) өзінің дебюттік фильмін үш жыл бойы жасады. Түсірілім Алматы облысындағы Құйған және Тұйық ауылдарында жүргізілді. Қоюшы-оператор Жанарбек Елеубек. Басты рөлді жаңа актер Ерсұлтан Ерманов сомдады.
71-ші Сан-Себастьян халықаралық кинофестивалі 2023 жылдың 22-30 қыркүйегінде өтеді. Фестивальде сонымен қатар бүкіл әлем бойынша фильмдерді одан әрі ілгерілету және сату үшін кино мамандарын біріктіретін жыл сайынғы ірі кинобизнес алаңы өткізіледі.