Бауыр обыры - ең қауіпті онкологиялық аурудың бірі. Бұл дерт көбіне байқалмай дамып, көп жағдайда кеш сатысында ғана анықталады. Оның туындауына ықпал ететін негізгі қауіп факторының бірі - В және С вирусты гепатиттердің созылмалы түрі. Бұл инфекциялар адам ағзасында жылдар бойы ешқандай белгі бермей, бауырды біртіндеп зақымдап, қатерлі ісіктің пайда болуына қолайлы орта қалыптастырады. Бұл туралы Алматы №36 қалалық емхананың онколог дәрігері Зарина Тойлыбаева айтып берді, - деп хабарлайды Аqshamnews.kz тілшісі.
В және С гепатиттері - қан және басқа да биологиялық сұйықтық арқылы жұғатын вирус инфекциялары.
Ауру қан құйғанда, стерильсіз медициналық құралды қолданғанда, ине арқылы есірткі тұтынғанда, татуировка жасағанда, жыныстық қатынас кезінде жұғуы мүмкін. Басты қауіп - көптеген адам өз бойында вирус бар екені туралы білмеуі. Егер дер кезінде емделмесе, гепатит созылмалы түрге ауысып, уақыт өте келе циррозға немесе бауыр обырына әкелуі мүмкін.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, алғашқы анықталған бауыр обыры жағдайының 80 пайызына жуығы дәл осы созылмалы вирусты гепатиттермен байланысты.
В және С гепатиттеріне скринингтен өтуге тиіс адамдар қатарына медицина қызметкерлері (әсіресе қанмен жұмыс істейтіндер, инвазиялық процедура жүргізетіндер, хирургия, стоматология, гинекология, гематология және зертхана қызметкерлері), ота алдындағы пациенттер, қан құйдыруға мұқтаж адамдар, онкология, гемодиализ, трансплантология және басқа да бөлімшеде ем алып жатқандар кіреді. Сондай-ақ жүкті әйелдер мен өмір салтына байланысты АИТВ мен гепатитке шалдығу қаупі жоғары адамдар жатады.
Бұл аурудың зұлымдығы - бауыр зақымдалғанын ұзақ уақыт бойы теңгеріп тұруы.
Адам ешқандай ауырсыну не жайсыздық сезінбеуі мүмкін. Әлсіздік, оң жақ қабырға астының ауырлауы, тәбеттің төмендеуі, терінің сарғаюы сияқты белгілер тек ауру асқынған кезде ғана білінеді. Ал бұл кезеңде емдеу қиындай түсіп, сауығу мүмкіндігі де төмендейді.
Аурудың алдын алуға болады. Ол үшін бірінші кезекте екпе алу қажет.
B гепатитіне қарсы екпе - ҚР Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген және тегін салынады. Өкінішке қарай, С гепатитіне қарсы вакцина әлі жоқ. Сонда да бұл ауру ерте анықталса, емдеуге келеді.
Есіңізде болсын: скринингтен өту мен тұрақты тексеріліп тұру - денсаулыққа саналы қараудың белгісі. Ауруды ерте анықтау - гепатит пен бауыр обырының алдын алудың ең тиімді жолының бірі.
"Егер сіз бұрын-соңды В және С вирусты гепатиттеріне анализ тапсырмасаңыз немесе B гепатитіне қарсы егілгеніңізге сенімді болмасаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша емханаңызға барып кеңес алыңыз. Кейде бір қарапайым талдау - денсаулығыңыз бен өміріңізді сақтап қалуға көмектесуі мүмкін", - деп түйіндеді сөзін Зарина Тойлыбаева.