Сіз бен біз көп естіп, біле бермейтін автозаңгер деген маман бар. Жол-көлік оқиғасы немесе көлікке қатысты оқыс оқиғалар бола қалған жағдайда, автокөлік иелерінің құқығы мен міндетін реттейтін құқықтанудың арнайы саласы. Мамандар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексті, Азаматтық кодексті және ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексін негізге алады.
Қалада екінің бірі көлік тізгіндейтінін ескерсек, заңнаманың ірі салаларының біріне көлік құқығын жатқызамыз. Ол – көлік кәсіпорындарының ұйымдарына және қызметіне байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды, олардың қызметін пайдаланушылар арасындағы қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар жиынтығы. Елімізде заңнаманың әуе, теңіз құқығы сияқты дербес салалары қамтылады. Бүгінгі таңда тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде заң қызметтерінің барлығы да сұранысқа ие. Әрбір адам өмірінде кем дегенде бір рет болсын жылжымайтын мүлікке немесе өз кәсібіне, саласына қатысты заңгер көмегіне жүгінеді. Әсіресе, автокөлік заңгерлер мен адвокаттар полицейлердің қажетті хаттамаларды нақты, дұрыс толтыруына кепіл болады. Істі сотқа жеткізбей, өтемақы алуға көмектеседі.
Тәжірибелі автокөлік заңгері көлік иелеріне тек жолкөлік оқиғаларында ғана емес, басқа жағдайларда да көмектеседі. Мысалы, сатып алушы автокөлік иелерінен көлік құралын сатып алатын жағдайлар жиі кездеседі. Бірақ біраз уақыттан кейін ол істен шығады. Бұл жағдайда сатып алушы көлікті салонға апарып, онда жұмысшылар жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Біраз уақыттан кейін көлік қайтадан бұзылады. Мұндай жағдайларда сауатты көлік заңгері көлік құралының иесіне шағым жазуға көмектеседі. Егер автосалон өз міндеттерін орындаудан бас тартса, онда адвокат тұтынушыға сотқа жүгінуге және оның мүддесін қорғауға көмектеседі.
Сонымен қатар, қазір қалаған адам жеке мүлкін, денсаулығын, жазатайым оқиғалардан, жол-көлік оқиғасынан, тіпті, өз өмірін сақтандырып жатады. Сақтандыру арқылы оқыс оқиғадан келген зардапты өндіріп ала алады. Әсіресе, спортшылар денсаулығын, өмірін сақтандыратынын жиі естиміз. Бірақ бұл қызмет түрлерінің бірі – автосақтандырудың біз біле бермейтін артықшылықтары жетерлік. Көлік тізгіндеген әрбір азамат көлігін сақтандыруы міндетті. Заңмен де бекітілген. Сақтандырусыз жүру қылмыстық істер қатарына жатады. Бүгінде бұл заңға бағынбай жүргендер көп.
Сақтандырудың екі түрі (міндетті және ерікті) бар. Көлік бұзылып, жолда қалған жағдайда, әртүрлі оқыс оқиғалар бола қалса, сақтандыру мекемесінің өкілі көмекке келеді. Бастысы – сақтандыру компаниясын дұрыс таңдау қажет. Себебі, қазір бұл салада заңсыздық, алаяқтық көбейген. Мәселен, жол-көлік оқиғасы болды делік. Көлік иесі көлігін сақтандырмаған. Оқиғаның болғанын естіген заңгерсымақтар кәсіби маманның алдын орап, оқиға болған жерге ерте келіп алады. Сөйтіп, ресми автозаңгерлер компаниясы талап ететін қаражаттан 2-3 есе көп ақша сұрайды. Маман емес, алаяқтар да мұны қалт жібермейді.
Бүгінде қаладағы автозаңгерлердің ең көп тараған қызметтері – тұрғындарға жол-көлік оқиғасы кезінде, оқиғадан кейін көмек көрсету және материалдық зиянды өндіріп беру, сотта қорғау. Автокөлік иелері өз құқығын қорғауда маманданған, сауатты автозаңгерді қалай таба алады? Көлік салығы, автосақтандыру, жол көлік оқиғасынан туындаған мәселелерде қайтпек керек? Бұл сұрақтарды кәсіби автозаңгерден сұрап білген едік.
Әзірлеген Гүлжанат СЕМБАЕВА