Ислам діні бес қазыққа байланған. Біріншісі – Аллаға сену, екіншісі – күнделікті бес уақыт намазға жығылу, үшіншісі – Рамазан айында отыз күн ауыз бекіту, төртіншісі – зекет беру, ал бесіншісі – өмірінде бір рет қажылыққа бару. Міне, бүгінгі қасиетті Рамазан айында талай жамағат ораза ұстап, бір парызын орындап жүр. Дұға-тілектері қабыл болғай!
ОТЫЗ КҮН
Оразаның зор пайдасын Еуропаның да іргелі медицина орталықтары дәлелдеп, мойындап қойған. Иә, адам баласына оразаның еш зияны жоқ. Балиғат жасына толған әр мұсылман ауыз бекітуі тиіс. Оның денсаулыққа пайдасы орасан болғандықтан парыз етілген. Мәселен, жұмыста жүрген адам бір жылда бір рет еңбек демалысын алады, оқушылар мен студенттер де демалысқа жіберіледі. Себебі, адам үздіксіз жұмыстан, жүрістен тынығуы керек. Немесе мініп жүрген көлігімізді де жыл он екі ай жүргізе берген соң, темір де болса тозады, бір жері босайды, сынады. Сондықтан әлдебір бөлшегін ауыстыру керек болады. Сол секілді, он бір ай үздіксіз жұмыс істейтін асқазанымызға да демалыс, үзіліс керек. Ағзамызға артық майлар, тұз, шлактар жиналып, ол көбейіп, қалыңдай береді. Соны отыз күн бойы ретке келтіру үшін бізге ораза ұстау керек болады.
Сондай-ақ, ораза бізге отыз күн бойына нәпсімізді тежеп ұстауды, аузымызды, көзімізді, құлағымызды жаман нәрселерден тыюды, сабырлы, төзімді болуды, шүкірлік етуді, жан-жағымызға мейіріммен қарап, көбірек жақсылық жасауды үйретеді. Сол рухани азықты түгесіп алмай, қалған он бір ай бойы жүрсек, онда бізден артық адам болмас. Онда оразаның о бастағы миссиясының орындалғаны!
САУАП
Жаратқанның разылығы үшін жүрегімен ниет етіп, ораза ұстап, мұсылмандық парызын өтеп қана қоймаған, оның тереңіне үңіліп, ерекше ықыласпен атқарып жүрген адамның ең бір асығатын мезгілі – ауызашар шағы.
Ораза ұстаған адам ауызашар дұғасын жасап, аузын құрмамен немесе сумен ашады. Күні бойы бос тұрған асқазанға салмақ түсіріп алмас үшін майы аз, бұқтырылған етті тағамдар, көкөністерден жасалған салаттар жеген дұрыс дейді мамандар. Иә, ашығу кезінде адамның жүйке жүйесі, асқазаны әлсіреп, тітіркеніп тұрады екен. Ондай кезде бірден қуырылған, майонезге араластырылған салаттар жеуге болмайды. Себебі, ауыз берік кезде асқазандағы сөл көбірек бөлініп тұрады да, қышқыл бөлу деңгейі сәйкес келмей, астың қорытылуына кері әсерін тигізетін көрінеді. Сүтті қою шай, кондитерлік өнімдер мен газдалған сусындар да аса пайдалы емес. Суды тамақтанып болған соң ішкен дұрыс дейді. Ал жатар алдында тым көп мөлшерде ішуге де болмайды. Тамақты қарным ашып қалады деп тыңқиып тойып алмай, асықпай, аз-аздан жеу керек.
Ал енді, денсаулығына және өзге де себептерге байланысты ораза ұстамағандар ұстағандарды ауызашарға шақыратын жақсы бір дәстүр бар. Бұл тұрғыда Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да ешнәрсе кемімейді», – деген.
ҒИБРАТ
Бүгінде сол ауызашар беру де сынға ұшырап жатыр. Әлеуметтік желідегі елге белгілі өнер адамдарының ауызашарға жиналып, арты екі иықты жұлып жейтін жұлқынған биге, музыкаға, қатты күлкіге ұласқаны туралы видеоны бәріміз көрдік. «Қап, ел алдында жүрген кісілердің мұнысы үлкен ағаттық болды-ау! Ауызашарды да тойға, бастаңғыға, шоуға айналдырайық дедік пе?!» дедік көбіміз іштей.
Қазір адамдар ауызашарды кафе, караоке, мейрамханаға да жиі жасайтын болған. Бәлкім, ағайын-туыс, жора-жолдас, әріптес, көрші-қолаң – бәрі қалмасын, сыйсын, үйім тар дейтін шығар. Бірақ оның соңы тойға айналып кетіп жатқан жоқ па? Рамазан айы – құлшылық айы. Сондықтан арзан әуен, арзан күлкіден гөрі, ұлағатты жыр-термелер, жастарға ғибратты әңгімелер айтып, мүмкін болса, кітап оқып, ұлы ғұламалардың өмір жолымен танысып, сүрелер жаттап, білім-ғибрат іздеген абзал дейді дін өкілдері.
БІР ЖҰТЫМ СУ
Пайғамбарымыздың өзі аузын жалғыз отырып ашпаған деседі, бір күні көршісін, екінші күні туысын, үшінші күні тағы бір туысын, досын шақырып ауыз ашқан. Сол сияқты, біз де «бәрін бір-ақ қамтып тастайын, ауызашар бердім, болды» деп емес, үйімізге шағындап, бөлектеп шақырсақ, әрқайсысына жеке-жеке көңіл бөліп, хәл-жағдай білісіп, шүйіркелесіп жатсақ, арадағы жақындық, бауырмалдық, туыстық сезімдер нығая түсер ме еді. Ауызашардың түпкі мақсаты да сол ғой.
Әрине, ауызашар беретін болған соң, дастархан жаясыз. Бәрі мол болғанын қалайсыз. Осы орайда дін өкілдері аста-төк дастархан жаюдың қажет еместігін айтады. Жағдайыңыз келіп тұрса, мол болғаны жақсы, әрине. Бірақ әлеуметтік жағдайыңызды ойсыратып кетпеуі керек. Пайғамбар хадистерінде бір жұтым су, сүт немесе құрмамен де ауызашар беруге болатындығын айтқан. Яғни ең аз мөлшерде.