Бала дүниеге келгенде ата-ананың алдындағы ең алғашқы әрі маңызды міндеттердің бірі – оған жақсы, мағыналы есім қою. Қазақ халқы бұл мәселеге бұрыннан ерекше мән берген. Себебі оның астарында есімнің иесіне деген телегей тілек жатса керек.
Бала өмірге келген соң, көп ұзамай "азан шақырып ат қою" рәсімі өтеді. Бұл жоралғы халқымыздың мұсылмандық танымымен тығыз байланысты.
Жаңа туған нәрестеге ат қойғанда, ата-анасы құрмет тұтатын, жасы үлкен, ақыл-парасаты мол адамға қолқа салады. Рәсім барысында сол адам сәбиді қолына алып, құбылаға қаратып, "Аллаһу әкбар" деп азан шақырып, оң құлағына баланың есімін үш рет қайталайды. Бұл – есім баланың жадына сіңіп, өмір бойы жолдас болсын деген ырым.
Кей өңірлерде тіпті ат қойылғаннан кейін бір кісі қазанның құлағын қағып, нәрестенің есімін көпшілікке жариялаған. Бұл да – елге танылып, халықтың батасын алсын деген ниеттен туған деседі. Ат қоюшының баланың бетін ашып, жиналғандарға көрсетуі де – сәбидің жұртпен алғашқы жүздесуі ретінде қабылданған.
Ислам шариғаты бойынша да, туылған балаға азан шақырып ат қою – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннеті. Бұл – тек дәстүр ғана емес, дініміздің де құптаған амалы. Сәбидің болашақ тұлғасы мен рухани негізінің қалануы осы сәттен басталады.
Бірақ бес саусақ бірдей емес. Ырымшыл халқымыз дүние есігін енді ғана ашқан сәбиге есім бергенде "жаман иттің атын Бөрібасар қоядының" керін де келтіріп жататыны тағы бар. Баласына айтуға қолапайсыз, ешбір қисынсыз есімдер беретіндер де бар.
Балаға жағымсыз ат қойылса, оны өзгертуге бола ма? Шариғатта бұл туралы не айтылған?
Ислам діні балаға көркем, мағыналы, жақсы есім қоюға үндейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
"Қиямет күні сіздер есімдеріңіз және әкелеріңіздің есімдерімен шақырыласыздар. Сондықтан әдемі есім қойыңдар" – деген.
Сонымен қатар, жағымсыз есімдерді жақсы, мағыналы есімдерге ауыстырғаны жайлы бірнеше хадистер бар. Мәселен, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Омардың "Ғасия" (күнәһар) атты қызының есімін "Жамилә" (әдемі) деп өзгерткен.
Сондықтан мағынасы дінге, адам табиғатына, қоғамға жат, балаға мазақ болатындай есімдер қойылған болса, оны өзгерту шариғат тұрғысынан құпталады.
Осыған ұқсас жағдайларда адамның өз есіміне көңілі толмаса, оны өзгерту әр азаматтың заңды құқығы екенін еске салғымыз келеді.
Бұған Қазақстан Республикасының заңнамасында рұқсат етілген.
Алматы қаласындағы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі аталған мәселеге қатысты түсініктеме берді.
Қандай жағдайда аты-жөнді өзгертуге болады?
Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі-зайып) және отбасы туралы" кодексінің 257-бабына сәйкес, азаматтар төмендегі себептер бойынша аты-жөнін өзгерте алады:
- Есімнің жағымсыз естілуі немесе айтуға қиын болуы;
- Жұбайының тегін алу немесе бұрынғы тегін қайтару;
- Бұрынғы некеден туған балалармен бір текті иелену немесе жұбайының қайтыс болуына байланысты;
- Ата-анасының бірінің ұлтына сай есім немесе текті алу ниеті;
- Құжаттарда көрсетілген есімнен өзгеше, өмірде қалыптасқан есімді пайдалану;
- Ұлттық дәстүр бойынша әкенің немесе атасының есімімен тегі сәйкес келетін етіп өзгерту;
- Өзіне тәрбие берген адамның аты-жөнімен сәйкестендіру;
Өз еркімен аты-жөнін ауыстыру 16 жастан бастап рұқсат етіледі, бірақ бұл үшін ата-анасының немесе ресми қамқоршысының жазбаша рұқсаты қажет.
Қажетті құжаттар тізімі
Аты-жөнді ауыстыру үшін келесі құжаттар ұсынылуы керек:
- Жеке куәлік немесе паспорт;
- Туу туралы куәлік;
- Неке туралы куәлік (бар болса);
- Балалардың туу туралы куәліктері (егер бар болса);
- Мемлекеттік баж салығы төленгені туралы түбіртек.
Өтінішті Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) немесе АХАТ бөліміне тапсыруға болады. Құжаттар 5 күнтізбелік күн ішінде қаралады.
Аты-жөні өзгерген соң қандай құжаттар жаңартылады?
Азамат аты-жөнін өзгерткен соң келесі құжаттарын ауыстыруға тиіс:
- Жеке куәлік;
- Туу туралы куәлік;
- Жүргізуші куәлігі;
- Көлікке тіркеу құжаттары;
- Некеге тұру туралы куәлік (бар болса);
- Мүлікке қатысты құжаттар;
- Банктік карталар мен есепшоттар.
Ескерте кететін жайт, есім ауысқанда дипломдар мен аттестаттар өз күшін жоғалтпайды. Қажет болған жағдайда нотариалды куәландырылған анықтама арқылы өзгеріс расталады.
Алматы бойынша статистика қандай?
Алматы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының филиалының мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері 2431 адам аты-жөнін өзгерту туралы өтініш берген. Бұл – азаматтардың өз болмысына, ұлттық немесе тұлғалық сәйкестігіне қатысты шешім қабылдауға белсенді екенін көрсетеді.