Ауылдан шыққан 14 жастағы шабандоз 500 бәйгеге қатысып, 22 көлік ұтқан

  • 16:55, 29 қаңтар 2026
Ауылдан шыққан 14 жастағы шабандоз 500 бәйгеге қатысып, 22 көлік ұтқан сурет: кейіпкердің жеке архивінен

Алматы облысында 14 жасында 22 автокөліктің иесі атанған жасөспірім тұрады. Бұл - ешқандай да аңыз емес, ауылдан шыққан алғыр баланың жетістігі. 6 жасынан атқа қонып, бәйге өнерінің қыр-сырын меңгерген Абзал Тұрғанбек бүгінде республикалық деңгейдегі талай додада топ жарып жүр. Aqshamnews.kz тілшісі жас шабандозбен тілдесіп, оның жеңіске толы жолы, команда еңбегі және болашақ арманы туралы сұрап білді.

"Жылқыға әкем үйретті": алты жасынан атқа қонған Абзал

Абзал Тұрғанбек - Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақтерек ауылының тумасы. Қазір ол туған ауылындағы орта мектепте 9-сыныпта оқиды. Бүгінде ол бас-аяғы 500 бәйгеге қатысқан. Соның ішінде "Жетісу жүйрігі", "Елорда кубогы", Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған бәйге, Қазақстан чемпионатының Olympbet топ бәйге финалы, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған аламан бәйгелердің жеңімпазы атанды. 

"Мені жылқыға мінуге әкем үйретті. Ал бәйгені кәсіби деңгейде түсіндіріп, үлкен жарыстарға алып шыққан бапкерім - Мұрат Арықбаев. Ауылда тайға мініп, шағын бәйгелерде шауып жүрген кезімде Мұрат аға байқап, үлкен додаға дайындап, шыңдаған болатын", - дейді ол.

22 автокөлік қазір қайда? Жеңіс артындағы команда еңбегі

Абзал қазірге дейінгі додалардан 22 автокөлік жеңіп алды. Бірақ ол бұл жетістіктерді жалғыз өзінің үлесі деп санамайтынын айтты.

"Бәйге – бір адамның емес, бүтін бір жүйелі команданың жұмысы. Әр нәтиженің артында бапкердің, атқосшылардың үлесі болады. Өйткені ол жарыстарға дайындап, атты қысқа да, ұзын қашықтыққа да баптайды. Ал атқосшылар тұлпардың жем-шөбін беріп, күтімін жасап, астын тазалап, күйін бақылап отырады, бапкердің тапсырмасын бұлжытпай орындайды. Олардың да еңбегі орасан зор", – дейді шабандоз.

Ол жеңіп алған көліктердің бір бөлігі сатылғанын, ал кейбірін бәйгеге қосылған тұлпардың иелері алып қалатынын айтты. 

Ең қымбат жүлде мен ең қызық естелік

Абзал ұтқан көліктердің ішіндегі ең қымбаты 23 млн теңге тұрады. Ал ең қызық естелік қалдырғаны – 2023 жылы Сыр өңірінде өткен Мыхан Ерниязұлының 130 жылдығына арналған құнан бәйгедегі бас жүлде. Сол жарыста ол Hyundai i30 көлігін жеңіп алған.

Ең қызық сәтті де Абзал дәл осы бәйгемен байланыстырады. Бұл бәйгеде ол өзінің ұтымды әдісінің арқасында оза шапқанын жеткізді:

"12 шақырымдық бәсекеге 46 құнан шығып, жарыс 6 айналымға созылды. Мен алғашқы төрт айналымда құнанымды "ашытпай", алдыға бірден ұмсынбай, қарқынын сақтап отырдым. Ал соңғы екі айналымда тактиканы өзгертіп, топқа жетіп, соңғы 500 метрде құнанды бар күшіне салдым. Нәтижесінде бас жүлде бұйырды", - дейді Абзал. 

Абзалдың ақ адал арманы не?

Шабандоздың күн тәртібі маусымға қарай өзгереді. Жазда ол тұлпар дайындайтын жерге кетіп, таңғы 5–6-да атқа қонады. Себебі таңғы салқын – әрі шабандозға, әрі тұлпарға қолайлы уақыт.

«Аттардың күнге күйіп, жүні сарғайып кетпеуі үшін ертерек мінеміз. Дайындық үздіксіз жүреді: қыс, көктем, жаз бойы ат міну тоқтамайды. Ыстық-суыққа қарамай суыту, «ащы терін алу», қалыпқа түсіру – күнделікті жұмыс. Қай бәйгеде қай атқа шабатынымды бапкер шешеді: "бәйгеге жақын қалғанда сен осы атқа шабасың" деп нақты бекітеді", - дейді Абзал дайындығы жайлы. 

Жас шабандоздың тірегі – отбасы, бапкері, бауырлары мен сыныптастары. Оның ағасы, әпкесі және 5 қарындасы бар. Ал Абзалдың ендігі ең үлкен мақсаты – салмағы артқан соң классикалық ат шабысына ауысып, кәсіби деңгейде халықаралық ареналарда шауып көру.

"Франция, Германия, Дубайда классикалық ат шабысқа шапқым келеді. Сол жақта жүріп ат спортының дамуына үлес қосып, биік белестерді бағындырғым келеді", – дейді ол.

Абзалдың сүйікті жылқысы - Лазер

Жас спортшының өз қатарластарына айтатын кеңесі де мол. Ол жасөспірімдерге бос уақытты әлеуметтік желіге жұмсамай, атқа мініп, бәйгеге, көкпарға барып, жігіттік мінез қалыптастыруға кеңес береді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:07

17:51

17:33

17:15

16:55

16:33

16:30

16:15

16:05

15:52

15:39

15:21

15:05

15:01

14:57

14:40

14:35

14:17

14:06

12:30

12:20

12:10

12:00

11:55

11:49