Жайдарлы жаз – ойынға тоймайтын балалардың сүйікті мезгілі. Олар көп уақытын сыртта, көшеде, ойын алаңдарында, саябақта, ашық аспан астында, табиғат аясында, су қоймаларында өткізетіні сөзсіз.
Әрине, тапжылмастан төрт қабырғаға таңылып, гаджетке шұқшиып отырғаннан денесі қимылдап ойнағаны өте дұрыс. Бірақ ойын баласының еңбектеп, жүгіріп, ойнап, аунап, секіріп, шомылып жүріп те жарақат алып қалатын жағдайлары аз емес.
Бұл жағдайда әсіресе, мектеп жасына дейінгі балаларға ата-анасының бақылауы, қамқорлығы ауадай қажет. Кішкентай балдырғандар көбіне асфиксиядан (тиындарды, түймелерді және т.б. ұсақ заттарды жұтып қоюы), уланудан (дәрі-дәрмектерді, әртүрлі тұрмыстық химикаттарды аузына салуы), электр тогының соғуынан зардап шегіп, әртүрлі күйіктер алады.
Ал 5-10 жас аралығындағы балалар көбіне ағаштан, биік қоршаулардан құлап, аяқ-қолын сындырып алып жатады. Ал одан ересектеулері бір-бірімен ойнап күресіп немесе бір-біріне түрлі әдіс-тәсілдерді көрсетемін деп жиі жарақаттанады.
Балалар травматологтары бұрын балалардың велосипедтен, роллербордтан, скейтбордтан құлап жарақаттану оқиғалары көп болатын дейді. Ал қазір гироскутерден тайып жығылып, қол-аяғын сындырып алып жатқан бала көп көрінеді. Электросамокат, мопедтен жарақат алып жатқан балалар жайы алаңдатып отыр дейді мамандар. Мұның бәрі кішкентай достарымыздың жол қозғалысы ережелерін білмеуі, жылдамдық режимін сақтамауы салдарынан болып жатыр. Сондықтан ата-аналар балаға мопед немесе велосипед сатып алып бермес бұрын, оған жол қозғалысы ережелерін ұғындырып, түсіндіру керек. Сондай-ақ, кешкілік апақ-сапақта көшеде жүруге рұқсат бермегені дұрыс.
Осы орайда №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының травматология бөлімінің меңгерушісі Ерлан САДЫРБАЛИННІҢ ата-аналарға айтар кеңесі бар.
- Бұл орайда балаға ең бірінші кезекте ата-ана жауапты. Әсіресе, әлі ақыл-есі тоқтай қоймаған баланы көзден таса етпеген абзал. Мәселен, балаға қауіпті жерлерде өрмелеуге рұқсат бермеңіз. Баспалдақтарға, терезе жақтауларына және балкондарға қоршау орнатқан жөн. Үйдегі жиһаздар мүмкіндігінше терезеден алыстау орналасқан дұрыс.
- Терезелерге металл торлар орнатылса тіпті жақсы. Бірақ әр бөлмеде кем дегенде бір терезеде күтпеген тосын жағдай немесе өрт кезінде жылдам ашылатын тор болуы керек.
- Велосипедпен жүргенде бала басына дулыға кигені абзал. Оған роликті коньки сатып алғанда, олардың үстінде тұруды және қозғалуды үйретіңіз.
- Асүйдегі пышақтар, үйдегі қайшылар балалардың қолы жетпейтін жерлерде тұруы керек. Үлкендеу балаға бұл заттарды қалай дұрыс пайдалану керектігін үйреткен дұрыс. Үйдегі үлкен балаларды кішілеріне қарауға үйреткен жақсы.
- Баланы шомылу кезінде, тіпті жуынатын бөлменің өзінде де бір минут та қараусыз қалдыруға болмайды. Құдықтардың, су толы шелектердің аузы жабылғаны дұрыс.
- Балаларды ыстық пешке, үтікке, ашық отқа жақындатуға болмайды. Оларды бензин, керосин сияқты жанғыш сұйықтықтардан, сондай-ақ сіріңкелерден, шамдардан, оттықтардан қорғаңыз.
- Сәбиді төсекте жатып емізбеген дұрыс. Оны ересек адамның көрпесімен жамылдырмаңыз, ауыр көрпеге тұншығып қалуы мүмкін.
- Бала біткен тесік көрсе саусағын тығып көретіні заңдылық. Сондықтан электр розеткаларының бетін бітеп қойған жөн. Электр сымдары ашы-шашық жатпауын да ескеру қажет.
P.S.
Мұның бәрі баланың бас амандығы, отбасының шаттығы үшін ауадай керек қарапайым тұрмыстық һәм қауіпсіздік ережелері.