Ол вирус жұқтырған немесе байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға баруының алдын алуға, шағын және орта бизнес жұмысын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев кеше «Алматы» телеарнасындағы дәстүрлі Akimat LIVE бағдарламасына онлайн режимде қосылып, тікелей эфирде алматылықтардың сұрақтарына жауап берді. Сөздің әлқиссасын эпидахуал жайлы бастаған қала әкімі жағдайдың күрделілігіне «дельта» штамы себепші екенін айтты. Сол себепті де, вакцина алу қарқынын баяулатпаған жөн екендігін атап өтті.
Қалада соңғы тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1493 жағдай тіркелді Қаламызда эпидахуалдың күрделі екенін естіп, көріп отырмыз. Тіпті, баспасөз беттерінде де хабарлаудамыз. Бұның бәрі тұрғындарды вирустан сақтандыру мақсатында істеліп жатқан жұмысымыз.
Қазіргі таңда 2 миллион алматылықтардың ішінде 115 мың тұрғынның вирусты жұқтырғаны белгілі болды. Бұл дегеніміз, қала тұрғындарының 5/7 пайызын көрсетеді. Көрсеткіш қала үшін тым көп екендігін байқауға болады. Былтыр ауырған науқастардың биыл да ауырып жатқанын көріп жатырмыз, оның басты себебі, адамдардың «дельта» штамын жұқтырып алуы. Бүгінде қаламызда "дельта" штамына қатысты КВИ дерті ушығып тұр. Соңғы 7 күн ішінде КВИ-дің симптомды ауруларының үлес салмағы өскен. 10 тамызда коронавирус инфекциясының 1493 жағдайы тіркелді, оның ішінде 1397 жағдай симптомды. Анықталмаған пневмонияның 7 жағдайы анықталған. Тәуліктік өсім 1,2%, репродуктивтілік саны 1,010 құрайды. Сондай-ақ, бүгінде 11 908 науқас үйде, АМСК мен Телемедицина орталығының мобильді топтарының бақылауында, олардың 539-ы симптомсыз, 10839-ы жеңіл, 251-інің жағдайы орташа ауыр. Стационарлық науқастардың жалпы санынан 1220 науқас инфекциялық стационарлардан шығарылып, амбулаториялық бақылауға және оқшаулануға жіберілді.
Мектептер мен балабақшалар «Ashyq» жобасына 100% қосылған және 1 қыркүйектен бастап осы жүйеде жұмыс жасауға дайын.
Жүйе барлық оқу орындарында енгізілген, мұғалімдер, қызметкерлер және ата-аналар да пайдалана алады. Шаһардағы білім беру жүйесінің қызметкерлері, оның ішінде білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы, «Алматы дарыны» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау мен қолдау орталығы, қалалық дене шынықтыру мен спорттың оқу-тәжірибелік орталығы, мемлекеттік балабақшалар мен мектептер, колледждер, интернаттар, қосымша білім беру ұйымдары 100% вакциналанған. Бұл ұйымдарда барлығы 36 825 адам жұмыс істейді, 32 113 адам екпе ектірген. Сондай-ақ, жеке балабақшалардың ұжымдары 100%, жекеменшік мектептер 85%, қосымша білім беретін жеке ұйымдар 58% екпе салдырған. Офлайн форматта басталуы тиіс жаңа оқу жылы қарсаңында оқушылар мен студенттер арасында жұқтырудың алдын алу үшін екпе алу өте маңызды екендігін айрықша атап өткен жөн болар.
***
Бақытжан Сағынтаев қаладағы эпидахуал жағдайымен таныстырып өткеннен кейін, әдеттегідей, шаһар басшысы мен алматылықтар арасында дәстүрлі сұрақ-жауап үрдісі өрбіді. Қажет кезде эфирге тиісті сала басшылары онлайн қосылды. Қала әкімі тұрғындарды толғандырған сауалдарға жан-жақты, толыққанды жауап берді.
Сұрақ:
– Мен Бостандық ауданының тұрғынымын. Сәтбаев–Жароков, Әуезов–Жандосов көшелерінің орамындағы үйлер қайта жаңғыртыла ма? Реновация бағдарламасына іліге ме? Іліккен жағдайда құрылыс жұмыстары қай жылы басталады? Мұның анық-қанығын қай жерден біле аламыз?
Бақытжан САҒЫНТАЕВ:
– Аталған көшелерде (Сәтбаев– Жароков–Әуезов–Жандосов) 2021–2025 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасына жататын, пайдалану мерзімі өткен 11 үй бар. Қазіргі уақытта инвесторлар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қоныс аудару және бұзу мерзімдері туралы қосымша хабарланатын болады. Сонымен қатар, қосымша сұрақтар туындаған жағдайда, сіз «Алматы «ӘКК» АҚ-ның электрондық поштасына (info@spkalmaty.kz – ред.) жазбаша түрде хабарласа аласыз немесе Колл-орталыққа 2810 нөміріне ұялы телефоннан, + 7 (727) 356-02-80 нөміріне қалалық телефоннан қоңырау шалуға болады.
Бүгінде Алматыда 1400-ден астам екі қабатты ескі үйлер бар. Мұндай тұрғын үйлердің жартысынан көбі Түрксіб, Бостандық және Жетісу аудандарында орналасқан.
Ескі тұрғын үй проблемасын шешу мақсатында 2021 жылы 19 ақпанда Алматыда тұрғын үй қорын реновациялаудың 2021–2025 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Оның шеңберінде жалпы ауданы 2,3 млн. шаршы метр 708 ескі үйді немесе 6637 пәтерді бұзу және 683 үйді немесе 34 605 пәтерді салу көзделген.
Бағдарлама екі тетік арқылы жүзеге асырылады. Біріншісі – жеке инвесторларды тарта отырып іске асырылатын қолданыстағы және жоспарланған реновациялау жобалары. Оның шеңберінде 458 үйді немесе 4057 пәтерді бұзу және жалпы ауданы 1,8 млн. шаршы метр 520 үйді немесе 27 451 пәтерді салу көзделген, оның ішінде 83 үйді реновациялауды әкімдік жеке инвесторлармен бірлесіп және 197 үйді жеке құрылыс салушылармен өз бетінше іске асырады.
Инвесторлармен бірлескен қызмет туралы жасалған 12 шарт шеңберінде 1662 пәтерден тұратын 185 үйді бұзу, жалпы ауданы 637 446 шаршы метр болатын 172 тұрғын үй, 10 652 пәтер салу жоспарлануда. Инвестицияның жалпы сомасы 188,7 млрд. теңгені құрайды.
Ағымдағы жылдың басынан бері инвесторлар өз бетінше және ӘКК-мен бірлесіп 14 ескі үйді (126 пәтер) бұзды. Атап айтқанда: Жетісу ауданында – 68 пәтерлі 8 үй, Түрксіб ауданында – 27 пәтерлі 2 үй, Бостандық ауданында – 31 пәтерлі 4 үй. Сондай-ақ, Түрксіб ауданындағы бір ескі үйді (16 пәтер) бұзу жұмыстары жүргізілуде.
Екінші тетік – 50 млрд. теңге мөлшерінде бюджет қаражатын тарту есебінен жобаларды іске асыру. Бұл 250 инвестициялық тартымсыз үйді немесе 2580 пәтерді бұзуға және ауданы 500 мың шаршы метр 163 үй немесе 7154 пәтер салуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 70 үй қызыл сызықта, 59 үй су қорғау аймағында орналасқан және 143 үй апаттық жағдайда тұр.
Бүгінгі таңда Алматы қаласында сәулет келбетін қалыптастыру және әлеуетті инвесторларды іздеу ережелеріне сәйкес, техникалық-экономикалық көрсеткіштерді талдау бойынша жұмыс жүргізілуде. Бейінді министрліктермен бірге реновация жобаларын іске асыру үшін жыл сайын 10 млрд. теңге мөлшерінде қаржы бөлу мәселесі пысықталуда.
Сұрақ:
– Алатау ауданындағы Метростроевская, Усть-Каменогорская, Беломорская және басқа көшелер қашан асфальтталады?
Бақытжан САҒЫНТАЕВ:
– Қалаға қосылған шағынаудандардың инженерлік инфрақұрылымын дамыту аясында соңғы жылдары бірнеше жүз шақырым су құбыры желілері салынды. 2022 жылға дейін қаланың барлық аумағы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі. Бүгінде қалаға қосылған шағынаудандарда, соның ішінде Алатау ауданында инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары жалғасуда. Мәселен, Райымбек көшесінің солтүстігі, Казаков–Бродский көшесінің батысы, Рысқұлов көшесінің оңтүстігі, Соқпақбаев көшесінің шығысы аумағындағы тұрғын үй массиві үшін су құбыры және кәріз желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу мақсатында 2017 жылы 25.08.2019 жылға дейін «КерегетасСомрапу LTD» ЖШС-мен шарт жасалды.
Шарт міндеттемелерінің немқұрайлылығы мен тиісінше орындалмауына байланысты «КерегетасСомрапу LTD» ЖШС құрылыс компаниясы сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекеттік сатып алуға ықылассыз қатысушылардың тізіліміне енгізілді.
Жоғарыда аталған мердігерлік ұйыммен жасалған шарт бұзылды. Басталған жұмыстарды өз қаражаты есебінен аяқтау қажеттілігі туралы шағым жолданды. Құрылыс және сот талқылаулары кезінде тұрғындар уақытша қолайсыздықтарға тап болды. Бүгінгі күні «Алматы Су» МКК күшімен нысанды жыл соңына дейін аяқтау мәселесі қарастырылуда. Тұрғындардан қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз.
Сұрақ:
– Жақында Rixos қонақүйінде карантиндік шараларды бұзу жағдайы тіркелген. Онда Орталық синагоганың бұқаралық шарасы өтті. Осыған орай қандай жазалау шаралары жүргізілді?
Жандарбек БЕКШИН:
– Біз Орталық синагогаға қарсы хаттама толтырдық, алайда Rixos қонақүйіне қатысты айтар болсақ, тиісті ауданның мониторингтік тобы заң бұзушылықты растайтын құжаттарды бізге тапсыруы тиіс. Олардан баянатты күтіп отырмыз. Қолымызға құжаттар түскен бойда тиісті шараларды қолға алып, айыппұл саламыз.
Сұрақ:
– Бостандық ауданында Розыбақиев, Штраус, Есқараев пен Радостовец көшелерінің аумағында б.з.д. V ғасырға жататын Сақ қорғандары орналасқан. Онда әкімдік Сақ мәдениетінің орталығын (аспан асты музей) салуды жоспарлаған болатын. Бұл жоба жалғасын таба ма?
Бақытжан САҒЫНТАЕВ:
– Иә, әрине. Жобалаушылармен біраз түсініспеушіліктер орын алғанымен, эскиздік жоба мақұлданды. Жақында олармен барлық келіссөздер аяқталады деп сенеміз. Келесі жылы жобаны іске асыруды қолға аламыз. Бұл аумақта жаңа үйлер салынып, халықтың саны артты. Келешекте мәдени орталық тұрғындарға арналған қоғамдық орынға айналады деп ойлаймын.
Сұрақ:
– Жетісу ауданы, Воронежская, 16 көшесінде кәріз жүйесін жүргізу үшін жолды қазған болатын. Салдарынан жолдар сол күйінде тұр. Қашан жөндеу жұмыстары аяқталады? Жолға асфальт төселе ме?
Гүлнар КӨКЕБАЕВА:
– Бұл жерде жылдың соңына дейін сужүйелерін өткізу жұмыстары аяқталғаннан кейін жаңа асфальт төселеді. Мердігер компаниялар жұмыстарын уақытылы аяқтайды.
Akimat LIVE бағдарламасын қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев тұрғындарды толғандырған сұрақтардың барлығы жауапсыз қалмайтынын, олардың оң шешілуін өзінің тікелей бақылауында ұстайтынын жеткізді. Сонымен қатар, мегаполис басшысы бүгінгіден күрделі кезеңде алматылықтар мен қала қонақтарын өзін-өзі оқшаулау ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Дайындағандар Серік ЖҰМАБАЕВ, Динара МҰРАТ.