Алматы қаласының білім басқармасы мен Өңірлік коммуникациялар қызметі бірлесіп, мемлекеттік бағдарлама аясында қаланың оқушылары жазғы демалысын өткізіп жатқан «Тау-Жаңашар» балалар демалыс орталығына баспасөз турын ұйымдастырды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
БАҚ өкілдері балалардың жазғы демалысын қалай ұйымдастырғанын, жатын жерлерін, шығармашылық алаңдарды аралап көріп, педагогтармен, тәлімгерлермен, балалармен жүздесіп қайтты.
Орталықтың директоры Мира Құдабаеваның айтуынша, биыл лагерь 15 жылдық мерейтойын атап өте бастапты. Қазір мұнда бір мезетте 7 мен 16 жас аралығындағы 300 бала демалып жатыр. Әр ауысымда Қазақстанның 18 қаласы мен өңірінен оқушылар осында тынығып қайту үшін келеді екен.
Орталық басшысы қала сыртындағы лагерь демалыс орны ғана емес, баланың әлеуметтенуіне ықпал ететін орта екенін айтады. Мұнда олар өз бетінше өмір сүріп, араласып, команда болып жұмыс істеуді үйренеді.
«Мектеп негізінен білім берсе, лагерь сол білімді былайғы өмірде қолдануға мүмкіндік береді. Ауысым барысында бала үлкен әлеуметтік тәжірибе жинақтап, айналасындағы адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасап, өз бетінше әрекет етуді үйренеді», – дейді Мира Құдабаева.
Балалар мұнда телефонын тастап, бар уақытын ойын-сауыққа, құрбы-құрдастарымен танысуға арнайды. Биылғы маусымның басты ерекшелігі де осы. Телефонды ата-анасымен сөйлесер кезде ғана уақытша береді екен.
«Балаға алданыш болатын басқа бір нәрсе ұсынсаң, ол телефонды тез ұмытады. Қалған уақытта балалар бір-бірімен араласып, ойын ойнап, түрлі іс-шараға қатысады», – деп толықтырды сөз сөзін орталық директоры.
Демалыс орталығы көркем Түрген шатқалында, тау, өзен мен сарқыраманың арасында орналасқан. Лагерь жұмысында халықаралық «Артек» балалар орталығының бейімделген әдістемесі қолданылып, оған қазақстандық дәстүр мен бала тәрбиесіндегі осы заманғы тәсілдер енгізілген. Спорттық және шығармашылық іс-шарадан бөлек, шеберлік сабағы, сахналық қойылым, бассейнге бару, қала мен облысқа экскурсия жасау да бағдарламада кірген.
Балалар мұнда бес уақыт тамақ ішеді, ас мәзірін де үй тағамына келіңкіретіп жасаған. Өнімнің басым бөлігі лагерьдің өз шаруашылығында өндіріледі, кейбірін жергілікті шаруашылықтан жеткізеді. Балаларға күн сайын сүт өнімі, ет, жаңа піскен көкөніс пен жеміс, сондай-ақ лагерьдің өз наубайханасында пісірілген нан береді.
Лагерьде тәлімгерлерді іріктеу мен даярлауға да ерекше мән беріледі. Үміткерлер түйіндемені қарау, шығармашылық пен кәсіби сұқбаттан тұратын байқауда іріктеуден өтеді. Одан кейін екі апталық міндетті оқу бағдарламасына қатысады. Орталық Алматы, Қарағанды, Семей мен еліміздің өзге де қаласындағы педагогикалық колледждер мен жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс істейді.
Лагерь әдіскері Марина Еремина тәлімгерлерді таңдау кезінде кәсіби біліммен қатар, ашықтығына, балалармен тіл табыса білетін қасиетіне де қарайтынын айтты.
«Лагерь – балаға еркіндік беретін орта. Тәлімгер соларды шабыттандырып, қызықтыра білуі тиіс. Сондықтан бізде болашақ педагогтармен қатар психологтар, дәрігерлер, IT-маманы, музыканттар мен басқа да мамандық иелері жұмыс істейді. Ең бастысы – олар балаға барын үйретуге даяр адам болуы керек», – дейді Марина Еремина.
Оның айтуынша, лагерьде өзара сыйластық, достық пен командалық жұмысты қалыптастыруға ерекше назар аударылады. Тәрбие бағдарламасы еліміздің әр өңірінен келген балалардың бір-бірін жақынырақ танып, өзара түсіністік орнатып, бірін-бірі құрметтеп өсуіне бағытталған.
«Біз балаларды бір-бірін құрметтеуге, көптүрліліктің біздің байлығымыз екенін түсінуге тәрбиелейміз. Сондықтан командалық жұмысқа, Қазақстандағы диаспоралардың мәдениетін танып-білуге, бірлесіп ойын ойнауына көп көңіл бөлеміз», – деді әдіскер.
Алматыдағы Наурызбай ауданынан осында алғаш рет келген 15 жастағы Ақжарқын Дәрменқызының айтуынша, оған лагерьдегі балалардың бір-бірімен дос болып, көп уақытын құрдастарымен өткізетіні ұнап қалыпты.
«Мұндағы табиғат өте әдемі, ауасы да таза, күн сайын қызықты іс-шаралар ұйымдастырылады. Телефонды ата-анамызға қоңырау шалар кезде ғана береді. Сондықтан бар уатымымызды бір-бірімізбен танысып, уақытты қызықты өтіп өкізуге арнап жатырмыз», – деді оқушы.
Лагерьдің аға тәлімгері Әлмира Әбдірашитова демалушыдан тәлімгерге дейінгі жолы туралы айтып берді. Жұмысқа кіріспес бұрын арнайы дайындықтан өтіп, бірнеше жыл тәлімгер болып еңбек етіпті. Қазір ол бағдарламаларды әзірлеу мен ауысымның ұйымдастырылуына жауапты.
«Ең қызығы – балалардың біртіндеп ашыла бастағанын көру. Алғашқы күндері көпшілігі телефонды да, үйін де сағынады. Бірақ бірнеше күннен кейін жаңа дос тауып, бар ойы соған ауып кетіп, белсенді бола бастайды», – деді аға тәлімгер.
Баспасөз туры барысында журналистер спорттық жарыстың, шығармашылық сабақтың, командалық ойын мен мәдени іс-шараның өту барысын тамашалады. Ұйымдастырушылар лагерьдің басты мақсаты – он күндік ауысым ішінде балалардың сапалы демалып қана қоймай, жаңа білім алып, достар тауып, өзіне деген сенімін нығайтып, жазғы демалысын есте қаларлықтай етіп өткзуіне жағдай жасау екенін айтады.