Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде қазақ халқының дәстүрлі баскиімдерінің тарихи, мәдени және рухани маңызын кеңінен таныстыру мақсатында «Дәуірлер өрнегі: қазақтың бас киімі» атты көрме ашылды.
Тарихын Орынбордан бастаған Ұлттық орталық музейі қорында қазақ халқының материалдық мәдениетінің бір элементі болып табылатын –бас киімдер топтамасы сақталған. Көрмеде көрермен назарына Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің этнографиялық қорынан алынған 30-дан аса ерлер, әйелдер мен балаларға тиесілі баскиімдер ұсынылған.
Айта кету керек, көрмеге қойылған бас киімдерінің барлығына музейдің 2009 жылы жарық көрген «Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі» (иллюстрацияланған ғылыми каталог)» (ғылыми редакторы және жоба жетекшісі Нұрсан Әлімбай)» ғылыми басылымында сипаттама беріліп, олардың (мұрақ, қалпақ, сәукеле, қасаба, бөрік, құлақшын, малақай, тымақ, күләпара, тақия, бөртпе, кимешек) құрылымы, тігілу әдістері, әшекейлеріне қатысты ақпараттар жиналып, дәлелденген.
Музей көрермендері ерлер бас киімдері - тымақ, бөрік, ақ қалпақ, күләпәрә сияқты түрлерін тамашалай алады. Бұл бұйымдар киген мезгіліне байланысты киіз, тері мен матадан тігілетін болған. Қарапайым адамдар мен ауқатты адамдардың бас киімдерінің айырмашылығы – олардың жасалатын материалдарында. Лауазымды, бай адамдардың бас киімін ең қымбат маталар (барқыт, жібек, парша т.б) мен бағалы аң терілерінен (құндыз, бұлғын, түлкі т.б.) тігетін болған. Ал мұрақ аталатын бас киім өзінің пішінімен де ерекшеленеді. Бас киімнің тұлғасы қошқар мүйізіне ұқсас болып келіп, халқымыздың дүниетанымы мен эстетикалық талғамын танытады. Көрермен сұлтан Баймұхамед Айшуақтың мұрағының түпнұсқасымен танысады.
Көрмедегі қойылған жәдігерлердің әрқайсысы белгілі бір кезеңнің тынысын сездіреді. Сонау Орынбор кезеңінен жинақталған құнды жәдігерлердің кейбірі ҚР ҰОМ-нің түрлі аймақтарға жасақталған этнографиялық экспедицияларының нәтижесінде табылған. Мысалы, шошақ төбелі далбай тымақ 1987 жылы музейдің Түркіменстанға этнографиялық экспедиция барысында қолға түскен.
Ежелден қазақтар адамның құты маңдайға жазылады деп сенген. Ата-бабаларымыз бас киімді киелі бұйым санап, қасиетті мұра ретінде оған ерекше құрметпен қараған. Сондықтан, бас киімге қатысты көптеген әдет-ғұрыптар мен тыйымдар қалыптасқан. Қазақ бас киімді жерге тастамай, теріс кимей, бас киімді төрге, жоғары іліп қоятын болған. Қадірлі қонақтарға құрмет ретінде бас киімді сыйға тарту қазір де кездеседі.

Қазақта бас киімдердің алуан түрі болған. Бірақ та этнографтар-ғалымдар бізге дейін бас киімдердің көп нұсқалары жетпегенін айтады. Бас киімнен адамның жасы мен әлеуметтік мәртебесін, отбасылық жағдайын, қай аймақтан, ру-тайпадан екенін байқайтын болған. Көрмеде қойылған әрбір жәдігердің пішіні, жасалу технологиясы мен безендірілуі қазақ шеберлерінің эстетикалық талғамы және көркемдік дәстүрлері жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Қолөнершілер дәстүрлі тәсілдер - кестелеу, алтын және күміс жіптермен зерлеу, аң терісі мен сол замандағы қымбат маталарды т.б. қолданған. Сонымен қатар, бас киімді күміс, алтын басқа да асыл тастармен безендірген.
Көрмеге қойылған әйел бас киімдері сән-салтанатымен көз тартады. Олардың ішінде қалыңдық сәукелесі айрықша материалдық құндылыққа жатады. Сәукелені жасау қымбат болғандықтан, ертеде күйеу жігіттің туыстары оның құнын қалыңмалдан бөлек төлеген. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» кітабында «Сымбатты сәукеленің бағасы ХХ ғасырдың бас кезінде 1-2 мың сом күміс ақша немесе жүз жылқының құнымен бағаланғаны айтылады. Бұндай көрнекті бас киімі қымбат асыл тастармен безендіріліп салмағы жеті келіге дейін тартқан. Қалыңдық сәукеле ішінен «зере» деп аталатын бөлігін киетін болған.
Бас киімдер әйелдердің сыртқы келбетін толықтырып, сұлулығы мен талғамын да көрсеткен. Мысалы, көрмеде қыз-келіншектердің үй жұмыстары кезінде (ас пісіру, мал сауу, киіз басу т.б.) тазалық үшін киген шашқабы қойылған. Алтын, күміс шытыралар мен асыл тастары бар қымбат шашқапты қазақ әйелдері сәндік үшін киетін болған.
Атаулы көрмеге кезінде этнограф Өзбекәлі Жәнібековтың көне түркі, қыпшақ бас киімінің элементтері бар дәстүрлі бас киімі ретінде танытқан қасаба да қойылған. Этнографтың айтуынша, қасабаның атауы «алтын зерлі» деген мағына береді. Музейге 1950-ші жылдары түскен бұл жәдігер зерлі шашақтармен ерекше сәндеп, зертаспа бастырып, түрлі ою өрнектермен кестеленген.
Музей қорынан ұсынылған бұл көрме келушілерге ата-бабаларымыздың өмір салтымен жақынырақ танысып, ұлттық дәстүрлердің терең мәнін түсінуге, ұлттық мұраны насихаттауға мүмкіндік береді. Көрмені тамашалап, тарихпен жүздесуге асығыңыздар.
Бибіфатима Бағдаулетова, Ұлттық орталық музейі антропология және этнология бөлімінің жетекшісі.