Бакуде Қазақстанның білім күндері өтті

Бакуде Қазақстанның білім күндері өтті Фото: t.me/QazaqEmbassyBaku

2025 жылғы 4 наурызда Әзербайжан астанасы Бакуде Қазақстанның жетекші университеттері қатысқан білім көрмесі өтті. Іс-шара барысында әзербайжандық жоғары сынып оқушылары мен студенттерге Қазақстанның білім беру жүйесі, академиялық бағдарламалары және жоғары оқу орындарының мүмкіндіктері таныстырылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz

Көрмеге Қазақстанның 23 университеті қатысып, олардың қатарында Алматы қаласының беделді жоғары оқу орындары да болды. Атап айтқанда:

  • Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті
  • Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті
  • Гумарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті
  • Almaty Management University (AlmaU)
  • SDU университеті
  • Тұран университеті

Іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел сөз сөйлеп, бұл көрменің екі ел арасындағы білім беру ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Әзербайжан бүгінде тек серіктес елдер ғана емес, шынайы одақтастарға айналды. Бұл әріптестік жоғары білім мен ғылым саласында да қарқынды дамып келеді.

Көрме аясында демеушілердің қолдауымен арнайы ұтыс ойындары ұйымдастырылып, жеңімпаздарға Қазақстанға тегін авиабилеттер, кітап дүкендеріне сертификаттар, фитнес-залға абонементтер және құнды сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, қазақтың ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдары ұсынылған қайырымдылық жәрмеңкесі өтті.

Сол күні АДА Университетінде Қазақстан мен Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орындарының басшылары қатысқан дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Отырыста Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Әзербайжанның Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев сөз сөйлеп, екі елдің жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Саясат Нұрбек Қазақстанда жоғары білім мен ғылым саласында ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, еліміз аймақтық білім беру хабына айналып, беделді шетелдік университеттер өз филиалдарын ашуда. 2024 жылы Қазақстанда 31 мыңнан астам шетелдік студент білім алған, ал жас ғалымдарға қолдау көрсету мен ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Өз кезегінде, Эмин Амруллаев Әзербайжанның Қазақстанмен жоғары білім және ғылым саласындағы серіктестікті тереңдетуге мүдделі екенін мәлімдеді. Ол білім беру стратегиялары, университеттер арасындағы ынтымақтастық пен инновациялық тәсілдерді енгізу бағытында белсенді жұмыс атқарылып жатқанын айтты.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қазақстандық және әзербайжандық университеттер арасында 40 өзара түсіністік меморандумына қол қойылды. Министрлер академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне баса назар аударуға уағдаласты.

Сонымен қатар, Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Әзербайжанның Жоғары аттестаттау комиссиясы арасында ғылыми жарияланымдарды ынтымақтастық аясында әзірлеуге қатысты маңызды келісім жасалды. Бұл келісім 2025 жылғы 3 наурызда Қазақстан Премьер-Министрінің Әзербайжанға ресми сапары барысында бекітілген болатын.

Бұл білім көрмесі мен дөңгелек үстел екі ел арасындағы ғылыми және академиялық байланыстарды нығайтуға үлкен серпін беріп, Қазақстан мен Әзербайжанның жоғары білім саласындағы әріптестігін жаңа деңгейге көтереді

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:17

14:56

14:44

14:28

14:14

13:44

13:38

13:36

13:34

13:33

13:31

13:03

12:54

12:41

12:35

12:10

12:07

11:49

11:45

11:28

11:12

11:11

11:04

10:38

10:31