Президент жарлығымен 2025 жыл- «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет 2025 жылы Жұмысшы мамандықтары жылына арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.
Осы орайда, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында «Барлық мамандықтар ұстаздан басталады...» атты колледждер арасында әлеуметтік челленджі №1 Алматы қазақ гуманитарлық- педагогикалық колледжінде ұйымдастырылды.
Челлендждің мақсаты - шынайы еңбек майталмандарының үлгісі арқылы ұстаз мамандығының тартымдылығын көтеру.
Аталмыш шараны ұйымдастырушы Эльвира Айтжанқызы:
- Құрметті қонақтар, бүгінгі іс-шараға қош келдіңіздер! Бүгін біз жұмысшы мамандықтарын құрметтеу күні ретінде атап өтеміз. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен педагогтері арасында жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде «Барлық мамандықтар ұстаздан басталады...» әлеуметтік челленджі ұйымдастырылған болатын, бүгінгі шара соның бір парасы,- дей келе іс-шараның мәнімен маңыздылығына тоқталып өтті.
Мұнан соң, жұмысшы мамандықтары (құрылысшылар, теміржолшылар, электриктер, аспаздар және басқа мамандықтар) туралы бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.
Алғашқы сөз кезегін алған №1 Алматы қазақ гуманитарлық педагогикалық колледж директоры Мендгазиева Мағишат Таскалиевна:
-Иә, жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру- қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым- қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс. Бұл міндетті шешу үшін кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, біліктілікті арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерді көбейту, жұмысшы мамандықтарын жаңарту, мән-маңызын кеңінен насихаттау, мемлекеттік, қоғамдық, жергілікті деңгейде қолдау көрсету сынды кешенді іс-шараларды жүйелі жүргізуді, қапысыз атқару қажет,- деді ол.
«Жұмысшы мамандықтары» дегенде жұмыстың ауыр-жеңілін талғамайтын құрыш білектілер еске түседі. «Жұмысшы мамандар», «Еңбек адамы» деген кім?, «Жұмысшы мамандары» дегенде кім есіңе түседі? деген сауалдар ортаға тасталып, аражігін ажырату мақсатында пікірлер бөлісіп, ой өрбітілді.
Бар мамандықтың иесі ұстаздардың тәлімін алып, алдынан өткен. Халық батыры Бауыржан Момышұлы атамыз: «Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам- мұғалім.
Шара да әр колледжден бір оқытушы мен бір студент ортаға шақырылып, «Кім қандай мамандық иесі?» ойынын ұйымдастырды. Ойын шарты бойынша қатысушылар бір-біріне қарап, оларды қандай мамандыққа келеді деп ойлайтындарын айтса, «Қолғап» әдісіндегі ойында қолғапта жасырылған әріптерді алып, сол әріптер бойынша ұстаздар мен шәкірттер бір-біріне жақсы ізгі-тілектерін арнады.
Еңбеккер еңбегін еш қалдырмай, әлеуметтік челленджге ат салысқан, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен педагогтері алғыстарын айтты.
Челленджге қатысушылар ережедегі ұйымдастыру тәртібі және өткізу шарттары бойынша, колледжден мамандық иелерінің жетістіктерімен, олардың еңбек қызметімен танысу және тұлға ретінде қалыптасуындағы ұстазының ролін айқындауға байланысты 2 минуттық бейнероликті хештег арқылы жариялады. Instagram әлеуметтік желіге жариялауда мазмұны қысқа және нақты, еңбек өтілі мен мамандығына сәйкес арнайы киімде болуы, жұмысшы жылының логотипі қойылуы керектігі ескертілген бұл іс-шара да жеңімпаздар жүлделі орындар және номинациялармен марапатталды. І-орынды Алматы мемлекеттік бизнес колледжі жеңіп алды, ІІ-орынды Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжі иеленсе, ІІІ-орын Алматы сервис және технологиялар колледжіне бұйырды.
Челленджді кеңінен тарату және әртүрлі мамандық иелері туралы қоғамдық жағымды пікір қалыптастыру және жұмысшы мамандығының тартымдылығын, жастардың өз мамандықтарына қызығушылықтарын туғыза білген «Үздік креативті жұмыс» - Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжі, «Үздік командалық жұмыс» - Алматы көпсалалы колледжі, «Үздік контенттік жұмыс» -Almaty polytecnic college және белсенділік танытқан 14 колледж сертификатпен марапатталды. Бейнероликтерде түрлі саланың жұмысшы мамандарының еңбек жолындағы ұстаздарының рөлін, ақыл-кеңестерін көрсете білді.
Жеңіс - қажырлы еңбектің, табандылықтың және шынайы ынтаның жемісі. Сіздер өз еңбектеріңізбен биіктен көрініп нағыз көшбасшылар екендеріңізді дәлелдедіңіздер! Бұл марапаттар- сіздердің осы саладағы ерекше еңбектеріңіздің белгісі, алдағы уақытта да жаңа белестерді бағындыра беріңіздер!- деген Эльвира Айтжанқызы шараны қортындылады.
Еңбектің қадірін түсініп, әр салада жетістікке жеткен азаматтарды ұлықтау әр адамның парызы. Жас ұрпаққа үлгі боларлық еңбек адамдары әрдайым құрметке лайық!