ffin.kz

Басты миссия – көрермен қуанышы

Басты миссия – көрермен қуанышы kstnews.kz

Қазіргі қуыршақ театры – жан-жақтылығымен өзгешеленген, жаңаша форматтар мен батыл қадамдардың, тың жаңалықтардың ордасы. Алматы қаласы мәдениет басқармасының Мемлекеттік қуыршақ театры - қазіргі таңда үзіліссіз жұмыс жасайтын республика бойынша жалғыз театр.


Көрермен талғамы мен сұранысына сай жұмыс жасайтын театр ұжымы өз көрермендеріне арналған премьералары мен онлайн форматтағы танымдық жобаларын қазіргі қалыптасқан эпидемиологиялық  жағдайда да сақтық шараларын қатаң сақтай отырып ұсынып келеді. Олардың қатарында қазақ халық ертегілерімен қатар, түрлі ұлт өкілдерінің үздік туындыларын талғаммен таңдалған «Балаларға базарлық», «Қайырлы түн, балақай!», «Ертегілер апталығы», шынайы еңбекке шақыратын  «Үйрен де, жирен, балақай!», салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын «Таңғы жаттығу жасайық!» сынды айдарлар - әлеуметтік желі оқырмандарының сұранысына ие туындылар.



Ересектерге арналған  қойылымдар қатарында миллиондаған тыңдармандардың жүрегінен ардақты орын алған көрнекті композитор, қазақ эстрадасының негізін салушы Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына орай «Өмір – өзен» музыкалық театрландырылған қойылымы тұңғыш жол тартты. Театр әлеміне қуыршақ өнерін қабыстыра байланыстырған У.Шекспирдің «Макбет» трагедиясы да адамның  ішкі арпалыс сезімдерін, нәзік те тылсым психологиялық күштерді, философиялық ойлар мен бүгінгі күнде де маңызын жоғалтпаған мәселелерді шебер бейнелеген қойылым ретінде көрермендер мен кәсіби сыншылардан жоғары бағасын алды. Театр репетуары жас көрермендерді көпшілдікке, мейірімділікке жетелейтін орыс халық ертегісі «Үйшік», кішіпейілділік пен тазалыққа, мақсатшылдық пен ғажайыпқа үндейтін «Күлше қыз», көңілді әуен ырғағында музыканың алғышарттарын  үйрететін танымдық бағыттағы «Қасқыр мен жеті лақ», ұлттық наным-сенімдер, салт-дәстүрлерден көрініс беретін  «Ер Төстік» қойылымдарымен толықты. 2020 жылдың қорытындысы бойынша, «Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» саралаған республика театрлары арасында «БАҚ-пен үздік жұмыс жасаған театр», «Онлайн форматтағы ең үздік театр», сонымен қатар «Үздік балаларға арналған қойылым – «Үйшік» спектаклі» номинацияларымен марапатталды.



Атаулы күндер мен арнаулы мерейтойларды да назардан тыс қалдырмайтын театр ұжымы 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай Алматы қаласының Медеу, Түркісіб, Бостандық, Алатау, Алмалы аудандарының өкілдері және театр ұжымының қатысуымен zoom платформасы арқылы «Конституция – егемендіктің алтын қазығы» тақырыбында онлайн дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстелдің мақсаты - әділдік, бостандық пен тең құқықтың нышаны – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнінің маңызын арттыру. Алматы күні аясында қаланың гүлденуі, болашағының жарқын да алаңсыз болуына жастардың да қосар үлесі зор екендігін көрсететін – «Алматы – махаббат мекені», сан жылдар тарих сынында сыналып, атамекенiне қайта оралған алма ағашының жемiсi – Алматының апортының киесін насихаттайтын «Алматының апортын, сәулем, саған сыйлаймын» сынды онлайн жобалар жуырда көрермен назарына ұсынылмақшы. Кәсіби шығармашылығын шыңдап, театр әлеміндегі жаңашыл бағыттар мен елеулі жаңалықтарды назардан тыс қалдырмай, рухани жаңару мен дамуды негізгі жұмыс өзегіне айналдырған қуыршақ театры жыл басынан бастап Татарстан Республикасы Қазан қаласында өткізілген  «Наурыз» XV Халықаралық түркі халықтарының театр фестивалінде «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» қойылымын онлайн ұсынып, арнайы дипломмен марапатталды. Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласында онлайн форматта өткізілген «КУКART» XV Халықаралық қуыр­шақ және синтетикалық театрлар фестиваліне сараптаудан өтіп, арнайы шақыртумен қатысқан «Ромео мен Джульетта» қойылымы «Уильям Шекспир шығармасының қазақ тіліндегі ерекше оқылымы» номинациясына ие болды. Сонымен қатар, Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана» қойылымы онлайн форматта шетелдік театр ұжымдары арасында жазушы шығармалары желісінде  сахналанған спектакльдер қатарынан топ жарып, Қырғызстан Республикасының ұлттық «Эргуу» театр жүлдесін  иеленіп, «Қырғыз авторының шығармасын ең үздік сахналаған шет елдік театр» номинациясы бойынша жеңіске жетті. Өнер ұжымы қазан айында Түркияда өткізілетін VII Халықаралық «Анкара» қуыршақ театрлар фестиваліне үш мәрте шақыру алып, биылғы жылы ересектерге арналған «Макбет. Иллюзия» қойылымымен қатысуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, республикамызда ұйымдастырылатын «ТеART-Көкше» Халықаралық театр фестиваліне «Каштанка» қойылымымен және Қарағанды қаласында өткізілетін «Сын –шын болсын...» Әшірбек Сығай атындағы республикалық театрлар фестиваліне «Ромео мен Джульетта» трагедиясын ұсынуға дайындық үстінде.


Сырлы әлемімен баурайтын қарапайым қуыршақтардың түрлі мүмкіндіктерін жан-жақты көрсететін жаңашыл формалар мен  батыл қадамдардың айқын көрінісінің айғағы – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры. Ал өнер ордасының ең басты миссиясы – көрермен қуанышын арттыру.


                                                     

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04