ffin.kz

Балағат сөзге жол жоқ!

Балағат сөзге жол жоқ! Сурет: Dzen.ru

Қазақстанда балағат сөзге байланысты заң бар.


Оның орындалуы заңмен қадағаланады. Кісіні ғайбаттау, арына тіл тигізу, қасақана қорлау заңмен қудаланады. Қатаң түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылады.


Соңғы уақытта көп өзгеріс орын алуда. Басқаны былай қойғанда, бейәдепке байланысты заң күшейіп келеді. Көпшілік орында оқта-текте оғаш сөзді еститін едік. Уақыт зырғыған сайын ұятсыздық белең алып барады. Бұған көптен бері тоқтау қажет болып жүрген. Осының тыйымы бір боларын іштей күттік. Ендігі кезекте мұның да түйіні тарқайтын түрі бар.


Сөйлесе, Заң сөйлесін!


Қазақстанда екі заңға байланысты толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы ой-пікірлер біраздан бері қозғалып келеді. Соның бірі «Жала жабу», екіншісі «Қорлау» еді. Таяуда екіншісіне қатысты жаңалық таралды. Соған қарағанда, бір шешімнің болары анық.


Сөзіміз нақты болуы үшін тақырыпқа тұздық ретінде заңның өзін сөйлетуді жөн көрдік.



  • Тақырыпқа орай


     «1. Қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту – бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.



  1.   Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады». Ата Заң, 131-бап (Қорлау).


(Дереккөз: Adilet.zan.kz ресми сайтынан алынды).


Бұны текке келтірмедік. Қиқар сөйлеп, ғайбат айтуға мүлде жол жоқ. Құқықбұзушылық жасағанды қандай жаза күтетіндігін бағамдай беріңіз. Абайсызда айтылған сөз, айыппұл төлейтін жағдайға душар қылмасын. Одан зор жазаны айтып жатудың реті шамалы шығар. Ең бастысы, байқап, абайлап ауыз ашу керектігін ескеріп жүретін болдық.


Бірнеше мәрте егемендіктің елең-алаң шағында Жоғары Кеңеске, кейіннен Парламент Мәжілісіне депутат болған Шерхан Мұртазаның бір ауыз сөзі ойға оралып тұр. Көрнекті жазушы «Заң деген – ноқта!» деп еді. Бүгінде осы сөздің қадірі артып барады. Әрине, білгенге – маржан!


«Ұят болады» деген қағиданы ұмыттық


Көше халықтың айнасы. Онда жүрмейтін жан жоқ шығар, сірә! Бірақ кейде үйде жүргендей қылық танытып қоямыз. Ойымызға келгенді сөйлейміз. Бала немесе үлкен тұр-ау демейміз. Кейбіреулер «Ұят болады» деген қағидамызды ұмытқалы қай заман?!


Қоғамдық орта бәрімізге ортақ. Оны ешкім еншілеп алмады. Әсіресе, аялдама, автобус, тамақтану орындарында адам қарасы көп болады. Таңертеңгі және  кешкілік нөпірден аяқ алып жүре алмайсыз. Жұрттың бәрі діттеген жеріне тез жетуді көксейді. Ерігіп тұрған ешкімді байқамайтын сияқтымыз. Алайда, осындайда аузына ие бола алмайтындар дейсіз бе, әйтеуір, әртүрлі пиғылдағылар табылып жатады. Ондайлар бетің бар, жүзің бар демей, бейәдеп сөзді айта береді. Ешкімді елемейді. Ал оның артының зардабын бағамдамайды.


АҚШ, Еуроодақ, Сингапур сияқты бірқатар дамыған елдердің заңы тіптен қатал. Біреуді қорламақ түгілі, оңды-солды түкірсе, белгіленбеген жерде темекі тартса, рұқсатсыз жерде үй жануарларын қыдыртса, айыптың ең үлкенін арқалайды. Керек десе, 15 тәулікке дейін қамап қоюы ғажап емес. Егер біреуді бейәдеп сөзбен қорласа, жәбірленуші сотқа шағымданады. Бұның арты орасан үлкен сомадағы «моральдық өтамақы» төлеуге дейін барады.


Түсінген жанға осы салыстыру, талдаудан біраз нәрсені аңғаруға болады. Бастысы, басты ауыртып, миды шайқап, жүрекке жара салатын қисық сөзден қашпақ керек.


Бейәдеп пен бейәдет


Кейде жанымыз келеңсіздікті көріп күйзеледі. Жас та, жасамыс та тілімізге ие бола алмай жатамыз. Айтарын айтқаннан кейін бәрі кеш. Ал дер уақытында өзін тежей білген – кісінің ғажабы.


Қазақ «екі елі ауызға, төрт елі қақпақ» дейді. Өте тауып айтылған мәтел. Ел іші ұлағатты сөзге бай. Дегенмен, бәрін теріс ұғатындар табылады.


Бірде автобуста тұрмыз. Бағытымыз – Арбат. Сол жерге барып, ән тыңдап, сыңғырлаған субұрқақты көруге ынтығудамыз. Жанымызда екі бозбала тұр, қасында бойжеткен бар. Барлығы мектептің жоғары сынып оқушылары екені байқалады. Екі сөзінің бірі боқауыз. Онысын орысшалап айтып қояр емес. Шыдамай кетіп, жандарына бардым. Бұлай жаман сөз айтпауларын сұрадым. Қоғамдық көлікте тәртіп сақтау керектігін айттым. Осыдан кейін сап тыйылды. Алдымыздағы аялдамадан әлгілер түсіп қалды. Осы сәттен кейін біраз ойланып қалдым. Жас өрендеріміз тұрған ортасын сыйламаса, болашақ қандай боларын ойлаудың өзі біртүрлі. Мейлінше үлкендер үлгі болып, жастарға жөн көрсетіп жүрген дұрыс болар шамасы.


Ұлттық санадан жаңылмаған  абзал


Ел арасында «Отыз тісті қарауыл қыл тіліңе» деген тәмсіл ұшырасады. Осыдан артық жарытып ештеңе айта алмасымыз анық. Дейтұрғанмен, өткенімізді ұмытпай, ұлттық санамыздан жаңылмағанымыз абзал.


Біреуге бірнәрсе деп айтуға ойланамыз. Ол сізге шәлкес сөйлесе, қынжыламыз. Қит еткенді сылтауратып, сәл нәрсені сотқа сүйрей берген де жөн емес шығар. Мүмкіндігінше өзара түсінісіп, түйткілді тезірек тарқатқан жөн. Әйтпесе, арыздасумен уақыт та, жүйке жүйесі де құриды екен. Осының растығына күн өткен сайын куә болудамыз.


Қазақ ата-бабамыз «аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» дейді. Негізі қазіргі қоғамға дөп тауып айтылған сияқты. Сондықтан абайсызда айтылған сөзге абайлап қарау керек. Әйтпесе, таяқтың бір ұшы маңдайға сарт ете қалады. Осындай пайымды бұрынғылар әу бастан жақсы білген. Кісімен сіз-біз десіп сыйласқан. Жақынмен араласқанда да әрбір дүниеге аңдап қараған. Лажы болса, көңілге келмеуді жадына дұрыстап тоқыған.


Өмірге нақтылап көз жүгіртсеңіз, біраз нәрсені бағдарлайсыз. Ешкім мәңгі емес. Бес күн жалғанда бір-бірімізге сый-құрмет білдіргенге ештеңе жетпейді. Онсыз да пәни дүниеде негатив көп. Осыны есте сақтай отыра, шолжаңдыққа бой алдырмайық дегіміз келеді.


Ғаламтор және ғайбат


Интернет құдіретті күш саналады. Адамнан қорықпағандар осыдан тайсалады. Әп-сәтте дүйім жұртқа ыңғайсыз жағдайда қалуға жүрексінеді. Мұның арты маңдайға жағылған қара күйемен тең.


Бүгінде кез келген оқиғаны әлеуметтік желіге жүктейді. Оқыс сәтті сала қойса, қаралым артуы мүмкін екен. Солай істеп, қара пиармен даңқын шығаруға құмартатындар жетерлік. Осыдан кейін блогермен санаспай көріңіз. Өзінше болып, қылығы қырық кісіге жүк болып жүргендердің желі оңынан тұрып жатқандығын көріп жүрміз. Ондай бәле аяқ астынан. Сақтансаңыз, сақтайтынын тағы естен шығармайық.


Қанша мәрте кісіні кемсітуге болмайтынын білсе де, қайталай беретіндер бар. Айтқанды ұқпайды, тілді алмайды. Соңында өзі ғана опық жейді. Әлеумет желіде біреуге жаман сөз жазсаңыз, дереу сақтап алады. Бұл жәбір көрген жан үшін бұлтартпас дәлел. Ойы бұзық біреудің құрығына ілінсеңіз, түбіңізге жетпей тынбайды. Ондайдың бетін ары қылсын.


Ғаламтор тегін зат емес. Мұны тиімді қолданбасаңыз, қисапсыз айыппұлға ілініп кету қаупі бар. Бейпіл сөзге ерік бергендер заңмен қудаланады. Заңгерлер, қоғам белсенділері баяғыдан бері тораптың аясын шектеуді ұсынып келеді. Бір күні бұл да заңмен шегеленіп бекітілетіні айқын.


Қолымыздағы құрылғы алысты жақындатып тұр. Айшылық алыс жерден жылдам хабар алғызуда. Айтарымыз, теріс мақсатта қолданбай, оң әрі игі іске пайдаланғаннан артық абырой болмас деп ойлаймыз.


Таным мен тәрбие


Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе…» депті. Расында, қай тұстан ақсаудамыз, нендей олқылықтың орны толмай жатыр, соған көңіл бөлетін кез әлдеқашан жетті.


Қазіргі таңда ғаламтор ғаламды торлап тұр. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін телефонға телміріп отыр. Әлеуметтік желіде айтыс-тартыстың көркін қыздырып жүр. Арасында ғайбаттап қояды. Кейде пікір оқуға ұяласыз. Бейәдеп сөздің неше атасын оқығанда, шошып түсесіз. Ешкім тоқтау салмаса, арты орны толмас қателікке душар етері анық.


Бүгінгінің ата-анасы таңнан кешке дейін жұмыста. Бала-шағаны материалдық жағынан қамтамасыз еткісі келеді. Сөйтіп, баланың қолына соңғы үлгідегі смартфон, қымбат мектеп формасы, оқуға қажетті құрал-жабдық сатып алып береді. Сонымен қоса, мектепке барып келетін жолкіре, асханадан ішіп жейтін ас-ауқатына қаржы береді. Осылайша баланы барлық нәрсемен қамтамасыз еттік. Алайда, оның тәрбиесі, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы да қадағалауда болуы шарт. Олай етпесе, ол жабайы ағаш сияқты қисық өседі. Бұғанасы бекігеннен кейін, әке-шешеге пысқырып та қарамайды. Ал оның арты жақсылыққа апармайды. Осы жәйтті ертерек ескерген абзал.


Бала таза ақ парақ сияқты. Оған жақсы тәрбие беру парыз. Үлкейгенде ол қоғамның толыққанды мүшесі атанады. Сол кезде инабатты, абыройлы, кісіге ғайбат айтпайтын нағыз азамат болғаны бәріне жақсы. Сондықтан да балағат сөзге үйір болмауды бала жастан құлағына құйған жөн.


Түйін:


Заман қандай болса да, оны қалыптастыратын адам болып қала бермек. Бұрынғылар «Жақсы сөз - жарым ырыс» деп текке айтпаған болар. Жалғанның өлшеулі уақытын жақсы адамдармен, жақсы сәттерде, жылы сөзбен әспеттеп өткізсек, нағыз бақыт сол шығар деп білеміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04