ffin.kz

Бақытбек Смағұл: Министр киіктен мейрамхана мәзірін емес, табиғат перзентін көруі керек

Бақытбек Смағұл: Министр киіктен мейрамхана мәзірін емес, табиғат перзентін көруі керек Сурет: Inform.kz

Экологтар ақыл-кеңесін жеткізді.


Қазақстан Президенті Экология министріне сөгіс жариялай отырып, ақбөкендерді қырудан басқа жол іздеуді тапсырды. Мамандар басқа жолы барын айтты, деп хабарлайды  Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz  сілтеме жасап.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялағаны мәлім. Бұған геология саласының деградацияға ұшырауы сыртында, бас экологтың 80 мың киікті қыруға рұқсат етпекші болғаны да ықпал етті. Өйткені олар әр өңірде егінге жаудай тиіп жатқан көрінеді.


Дәл қазір қорықшылармен бірге аймақта түз тағыларының мекенін аралап, рейд жүргізіп жүрген Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл осыған қатысты пікірін білдірді.



«Бұл мәселе жөнінде мамандардың, экологтардың ақыл-кеңесін тыңдадым. Олар киіктерді атумен проблема жойылмайды дейді. Себебі бұл – кешенді түрде шешуді қажет ететін түйткіл. Біріншіден, Қазақстанда су көздері тартылып қалуда. Содан ауған ақбөкендер жасанды суландырылатын егістіктерді жағалайды. Екіншіден, жергілікті әкімдіктер ауыл шаруашылығы жерлерін бейберекет тарата береді, бұл салада ғылыми негізделген көзқарас жоқ. Салдарынан киіктердің жайылымы да тарылып барады. Киік егінге емес, бірінші кезекте бұрын жайылған жеріне келеді. Түз тағысы адамның емес, табиғаттың заңына бағынады ғой», – деді Бақытбек Смағұл.



Мамандардың айтуынша, бұдан басқа да ауыр, салмақты проблемалар бар. Мысалы, Үкімет Қазақстанды айқұш-ұйқыш халықаралық трассалармен, ақылы жолдармын жабуда. Трассаның бәрі "сырттан ақысын төлемеген көлік келіп қосылмасын" деп, қапталынан қоршап тасталады. Одан киіктер де өте алмайды. Бұл ақбөкендердің табиғи миграциясын бұзды, киік табындары бір-бірімен араласа алмай қалды. Салдарынан, өзге популяциялармен, табындарымен араласып, қанын жаңарта алмай, тұқымы азғындала бастады деген деректер бар. Ондай киіктер аурушаң келеді, қатаң әрі өзгере бастаған климатқа шыдай алмай қырылуы ықтимал.


Бұл ретте депутат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жол, әсіресе магистраль салғанда, одан киіктер, жануарлар өтуі үшін жерасты өтпесін қоса қарастыруды ұсынды.



«Президенттің айтқан сынына толық қосыламын. Қазақ үшін киелі жануарды қыруға болмайды, қазір 80 мыңын атса, келесі жылы одан да көбін қыруға тура келеді. Бұл іске министр ресторанның мәзір-менюін қарағандай көзқараспен емес, Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, ұлтымыздың менталитетін ескеріп, кәсіби тұрғыдан келгені жөн. Адамзаттың табиғи үйлесімі де, жаһандық жасылдар қозғалысы да осыны талап етеді. Осы орайда аймаққа сапарым аясында бүгінімді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром ӨБ» РМҚК Қызылорда өңірлік филиалы қызметкерлерімен бірге өткіздім. Рейдтік аралауына қатыстым. Біраз жайтқа қанықтым», – дейді Бақытбек Смағұл. 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51