"Балалардың көзіндегі отты көргенде бәрін ұмытамын". 76 жастағы хореограф атамен сұхбат

  • 11:05, 27 мамыр 2025
"Балалардың көзіндегі отты көргенде бәрін ұмытамын". 76 жастағы хореограф атамен сұхбат сурет: кейіпкердің жеке архивінен

Ол үшін би – жай ғана өнер емес, өмірдің өзі. Жарты ғасырға жуық ғұмырын өнерге арнаған нағыз талант иесі. Кім дейсіз ғой? Шымылдықтың артында ширақ қимылмен билеп, бүлдіршіндерге би үйретіп тұрған қарияны желіден көрген боларсыз. Бұл – 76 жастағы хореограф Ерсін Жүсіпов. Аqshamnews.kz тілшісі өмірін өнерге арнаған атамен сұхбаттасып, тұтас ұрпақтың шабытын оятқан жанның әңгімесін тыңдады. 

Ерсін Жүсіпов - Қостанай облысы, Аманкелді ауданы, Байғабыл ауылында дүниеге келген. Қостанай педагогикалық институтында химия-биология пәні бойынша білім алып, ауыл мектебінде мұғалім болып еңбек етті. Алғашқы кәсіби қадамын ветеринар мамандығымен бастағанымен, өнерге деген махаббат оны сахнаға сүйреді. Ұстаздық қызметінен бос уақытында балаларға би үйретіп жүріп,  Сол кездегі қоғамдық жұмыстар оның тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберді.

Ветеринардан – хореографқа дейінгі жол

Ерсін мырза, мансабын ғылымнан бастап, өнерге деген сүйіспеншілік қайта шығармашылыққа жетеледі. Барлығы қалай басталғанын былайша әңгімелеп берді ол: 

"Қостанайдағы педагогикалық институтқа түсіп, сабақ бере жүріп, балаларға би үйретуді де қатар алып жүрдім. Сол кездің өзінде-ақ мектеп басшылығы байқап, мені тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші етіп қойды. Сөйтіп жүріп, аудандық мәдениет үйіне шақыртылып, өнер саласына бет бұрдым. 1996 жылы  Арқалық қаласына қоныс аударып, №6 мектепте және қалалық мәдениет сарайында бір жола биден сабақ беруге көштім" дейді Ерсін ата.     

Ерсін Жүсіпов мәдениет сарайында "Ақбота" би ансамблін ашып, 2004 жылы оған «халықтық» атақ әперген. 

Өзбекәлі Жәнібеков айтқан бір ауыз сөз...

1971 жылы Ерсін Жүсіпов 25 жасында Торғай облысына би байқауына 16 оқушыны апарады. Сол жерде болашақ қазақ мәдениетінің ұлы тұлғасы – Өзбекәлі Жәнібековтің назарына ілігеді.

"Өзбекәлі Жәнібеков мені шақырып алып: «Торғай жігіттерінің биін дайындаңыз, таза қазақы стильде» деді. Бұл – мен үшін үлкен сенім болды. Сол сөзі әлі күнге дейін жадымда жаңғырып тұр", – дейді Ерсін ата.

Осы оқиғадан кейін Ерсін Жүсіповке "райком" тарапынан бұйрық түсіп, ол аудандық мәдениет үйіне әдіскер болып қабылданады. Қазір ол Астананың іргесіндегі Қоянды ауылында тұрады. Осы елді мекенде «Мирас» би ансамблін құрды. Бір жарым жылдың ішінде 10-нан астам байқауға қатысып, үнемі қанжығасы бос қайтқан емес. 

"Мен жұлдыз емеспін – міндетімді атқарып жүрмін"

Зейнетке шықса да сүйікті ісімен айналысуын қоймаған Ерсін ата ширақ қимылдауының құпиясын бөлісті. Оның сөзінше денсаулықты жақсы сақтау үшін қиын формула қажет емес.

"76 жасыңда биден сабақ беру оңай емес. Дегенмен денсаулықтың арқасында істеп жүрмін. Денсаулықты жақсы сақтау үшін пәлендей қыр сыры жоқ шығар. Әркім өзіне сенімді болу керек. Күн режімін сақтап, әдеттенгенмін. Би де спорттың бір түрі секілді ғой. Осындай өзіңе ұнайтын, өзіңе пайдасы бар іспен айналысу және жанұяңдағы жақсы жағдай, тыныштық, сыйластық денсаулыққа тек пайда тигізері сөзсіз" дейді ол.

Сондай-ақ, Ерсін ата әлеуметтік желіде тараған бейне жайлы:

"Желіде тараған видеомды көріп өзім де таңғалдым. Видеоны кім түсіргенін білмеймін. Немерем «Ата, жұлдыз болып кетіпсіз ғой» дейді. Ұялып та қалдым. Мен жұлдыз емеспін, тек міндетімді атқарып жүрмін ғой" деп әңгімеледі. 

Мирасым-мұрам: "Жас буынға жол ашсам деймін"

Қазір Ерсін ата балалармен ғана емес, болашақпен жұмыс істеп жүр. Жоспарларының ішінде Қояндыда жаңа мәдениет үйінің ашылуы, әжелер мен аталардан құралған "Қазына" би ансамблін құру, ұлттық салт-дәстүрге негізделген сюжеттік билер қойылымы бар.

— Жас маман келсе, қуана-қуана орнымды босатам. Біраз уақыт қолдау көрсетіп, "Мирасымды" соған тапсырып кеткім келеді. Өнер жалғасуы керек. Ол менің ғана емес, ауылдың да рухани мұрасы, – дейді Ерсін ата үмітпен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

22:05

21:50

17:54

17:42

17:25

17:12

16:50

16:15

16:07

15:44

15:31

15:19

15:12

15:09

15:08

14:52

14:30

13:29

13:14

12:56

12:37

11:54

11:14

11:05

10:55