Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының азаматтарды жеке қабылдауы барысында тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері баспана мәселесін, әлеуметтік қолдау, көркейту, көлік инфрақұрылымын дамыту және экология мәселелерін көтерді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Тұрғындар ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау жобаларын дамыту, балаларға арналған музыкалық академия ашу, экологиялық технология енгізу және қоғамдық көлікті жаңғырту жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, қала тұрғындары футбол стадионын салу, жол қозғалысын ұйымдастыру, тұрғын үйлер мен оларға іргелес аумақтарды күтіп ұстау мәселесі бойынша жүгінді.
Көтерілген мәселелердің басым бөлігі тұрғын үй саласына қатысты болды. Алматы тұрғындары халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын үйді жекешелендіру шарттары, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды баспанамен қамту, сонымен бірге мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін алып қою жайын да қозғады.
Әрбір өтініш бойынша жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктерінің өкілдері түсініктеме берді. Қосымша зерделеуді қажет ететін жайттарды қолданыстағы заңнама аясында тиісті қызметтер қарастырады.