ffin.kz

Балаларды цифрлық жүйеге бейімдеген жөн

Балаларды цифрлық жүйеге бейімдеген жөн Сурет: Safenet.bg

Ресей Білім академиясының ғалымдары күтпеген қорытынды жасады. Интернет баланың ой-санасын дамытуға өте пайдалы екен. 


Зерттеу қорытындылары бойынша, балалар мен жасөспірімдердің ғаламторды ақтаруы зиян емес, керісінше, пайдалы. Бұл – баланың ойлау жүйесін дамытып, есту мен көру жадысын жақсартады екен. Тіпті, АҚШ, Австралия ғалымдары да интернетті белсенді пайдаланатын балалардың үлгерімі басқаларға қарағанда жоғары болатынын дәлелдеді.


Бұл қаншалықты дұрыс? Бұған қатысты мамандар не дейді?


Шынында да қазір қарап тұрсаңыз, бәріміз қаласақ та, қаламасақ та, интернет біздің өмірімізге сіңіп кетті. Бұдан қашып құтыла алмаймыз. Бүкіл өміріміз телефондағы интернетке байланып қалды. Қай салада болмасын, қажетті ақпараттардың барлығы ғаламторға еніп кеткен. Тіпті, кейінгі кезде алып-сатуды да, түрлі төлемдерді де интернет арқылы жасайтын болдық. Үйде отырып-ақ газ, су, жарық, т.б. коммуналдық шығындардың бәрін интернет арқылы төлейміз. Қажетті құжаттарды да мекемелерге сандалмай, электронды түрде ала салатын болдық. Банкке кезекке тұруды да, ең арысы пойыз, ұшаққа билет алуды да интернет арқылы жасаймыз. Ендеше, неге өзіміз телефондағы интернетсіз ештеңе шеше алмайтын жағдайға жетіп тұрып, балаларымыздың мұны қолдануына қарсы боламыз? 


Бұл ретте біз психологтармен тілдесіп көріп едік. Олар интернетті мүлдем жау көруге болмайтынын, қазаққа жасалған қастандық деп қарамау керектігін жеткізіп отыр. 
    – Қазір қоғам дамудың жаңа жолына түсті. Цифрлық технология, интернет арқылы жұмыс жасау жұмысымызды әлдеқайда жеңілдетті. Қарапайым қағаз басу, газет шығарудың өзі артта қалды. Бүкіл ақпаратты интернеттен түрлі сайттар арқылы көретін болдық. Ендеше, бүкіл әлем интернетке көшіп жатқан кезде неге біз балаларымызды одан аластаймыз?
       Интернеттің ішінде баланың ой-санасын дамытатын қаншама мазмұнды ақпараттар бар. Неге соны көрсетпеске? Егер біз балаларымызға ғаламтормен дұрыс жұмыс істеуді үйретсек, оның зиянынан пайдасы көп. Әрине, егер бала өзіне қажет емес ақпараттарды көріп, теріс бағыттағы, мәселен, жастарды суицидке итермелейтін, порнографиялық сайттар, атыс-шабыстарға кіретін болса, онда оның психикасы бұзылады. Болашақ дамуына кедергі болады. Дегенмен, қазір айдаладағы бір ауылда отырып, бүкіл әлемдегі жаңалықтарды қарап, ғылыми-зерттеулерге үңіліп, өзінің білімін шыңдап, жетістікке жетіп жатқан жастарымыз баршылық. Мысалы, мен үйінен шыға алмайтын кемтар баланы білемін. Ол бүгінде интернетті дұрыс пайдаланып, ғаламтор арқылы білімін шыңдап, шетелдік ғалымдардың еңбектерімен танысып, жақында тіпті әлемге аты шулы ғалыммен кездесті. Тәп-тәуір пайда тауып отыр. Осыдан кейін интернетті қалай жоққа шығарасыз? Сондықтан мұның мүмкіндігінше оң жағын көрсетуіміз керек. Бір өкініштісі, бізде интернетпен жұмыс жасаудың мәдениеті қалыптаспаған. Сол себептен, біз бұған шошына қараймыз. Ең бастысы, бұл жерде ата-ана балаға интернетке кіруге рұқсат беріп, бірақ оны үнемі бақылауда ұстап отыруды ұмытпауы керек. Егер балаға интернетті дұрыс пайдалануды үйретсек, одан ұтарымыз көп, – дейді психолог Әбдуәлі Мәмеділ. 
      Ресейлік ғалымдар 5-6 жастағы балаға интернетте бір сағат отыруына болады деген ұйғарым шығарған. 7–10 жас аралығындағы оқушылар 1-ден 3 сағатқа дейін қарауына болады екен. Ал 11-ден 13 жасқа дейінгілердің 5 сағат интернетке кіруіне рұқсат етіледі. 14-тен жоғары жастағыларға ешқандай шектеу қойылмаған. 
       Жасыратын несі бар, қазір кешке қарай үйге барсақ, бәріміздің шаңырағымызда «шу» басталады. Үйде телефонымызға немерелеріміз, балаларымыз жармасады. Солардың қолынан түспейді. Олар интернет арқылы ойын ойнайды, үй салады, оның ішін әспеттейді. Осындай кезде балаға интернеттің пайдалы жағын көрсетіп отырсақ, жақсы-ақ болар еді. Кейде қарап отырсаңыз, математикадан көбейту жолдарын қалай оңай шешу керектігі интернетте айдан анық көрініп тұр. Екі, үш жолдық есепті (мәселен, 28*45=) қалай тез шығару керектігі Ютуб каналында бейнеролик арқылы көрсетілген. Осыны балаға көрсетсеңіз, ол ары қарай шұқып отырып ойын дамыта береді. Тіпті қажет десеңіз, әрбір баланың өзінің жасына қарай виртуалды олимпиадалар бар. Осындай кезде кейде бала үлкен адамның ойына келмейтін сұрақтар қояды. Оны қайдан естідің десең, «Ютубтан көрдім, интернеттен қарадым» деп жатады. Бұл жақсы емес пе? Сондықтан ата-аналар баланың интернетті дұрыс пайдалануына, өзіне қажетті ақпаратты таңдай алуына үйретуі керек. 


Берік АСУБАЕВ, география ғылымының кандидаты:


Интернетті дұрыс пайдалану жолын қарастыру керек


 Баланың интернетте отырғанынан шошудың қажеті жоқ. Мәселен, сіз бұрынғы ескі «Жигулиді» мінгіңіз келе ме? Жоқ. Өйткені, қазір одан да жақсы көліктер шығып кетті. Сол секілді, технология да қарыштап дамып жатыр. Барлығы интернетке еніп кеткен. Сауда-саттықтың өзін интернет арқылы жасайтын болдық. Сондықтан біз қанша айтсақ та, интернеттен қашып құтыла алмаймыз. Бірақ оны дұрыс пайдалану, ол бөлек әңгіме. Балаларға біз бірінші интернетті қалай дұрыс пайдалану керектігін үйретуіміз керек. Онда ақпараттар өте көп. Одан өзіңе қажетті мәліметті алу, ақпаратты таңдап, онымен жұмыс жасауға бейімдеуіміз тиіс. Қазір шыны керек, бәріміз телефонға байланып қалдық. Бірақ солай бола тұра, балаларымыздың телефонға шұқшиғанын қаламаймыз. Енді өзіміз көріп тұрып, балаға «сен олай жасама» деп қалай айтамыз? Қазір интернеттің заманы. Балаларымыз цифрлық жүйеге бейімделіп келеді. Сондықтан бұл тұста тыйым салғаннан гөрі, интернетті дұрыс пайдаланудың жолын қарастыруымыз керек. Басқа жол жоқ. Жаһандану заманында есігімізді тарс жауып отыра алмаймыз. Әлемнен бөлек өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан бұған көнуіміз керек. Ең бастысы, баланың интернетте не көріп, қанша сағат отырғанын ата-ана қадағалауы тиіс. Пайдалы кеңестерді, баланың ойын дамытатын логикалық ойындарды ата-ана балаға таңдап беруі керек. Егер балаға интернетті дұрыс пайдалануды үйретсек, онда бұдан ұтарымыз көп болады.   


Гүлжан АМАНОВА, балалар дәрігері:


Әрбір нәрсенің  мөлшері болуы тиіс


 Интернет баланың ой-санасын дамытады деп айта алмаймын. Интернеттің өзі балаға қосымша жүк болады. Әрбір нәрсенің өзінің мөлшері болуы тиіс. Интернет дегендер кейінгі жылдары ғана шықты. Оның үстіне, әлі ой-санасы дұрыс қалыптаспаған баланы интернетке отырғызу – қосымша салмақ, денсаулығына қауіпті. Әлі ойын баласы интернетке қызығып, бірінші көзін құртып алады. Миына да, жүйкесіне де, психикасына да кері әсер етеді. Сондықтан ата-ана баласын әрқашан бақылап отыруы қажет. Қандай жағдай болмасын, ата-ана мен бала арасында үнемі байланыс, жақсы қарым-қатынас болуы тиіс. Ұстаздың, ата-ананың, ата-әженің айтқанын бала орындауы керек. Солардың өнегесін көріп, өсиетін тыңдағаны өте маңызды. Балаларды интернетке байлап қоюға болмайды. Онымен қоса, қазір психикалық аурулар көбейіп келе жатыр. Егер осылай кете берсек, 5–10 жылда әрбір төртінші адам осы ауруға шалдығады. Қазіргі күні дамыған елдерде неврологиялық, психикалық аурулар тым көп. Осының бәрі смартфон, интернеттің кесірі. 




Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53