Мектептегі сыныптастардың достыққа негізделген, жанжалсыз қарым-қатынас – баланың оқу үлгерімі мен психологиялық жай-күйіне тікелей әсер ететін маңызды фактор. Алайда кейде бала сыныптастарымен тіл табыса алмай, шеттеп қалуы мүмкін. Мұндай жағдайдың себебін бірден анықтау оңай емес.
Балалар психологы Светлана Пронина өз тәжірибесімен бөлісе отырып былай дейді:
«Мектептегі ашық буллинг жағдайлары менің тәжірибемде көп кездескен жоқ. Мұндай ахуалды анықтау үшін сыныпта агрессорлардың және олардың “құрбандарының” болуы, сынып жетекшісінің немқұрайлығы, басқа оқушылардың үнсіз бақылаушыға айналуы сияқты бірнеше факторды қатар ескеру керек. Әдетте буллингті 1–2 бала бастайды, олардың арасында ұл да, қыз да болуы мүмкін. Қыздар көбіне бойкот жариялап, басқаларды сөйлеспеуге үгіттейді, ал ұлдар жағы физикалық қысым көрсетіп, мазақтауы, заттарын бүлдіруі мүмкін. Бірақ кез келген бала “құрбан” бола бермейді. Менің жұмысымдағы бір жағдайда бір бала үш түрлі мектепте де сыныптастарының шеттетуіне ұшырады. Мәселенің шешімі тек сыныппен емес, сол баланың өзімен ұзақ жұмыс жүргізгенде ғана табылды».
Егер балаңыздың сыныптастарымен қарым-қатынасында қиындық барын байқасаңыз, мәселені ерте кезеңде анықтау өте маңызды. Төмендегі белгілер ата-аналарға ескерту болуы мүмкін.
Ата-ананы алаңдатуы тиіс 7 белгі
1. Тұйықталып, мінез көрсетуі
Бала бұрын мектеп жайлы жиі айтып жүріп, қазір ештеңе демейтін болса, бұл – маңызды белгі. Әсіресе сұрақтарға жауап беруден қашқақтаса, абай болған жөн.
2. Үнемі ашуланып жүруі
Мектеп туралы әңгіме қозғалғанда агрессия танытуы, мұғалімдер мен сыныптастарын үнемі кінәлауы – мәселенің тереңдегенінің көрінісі болуы мүмкін.
3. Сыныптастарымен телефон арқылы сөйлеспеуі
Балаға сыныптастары қоңыраушалмай ма? Өзі де ешкімге хабарласпай ма? Бұл да әлеуметтік оқшауланудың белгісі болуы ықтимал.
4. Қонаққа шақырылмауы және өзі де ешкімді шақырмауы
Егер бала сыныптастарымен үйде араласпаса, бұл сыныптағы қарым-қатынастың салқындығын білдіруі мүмкін.
5. Сыныптан ортақ іс-шаралардан бас тартуы
Экскурсия, кино, серуен сияқты ортақ шаралардан үнемі бас тарту – назар аударуды қажет ететін жағдай. Әсіресе бұл әдетке айналып, үнемі қайталана берсе, көбірек көңіл бөлу қажет.
6. Сабақтан қала беруі
Сабақтан жиі қалудың себебі – сыныптағы қақтығыстар болуы мүмкін. Мұндайда балаға ұрыса жөнелмей, себебін анықтауға тырысыңыз.
7. Сыныптағы жанжалдарды жиі сөз етіп, шағымдануы
Мұндай шағымдарды елемеуге болмайды. «Өзі шешіледі» деп күтпей, мұғаліммен және психологпен сөйлескен жөн.
Статистика не дейді?
Зерттеулерге сүйенсек, оқушылардың кемінде 25 пайызы мектеп кезеңінде түрлі деңгейдегі буллингке ұшырайды.
Бастауыш сыныпта мұндай жағдайлар сирек кездессе, жоғары сыныпта балалар әлеуметтік дағдыларды меңгеріп үлгереді.
Ең жиі қиындықтар ортаңғы сынып оқушыларының арасында байқалады.
Ата-ана не істеуі керек?
Психолог маман ата-аналарға мынадай кеңес береді:
Біріншіден, балаға оның жалғыз емес екенін, ата-анасының әрдайым оның жағында екенін түсіндіріңіз. Нақты не мазалайтынын, қақтығыстың себебін сұраңыз. Өз көзқарасыңызды жұмсақ түрде айтып, мүмкін болса шешу жолдарын бірге талқылаңыз.
Екіншіден, міндетті түрде сынып жетекшісімен сөйлесіңіз. Көп жағдайда мұғалім жағдайды сізден жақсырақ білуі мүмкін.
Үшіншіден, мектеп психологына жүгініңіз. Ол тест жүргізіп, оқушылармен жеке және топтық әңгімелер өткізіп, тиімді шешу жолдарын ұсынады.
Қажет болған жағдайда басқа ата-аналарды да тартуға болады. Мұғалім, психолог және ата-аналар бірігіп ортақ әрекет жоспарын құрып, оны балаңызбен бірге ұстаныңыз.
Қорытынды
Баланың сыныптастарымен қарым-қатынасы оның өзін-өзі бағалауына, оқуына және болашақтағы әлеуметтік өміріне әсер етеді.
Ең бастысы – баланы тыңдау, қолдау және жалғыз қалдырмау.