Алматыға автоматтандырылған көлік тұрағы керек
Алматы қалалық полиция департаменті қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде қалада 500 мыңнан аса автокөлік тіркелген. Оның үстіне, қалаға тағы күн сайын өзге облыстардан 250-300 мыңға жуық көлік кіреді. Сонда бүгінгі таңда Алматы қаласы көшелерінен 800 мыңдай автокөлік жүреді екен. Әрине, мұның барлығы үнемі қозғалыста бола бермейді. Жасыратыны жоқ, темір тұлпар иелерінің көпшілігі ақылы автотұрақтарға емес, жұмыспен барған жердегі көпқабатты үйлердің аулаларына машиналарын қояды. Қазір Алматы аулалары автотұраққа айналды.
Аулалар көлік тұрағына айналды
Қарапайым есеппен алсақ, Алматының әрбір төртінші тұрғыны көлік жүргізеді. Жаңа автомобиль сатып алғанда, қала тұрғындары оны қайда қою керектігін ойламайды. Барлығы дерлік өзі тұрған ауласын жеке көлік тұрағына айналдырып алған. Көпқабатты тұрғын үй аулаларына көліктерді қаңтарып қою қаншалықты заңды?
Негізінен экологиялық стандарттарға, яғни кеңестік кезеңнен бері елде қолданылып келе жатқан санитарлық нормаларға сәйкес, тұрғын үйлерге, жалпы білім беретін мектептердің, интернаттардың, мектепке дейінгі және емдеу мекемелерінің жер учаскелерінің шекарасына он метрден жақын тұраққа тыйым салынады. Егер машиналар оннан көп болса, онда қашықтықты 15 метрге дейін арттыру қажет. Бірақ бүгінгі таңда бұл норма қалада өз деңгейінде орындалып жатқан жоқ. Әйтпесе, ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзу жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Ал егер ол абайсызда адамдардың жаппай ауруына немесе улануына әкеп соқса, онда екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Тәртіп бұзушыларға айыппұл салынады
Бізде, өкінішке орай, неше түрлі заңдар жазылғанымен, оның белгілі бір бөлігі орындалмайды. Дәл осы бап бойынша қаладағы бірде-бір адамға айыппұл салынғанын көрмедік те, естімеппіз де. Санитарлық нормалардан басқа, аулалардағы тұрақ жол жүру ережелерімен де реттеледі. ҚР Жол жүру ережелеріне сәйкес, егер бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса (қыс мезгілінде ғана емес, жылы ауа райында да көлік көп уақыт оталып тұрса), ондай көліктердің аулада тұруына тыйым салынады. Тіпті, тротуарларға, көгалдарға, гүлзарларға, балалар және спорт алаңдарына көлік қоюға болмайды. ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабы «көлік құралдарын тоқтату немесе қою қағидаларын бұзу» бойынша тәртіп бұзушыларға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар, Алматы қаласының аумағын абаттандыру ережелеріне сәйкес, арнайы автокөліктердің өтуіне кедергі келтіретін түрлі шлагбаумдарға да тыйым салынған.
Тыныс алу мүмкін болмай қалады
Шыны керек, автокөлік иелерінің басым көпшілігі автотұрақ саласын реттейтін қолданыстағы мұндай заңдардан бейхабар. Олар қалада арнайы гараж, автотұрақ болмағандықтан осылай етуге мәжбүрміз деп, өздерін ақтап алып жатады. Нәтижесінде қазір аулалардағы барлық бос орын, көгалдар мен тротуарларды қоса алғанда, автокөліктерге толы. Подъезге жетпек түгілі, оған жақындау қиындап кетті. Таңертең аула жұмыс істеп тұрған қозғалтқыштардың шуымен және пайдаланылған газдардың түтінімен толады. Тыныс алу мүмкін болмай қалады.
Автокөлік иелері жол қозғалысы ережесін де, экологиялық стандарттар мен нормаларды да сақтамайды. Өйткені, ол үшін жаза қолданылмайтынын олар жақсы біледі.
Қалалық әкімдіктің ауладағы автотұрақтарға қатысты сұрақтарға берген жауаптарына қарасаңыз, аула аумағын күтіп ұстау ПИК, МИБ пен жергілікті учаскелік инспектордың құзыретіне берілген. Бірақ барлық аулалар автокөліктерге стихиялы түрде толғанына қарағанда ПИК те, МИБ те, учаскелік полицейлер де көлік тұрағын реттеуге мүдделі еместігін байқайсыз. Демек, көпқабатты үйлердің ешқайсысы да ыңғайлы және қауіпсіз аула болмай тұр.
Көлікпен бірге тұрақты да сатып алу керек
Учаскелік инспекторлар тұрақ ережелерін бұзу мәселесіне Әкімшілік полиция басқармасы жауапты екендігін, сондықтан тұрғындар «102» нөміріне хабарласу керектігін айтады.
Санитарлық нормалар мен жол қозғалысы ережелерін бұзатын автокөлік иелері айналып келгенде, бұдан өздері зиян шегіп отыр. Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында қаладағы көпқабатты тұрғын үй кешенінің шатырынан құлаған мұздан бір емес, үш бірдей көлікке зақым келді. kolesa.kz сайтының есебінше, олардың әрқайсысын қалпына келтіру үшін кемі 200 мың теңге қажет екен.
Автокөлікке мұз құлаған жағдайда полиция шақырып, барлық зақымдарды тіркеп, ПИК, МИБ басшылығына есепшотты ұсыну қажет. Алайда, бұл жерде шығынды өндіру өте қиын. Тіпті, керісінше, егер автокөлік қолданыстағы заңнаманы, ҚР Құрылыс нормалары және ережелері заңдылықтарын бұза отырып, тұраққа қойылғаны ескерілетін болса, МИБ, ПИК-тің өтініші бойынша полиция зардап шеккен автокөлік иесіне әкімшілік айыппұл салуы мүмкін.
Мәселен, Жапонияда бұл ретте өте қатаң ережелер сақталған. Жапондықтар автокөлік сатып алмас бұрын, оны қоятын орын бар екенін дәлелдеуі тиіс. Былайша айтқанда, олар көлікпен бірге тұрақты да сатып алады. Онсыз көлік ала алмайды.
Шетелде мұнаралы тұрақтар жұмыс істейді
Мысалы, халқы көп, жері аз Жапония елінде көп қабатты тұрғын үй аулаларындағы тұрақтар сатылымға шығарылған. Егер адамдардың жеке тұрағы жоқ болса, көлік сатып алуына тыйым салынады. Яғни олар экология тазалығын транспорт сатып алуға тыйым салумен шешіп отыр. Онда кез келген адам үйден екі шақырымнан аспайтын қашықтықтан арнайы көлік тұрағын сатып алуы қажет. Жапон аулаларындағы барлық тұрақтар белгіленген. Тіпті, оларда иесінің аты жазылған тақтайша орнатылған. Егер басқа біреу ол жерге көлігін қойса, онда дереу полиция шақырып, айыппұл салынады. Осындай ережелер Қытайдың Шанхай мен Пекин қалаларында қолданылады.
Ал Еуропа мен АҚШ-та ауладағы тұрақ мәселесі бұрыннан басқа деңгейде шешіліп келеді. Егер бір жерде шағын аудан бой көтерсе, онда міндетті түрде көп қабатты көлік тұрағы салынады. Яғни онда лифт көмегімен жоғары көтерілетін заманауи механикаландырылған паркингтер жұмыс істейді. Тіпті, үш көлік сиятын орынға лифт арқылы 16 көлікті орналастыратын нұсқа да оларда кеңінен қолданылып келеді. Мұндай мұнаралы автоматтандырылған тұрақтар АҚШ-та бес қабатты үйлердің бойымен бірдей тұрады. Мұндай тұрақтарды пайдалану өте ыңғайлы, онда ешқандай диспетчерлер отырмайды, карта арқылы көлігіңізді өзіңіз-ақ жылдам төмен түсіріп, жүргізіп кете аласыз.
- Тақырыпқа орай
Ербол АСЫЛХАНОВ, қала тұрғыны: Тұрақ үшін шайқасатын болдық
- Карантин кезінде адамдар үйде отыруға мәжбүр, ал көліктері аулада тұрды. Қазір көп қабатты үйлердің аулаларын тоқтап тұрған көліктер басып алды. Орын табу өте қиын. Өткенде өзім тұратын үйдің ауласына көлігімді қойып жатсам, ірі денелі ер адам жетіп келіп: «Көлікті бұл жерге қойма, бұл менің орным», – деп көкірегін көтерді. Ашуым келіп: «мен де осы үйде тұрамын. Сондықтан менің де мұнда көлік қоюға құқығым бар», – дедім. Ол кішкене басылып: «Таңертең тұрғанда көлігіңнің дөңгелегі тесіліп қалмасын, байқа!», – деп қорқытып кетті. Әрине, оның бұл сөзінен кәдімгідей секемденіп қалдым. Бірақ дөрекілігі мен өркөкіректігіне шыдай алмай, темір тұлпарды сонда жалғыз қалдырып кеттім. Бақытыма орай, оған ешкім тимеген екен. Көршіммен бұдан кейін қайта кездескен жоқпын. Жалпы, автотұрақ орындары үшін шайқас көбінесе көршілермен үлкен қақтығыстарға әкеледі. Өткен жылы тұрақ үшін екі көрші төбелесіп, ақыры оның бірі комаға түсті. Кейбіреулер кейде көлікті суретке түсіріп, полицияға арызданады. Айыппұл салдыртады. Ал бұдан кейін көршілер бір-бірімен тіптен өштесіп кетеді. Тағы бір мәселе, аулаларға қойылған көліктердің кесірінен жедел жәрдем, өрт сөндірушілер, құтқарушылар кіре алмай жатады. Сондықтан тұрақ мәселесі Алматыда үлкен әлеуметтік және экономикалық проблемаға айналып отыр. Бұл мәселе тиімді шешілмесе, арты жақсылыққа апармайды...
Ерғали АМАНХАНҰЛЫ, онколог дәрігер: Зиянды қалдықтар қатерлі ісікке ұрындырады
- Биік құрылыс қалалықтарға тұрақ орындарын бергенімен, бұл желденуді жояды. Қазір қаладағы зиянды газдар ғарыштан көрінетіндей дәрежеге жетті. Мегаполистің ластану деңгейі тым жоғары. Бірақ бәрі бірдей тыныс алатын ауаның қаншалықты қорқынышты екенін түсінбейді. Егер сіз үлкен магистральды жолда тұрсаңыз, бұл сіздің бес жылдық өміріңізді алып кетуі мүмкін. Атмосфераға таралатын зиянды қалдықтар өкпе ауруын тудырып, қатерлі ісікке ұрындырады. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты ойластырып, кешенді түрде шешу қажет. Сырттан келетін көліктерді қалаға кіргізбеу керек. Бұл әлемдік тәжірибе бұрыннан бар. Ол үшін, алдымен, қала әкімдігі сырттан келетін адамдарды қала сыртында көлік қоятын тұрақ пен қалаға еш кедергісіз жеткізетін қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешуі тиіс. Сондай-ақ, жылу жүйелеріндегі мазут, көмір пайдалануды толықтай газбен алмастырған жөн. Мұның бәрі жылдам әрі жүйелі түрде шешілуі қажет. Өкінішке орай, біз әлі күнге дейін экологияның қасіретке ұрындыратынын ескермей келеміз.
Талғат КӘДІРБЕКҰЛЫ, заңгер: Автотұрақтар жұмысына қатысты заң қажет
- Бұл мәселені шешу үшін нақты автотұрақтар жұмысына қатысты заң қажет. Заңсыз бұл мәселені шеше алмаймыз. Экологиялық стандарттар, санитарлық нормалар мұны шеше алмайды. Бізге ең алдымен, дәл жазылған заң керек. Мәселен, Германияда автотұрақ тұрмақ, біреудің мысығын көлікпен басып кетсең, қандай жаза қолданылатынына дейін заңда көрсетілген. Бізге де заңның осындай ережелері жетіспей тұрған секілді. Ережеде автотұрақтардың нақты қандай жерде болуы, оның бағасы және аулаларға көлік қаңтару талаптары нақты көрсетілуі тиіс. Парламент депутаттары осындай заң шығарып, нақты ережелерін көрсетіп бермейінше, біз ештеңе істей алмаймыз. Тым болмаса, жергілікті әкімдік қалалық мәслихат сессиясының күн тәртібіне осы мәселені қойып, депутаттармен бірлесіп, заңды түрде шешім шығаруы тиіс. Қалалық мәслихаттың шешімі сол қала тұрғындарының барлығына бірдей заңдық күші бар құқықтық акті болып табылады.