Баланы жазалау керек пе?

Баланы жазалау керек пе? интернеттен
 Әрбір ата-ана ерте ме, кеш пе «Баламды жазалау керек пе?» деген сұраққа тап болады. Жазалау тәрбиенің бір бөлігі, алайда ол баланың тұлғасына зиян келтірмей, дұрыс әрі әділ болуы тиіс. 
 
Жазалаудың мәні
 
Балаларды жазалау – тәрбиенің бір элементі болғандықтан, ол баланың өмірінде белгілі бір деңгейде болуы тиіс. Жазалаудың негізгі мақсаты — балаға белгілі бір ұғымды түсіндіру, маңызды ақпаратты жеткізу және рұқсат етілген мен тыйым салынған әрекеттердің аражігін ажырату. Түсіндіруден айырмашылығы жазалау әрдайым тәртіптік сипатта болады, ал қажетті нәтиже көбіне қатаңдық арқылы жүзеге асады.
 
Әсер етудің негізі
 
Жазалау ешқашан күш көрсету түрінде болмауы керек, таяқ жеген бала өзіне тұйықталып, болашақ даму әлеуетін жоғалтады. Ерте жастан психикасы зақымданған бала ересек өмірде адамдармен қарым-қатынас орнатуда қиындықтарға тап болуы мүмкін. Балалық шақтағы қорқыныш кейін адамның жеке және кәсіби өмірде өзін жүзеге асыруына кедергі келтіреді.
 
Жазалау тәсілі әр отбасында баланың мінезіне, қызығушылықтарына, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәдениетіне байланысты әртүрлі болады.
 
Балаларға түсіндіріңіз
 
Екі жасқа дейінгі бала әрекет пен оның салдарын байланыстыра алмайды. Ол сіріңкемен ойнаудың неге қауіпті екенін немесе мысықты құйрығынан тартқанда ауыратынын түсінбейді. Сондықтан түсінбейтін әрекеті үшін баланы жазалаудың пайдасы жоқ.
 
Бұл жаста ата-ананың міндеті қауіпті жағдайлардан қорғау, тыйым салынған әрекеттерге мүмкіндік бермеу. Себебі баланың зерттеуге деген қызығушылығы басым болады.
 
Ал жасы үлкен балалармен келіссөз жүргізуді үйрену қажет. Баламен тең дәрежеде сөйлесіп, өз әрекеттеріңізді дәлелдеп, мысалдар келтіріңіз. Бұл көптеген жанжалдардың алдын алады.
 
Жазалау шегі
 
Не үшін жазалауға болады, ал не үшін болмайды деген ең күрделі сұрақ. Өте қатал тәрбие баланың жігерсіз әрі өзіне сенімсіз болып өсуіне әкелуі мүмкін. Ал шектен тыс еркіндік шолжаң, жауапкершілігі жоқ тұлғаны қалыптастырады.
 
Бұл жерде "өгіз өлмейтін, арба сынбайтын" тәсіл табу маңызды. Баланы тек әдейі, салдарын біле тұра жасаған әрекеті үшін ғана жазалау керек. Әсіресе ол бұл әрекеті үшін бұрын ескерту немесе жаза алған болса.
 
Егер бала қателігін түсініп, шын жүректен өкінсе және оны түзетуге тырысса, жазалауға болмайды. Қызығушылықпен бір нәрсені байқамай сындырып алса, оны әлемді тану ретінде қабылдаған жөн.
 
Сондай-ақ ауруға немесе жүйке жүйесінің ерекшеліктеріне байланысты әрекеттері үшін (төсекке жіберіп қою, тұтықпа, тырнақ тістеу және т.б.) баланы жазалауға болмайды.
 
Әділ болыңыз
 
Ешқашан баланы біреудің сөзіне сүйеніп жазаламаңыз. Егер жағдайды өз көзіңізбен көрмесеңіз, баланың кінәсін анықтауға тырысыңыз. Бір ғана әділетсіз жаза баланың әділдікке деген сенімін мәңгіге жоғалтуы мүмкін.
 
Балаңызға сеніңіз, онымен ашық сөйлесуді үйреніңіз. Бірнеше бала қатысқан жанжалдарда «бәріне бірдей жаза» қолданбаңыз. Үйдегі ережелерді өзіңіз де сақтаңыз, әйтпесе оны баладан талап ету орынсыз.
 
Дұрыс жазалау жолдары
 
Қорлау, балағаттау, жаман ат тағуға мүлде жол берілмейді. Бұл баланың бойында агрессия немесе немқұрайлылық тудырады. Тиімді әдістердің бірі уақытша елемеу. Бірақ міндетті түрде себебін түсіндіріп, уәдеңізді орындаңыз. Сонымен қатар сенімді әңгімелер өте пайдалы, баланың әрекетінің себебін анықтап, салдарын түсіндіріңіз.
 
Табиғи салдарға негізделген жазалау да тиімді. Мысалы:
• Киінгісі келмесе серуен уақыты қысқарады;
• Ойыншықтарын жинамаса ұйықтар алдындағы ертегі болмайды.
 
Осылайша бала өз әрекеті үшін өзі жауап беруді үйренеді.
 
 
Ең бастысы — махаббат
 
Қандай жағдай болмасын, бала ата-анасының өзін жақсы көретінін сезінуі тиіс. Сіз оның әрекетін құптамайтыныңызды айтыңыз, бірақ оның өзін ешқашан жоққа шығармаңыз. Дұрыс тәрбие қаталдық пен мейірімнің тепе-теңдігі.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:36

12:28

12:09

12:04

12:04

11:56

11:33

11:24

11:16

11:02

10:48

10:36

10:28

10:18

10:01

09:46

09:32

09:00

08:32

21:41

21:25

19:35

19:33

17:57

17:55