Бас жоспардың негізгі ережелері және олардың қала тұрғындарының жайлылығын арттыру үшін маңызы
Қаланы дамытудың Бас жоспары - бұл Алматының перспективалары айқындалған өте маңызды құжат. Әлемдік тәжірибені талдауға сүйене отырып, ол қаланың алдында тұрған артықшылықтар мен қиындықтарды көрсетеді. Бас жоспарда айқындалған Алматыны одан әрі дамытудың басты жеті қағидасы жайлы қалалық орта құруға және оның барлық аудандарда өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Олардың әрқайсысы инфрақұрылымды дамытуға, экологиялық жағдайды жақсартуға, білім беру мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ экономикалық және мәдени әртүрлілікті қолдауға бағытталған нақты шаралар мен жобаларды қамтиды. Бас жоспар Алматының барлық тұрғындарына заманауи, қолайлы және гүлденген ортада өмір сүруге мүмкіндік беретін қаланың болашақ дамуы үшін сенімді бағдар болып табылады.
Жайлы қалалық орта
Осы мақсатқа жету үшін Алматыда 5 жаңа полиорталық құрылады. Олардағы қалалық орта Алматының тарихи орталықтың үлгісі бойынша – көшелердің тығыздығымен және адамдарға жайлы құрылыспен қалыптастырылады. Жоспарлау кезеңінде барлық қажетті тұрғын үй, әлеуметтік, инженерлік, көлік, цифрлық, коммерциялық және рекреациялық инфрақұрылым қарастырылатын болады. Осының арқасында полиорталықтар өмір сүруге жайлы әрі қолайлы аудандарға, іскерлік және қоғамдық белсенділік орталықтарға айналады, қала тұрғындарының әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етеді. Мәдени және тарихи маңызы сақталатын тарихи орталыққа да назар аударылады, бұл ретте Кеңес кезеңінде салынған шағын аудандарды ревитализациялау бағдарламасы жүргізіледі.
Полиорталықтарды дамытудың бірқатар артықшылықтары бар. Біріншіден, олар кептелістерді азайтуға және көлікке қолжетімділікті жақсартуға ықпал етеді, өйткені тұрғындар өз ааудандарында қажет нәрсенің бәрін таба алады. Екіншіден, олар ыңғайлы және әртүрлі қызметтерді, белсенді өмір салты үшін инфрақұрылымды, саябақтарды, демалыс және ойын-сауық аймақтарын ұсына отырып, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға жағдай жасайды. Үшіншіден, полиорталықтарды дамыту жұмыс орындарының алуан түрлілігіне ықпал етеді және бизнес пен кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.
Полиорталықтардың жайлы және гүлденген қалалық ортаны қалыптастыру үшін маңыздылығын мойындай отырып, Алматы қаласын дамытудың Бас жоспары полиорталықтарды құруға және дамытуға ерекше көңіл бөледі. Олар қала тұрғындарының өмірі мен қызметінің орталықтарына ғана емес, Алматының дамуы мен қазіргі заманының символына айналады.
Әлеуметтік инклюзия
Бас жоспардың маңызды аспектісі халықтың барлық топтарының әлеуметтік инклюзиясын қамтамасыз ету болып табылады. Жас отбасылар мен аз қамтылған азаматтар үшін қолжетімді тұрғын үй салу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жаңа білім беру және мәдени орталықтар құру жоспарлануда. Мақсат – Алматының әрбір тұрғынының толыққанды өмір сүруі мен дамуы үшін тең мүмкіндіктерге ие болуы.
Көлік жүйесін жақсарту
Көлік проблемаларын азайту және қала тұрғындарының мобильділігін жақсарту мақсатында метроның дамуы мен жаңа көлік магистральдарының құрылысын қоса алғанда, қоғамдық көлікті модернизацияланады және ұлғаяды. Сондай-ақ, велосипед және жаяу жүргіншілер аймақтарын дамыту, автотұрақтар мен көлік ағынын басқару жүйесін құру жоспарлануда, бұл қала бойынша қозғалысты ыңғайлы, қауіпсіз және экологиялық зиянсыз етуге мүмкіндік береді.
Орнықты даму
Алматының жаңа Бас даму жоспарының басты міндеттерінің бірі – қаланың орнықты дамуын қамтамасыз ету болып табылады. Табиғи ресурстарды пайдалануды оңтайландыру, экологиялық таза технологиялар мен энергиямен жабдықтаудың орнықты жүйелерін енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады. Жасыл аймақтар мен саябақтар құру, қоғамдық кеңістіктер алаңын ұлғайту және экологиялық маршруттарды дамыту жоспарлануда. Мұның бәрі Алматы тұрғындарының салауатты және экологиялық таза ортада өмір сүруін қамтамасыз етеді және қалалық орта мен табиғат арасындағы тепе-теңдікті қалыптастырады.
Экономикалық даму
Бас жоспар қаланың экономикалық өсуін ынталандыруға және қолайлы инвестициялық орта құруға бағытталған. Инфрақұрылымды дамыту, инвестициялар тарту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі шаралар әзірленетін болады. Инновациялық технологияларды енгізу және жоғары технологиялық салаларды дамыту жаңа жұмыс орындарын құруға және қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруға көмектеседі.
Білім мен ғылымды дамыту
Қаланың өркендеуінің негізі білім мен ғылымды дамыту болып табылады. Бас жоспар жаңа заманауи мектептер, университеттер, ғылыми орталықтар мен кітапханалар салуды көздейді. Қаланың зияткерлік әлеуетінің өсуіне және жоғары деңгейдегі білім беру ортасының қалыптасуына ықпал ететін жоғары білікті мамандар тартылады және инновациялық зерттеулерді дамыту үшін жағдайлар жасалатын болады.
Мәдени алуан түрлілік және туризм
Бас жоспар мәдени алуан түрлілік пен туризмді дамытуға да назар аударады. Жаңа мәдени және ойын-сауық орталықтарын, мұражайларды, театрлар мен спорт нысандарын құру жоспарлануда. Тарихи көрікті жерлер қалпына келтіріліп, өзгертіліп, туристерді тарту үшін туристік маршруттар мен инфрақұрылым дамиды. Бұл қаланың мәдени мұрасын сақтауға және Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды атмосфера құруға ықпал етеді.
Дамудың жеті мақсатын іске асыру Алматының барлық тұрғындары үшін жоғары өмір сапасы мен әл-ауқатын қамтамасыз ететін табысты қаланың озық үлгісі болуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бұл жобаны талқылауға тұрғындардың белсенді қатысуы - бас жоспардың алдыңғы жоспардан ерекше әрі маңызды екенін көрсетеді. Өткен жылы жазда біз Бас жоспар жобасының тұсаукесері кезінде 13,5 мыңнан астам қала тұрғыны қатысқан урбанистік зерттеуді бастадық. Алынған сауалнамаларды талдау бізге әртүрлі аудан тұрғындарының нақты қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік берді. Қазір сауалнама жалғасуда және келіп түскен ұсыныстар бес жаңа полиорталықтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен жұмыс істеу кезінде ескерілетін болады. Сонымен қатар, құжат жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылған кезде, үш күн ішінде құжаттың әр бөлімі бойынша қызу пікірталас кезінде біз қала тұрғындарынан 1 380 ұсыныс алдық. Барлық келіп түскен пікірлер талданып, жобада ескерілді. Біз сондай-ақ қала тұрғындарының Ашық НҚА порталында қалдырған пікірлері мен ұсыныстарын ескердік, жұмысқа Мәслихат депутаттары да белсенді түрде кірісті. Барлық келіп түскен пікірлер мен ұсыныстар мұқият талданып, жобада ескерілді.
Әзірлеушілердің кәсібилігі мен қала тұрғындарының белсенді қатысуының арқасында Алматының Бас даму жоспары жайлы, тұрақты және гүлденген қалалық ортаны құруға бағытталған серпінді стратегияға айналды.