Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінде белгілі қоғам қайраткері, ғалым-тарихшы және қоғамтанушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, белгілі аудармашы, тарих ғылымының кандидаты, Мадрид (Испания) университетінің профессоры Самат Өтениязовтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Әлем әдебиеті мен мәдениетіндегі Аттила тұлғасы» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтеді.
Самат Көшенұлы Одессадағы Мечников атындағы Мемлекеттік университетін (испан тілі және әдебиеті бөлімі, роман-герман филологиясы факультеті) бітірген (1978). Одессаның Рыбный портында испан тілі маманы болып жұмыс істеген (1977-79). Қазақ КСР ҒА Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында ғылыми қызметкер болды (1981-99). Халықаралық журналистік қызмет те атқарды. Лондондағы (Англия) Central Asia News File журналында Орта Азия мен Қазақстан бойынша тілші болды (1991-2001). ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты Дипломатиялық академияда испан тілінен сабақ берді (1997-2000). Кубаның Қазақстандағы елшілігінде аудармашы және кеңесші қызметін атқарды (1998-99). Қазақ академиялық университетінде басшылық қызметте (кафедра меңгерушісі, декан, бірінші проректор) болған (1998-2003). Абылай хан атындағы Әлем тілдері университетінде және Қазақ-Америка университетінде испан тілі және латын тілінен сабақ берді (2003-18). 2018 жылдан бері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да испан тілінен сабақ береді.
С.Өтениязов ұлттық және әлемдік тарих, халықаралық қатынастар, әлеуметтік-гуманитарлық мәселелер бойынша 600-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер мен мақалаларды жарыққа шығарды. Ғалымның еңбектері посткеңестік елдерде, Қытай, Түркия, Венгрия және т.б. елдерде жарияланған. Қазақстан мен жақын және алыс шетелдерде өткен 400-ден астам халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық конференция, конгресс, дөңгелек үстелдер мен семинарлардың қатысушысы.
Самат Көшенұлы жоғары оқу орны білім алушыларына арналған Испан тілі оқулығын (Практика перевода испанского языка), «Рим мен Хун империялары арасындағы дипломатиялық қатынастар» оқу құралын жазды. Испан тілінің бірнеше электрондық оқулықтары бар.
Ғалымның испан, орыс, шағатай тілдерінен аударған көлемді кітаптары бар. Аударма саласындағы еңбектері үш саладан тұрады. Ромуло Гальегостың (Венесуэло) «Донья Барбара» романын испан тілінен аударған. Дүниежүзінің барлық тілдеріне аударылған және ең көп басылып шыққан осы романның үзінділерін С.Өтениязов республикамыздың газет-журналдарында жариялады. ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырысымен 2012 жылы толық жарық көрді.
Орыс тілінен аудармалары негізінен Ш.Уәлихановтың еңбектері болды. Ол аудармалар 1985 жылы ұлы ғалымның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлаған кезде баспа бетінде жарияланды. Шағатай тілінен Қадырғали Жалаиридың «Шежірелер жинағы» атты еңбегін аударып, 1997 жылы «Қазақстан» баспасынан жариялады. Отандық тарих пен әдебиет саласынан іргелі зерттеулер жасады. Аттиланың әлем әдебиетіндегі орнын кең көлемде зерттеген ғалым (жеті кітаптың авторы). Ғылыми тұрғыдан «Аттила және оның Еуразия тарихындағы орны» атты екі томдық монографиясы «Атамұра» баспасынан (2024) қазақ тілінде, Түркияда түрік тілінде шықты (2025).
Қазақстандағы шоқантанушы ғалымдардың көшбасшысы, Ш.Уәлиханов туралы «Шоқан өскен орта» (1996), «Шоқанның ғылыми мұралары» (2025) еңбектерінің авторы, Қазақ мемлекеті мен билер институтының зерттеушісі.
«Qazaq universiteti» газеті мерейтой иесін құттықтай отырып, төмендегі мақаласын жариялайды.
Ватикандағы Аттила бейнелері. Жасасын, Алгарди!
Христиан дінінің ордасы Ватиканда біздің бабамыз Аттиланың бейнесі жасалған тарихи суреттер бар. Олардың негізгі міндеті христиан дінін мадақтап, Аттила сынды Еуропа тарихындағы ұлы адамдар – А.Македонский, Ю.Цезарьмен қатар тұратын ғұн патшасын мұқатуға арналған. Еуропада тоғыз ғасырдан астам уақыт үстемдік жүргізген христиан діні қайта өрлеу (ренессанс) басталғанда қиюы кетіп ыдырай бастады. Сол кезде христианствоны көтермелейтін сюжеттерге арнап ескерткіштер жасауға көптеген өнер майталмандарын тартып, тапсырыстар берілді. Сонда «452 жылы өз әскерімен Рим қаласына кірмеген ұлы қолбасшы Аттиланы тоқтатқан Леон І» деген тақырыпқа бейне жазуды Рафаэль Сантиге (1483-1520) тапсырады. Сол тарих ақиқатын бұрмалап, Рим папасын құдіретті етіп көрсететін сурет Ватикандағы Элиодар залында әлі тұр. Бұл бабамыз Аттила көрсетілген алғашқы сурет фреска болса, одан кейін де талай өнердің шыңына бағалайтын ерекше туындылар Еуропада дүниеге келіп жатты. Аталған картинамен біздің қазақ оқырмандары көптен таныс. Сөз жоқ, құдіретті туынды.
Автор қанша реалист болса да, христиан өкілі және осынау картинаны сол христиан дінінің үлкен орталығының, яғни Рим папасы Юлий ІІ-нің тапсырысымен жасағаны тарихи шындық. Сондықтан автордың алға қойған міндеті Аттиланың құдіреттілігі емес, христиан дінінің Леон І-дің құдіреттілігін көрсету болатын. Әрине, автор Леон І-ді шын мәнінде құдіретті етіп көрсетіп, дүниеге паш етті. Сонымен қатар хун патшасын да керемет етіп көрсетуге мәжбүр болды. Осындай құдіретті хун патшасын Рим қаласына кіргізбеген, яғни хундар тонауынан сақтап қалған Леон-І деп көрсеткен.
Шындығында, олай емес. Леон-І Аттилаға «қалаға кіріңіз» деп алдында құрақ ұшып, бас иіп, хун патшасын қарсы алған еді. Егер Аттила қалаға кіргісі келсе, оны ешқандай күш тоқтата алмас еді. Оның қалаға әскермен кірмеуінің неше түрлі себебі бар. Өйткені ол осы қалада өзі студент болып білім алған еді. Сондай-ақ «мәдени орталық, мәңгі қала, қасиетті астана Римді тонады» деген жаман аттан сақтанғаны еді. Жаман аттан сақтанатын себебі – бұл қалаға одан бұрын герман шапқыншылары әлденеше рет шабуыл жасады. Бірақ бәрі кіріп, тонай алған жоқ еді. Тек 410 жылы Аларих басқарған вестготтар кіріп, тонаған еді. Ал осы оқиғадан соң, яғни Аттила Римге кірмей кеткен соң, екі жылдан кейін, 454 жылы Римнен Солтүстік Африка мен Испанияны тартып алған герман тайпасы вандалдар королі Жансерик Римге жақындап келгенде алдынан осы Леон-І шыққан еді. Оның не айтқанын құдай біледі, әйтеуір, Жансерик өз әскерімен қалаға кіріп, қырып-жойып, тонап, мыңдаған римдікті құлдыққа айдап кеткен еді.
Қысқасын айтқанда, осы оқиғалар тек Аттиланың адамзат тарихындағы мәртебесін көтерген үстіне көтере береді. Осы сюжет Еуропада миллион рет жазылды. Алайда шындықты көрсеткен ғұламалар да баршылық. Сол керемет өнер туындыларының бірі – мына Алехандро Алгарди жасаған мүсін өнерінің біріне көз салайық.
Ватикандағы осы картинаны да «Леон папа Аттиланы қалаға кіргізбей қайтарды» деп Еуропада көп жазылды. Шындығында, ол керісінше, Аттила герман тайпаларын кіргізбей тұр, ал Рим папасы Леон Аттиланың етегінен ұстап тығылып отыр.
Мұны жалғыз біз айтқан жоқпыз. Сонау ХІХ ғасырда француз ғалымдары дәлелдеді. Француз энциклопедиясынан алынған фотоны қараңыз.
Рим папасын алдап, шындықты мәңгілікке айқындап кеткен А.Алгарди (1594-1644) өз есімін алтын әріппен жазып кетті. Жасасын, Алгарди!
Ватикандағы мүсін өнерінің керемет үлгісінің фотосын біз Алматыға 1978 жылы алып келдік. Алматыда алғаш рет 2000 жылдан мына кітаптарда басылып шықты: Аттила. А.«Арыс» 2000.; Аттила. А.«Қазақ университеті», 2021; Аттила... А. «Атамұра», І том. 2023.
XVІІ ғасырдағы Италиядағы белгілі архитектор әрі мүсінші Алехандро Алгарди есімі Еуропа өнерінде өшпес із қалдырды. Осындай аса маңызды, көкейкесті шындықты айту тек француз ғалымдарының ғана қолынан келді. Франция Еуропадағы ең демократиялық ел болды. Аттила мен хундар тарихын Еуропа зерттеушілері христиан дінінің нұсқауымен біржақты жазған еді. Соларға шындықты айтып, революция (төңкеріс) жасаған Амеди Тьиерри (1797-1873): «Адамзат тарихында Аттила есімі А.Македонский мен Ю.Цезарь қатарынан орын алды», – деп әділ бағасын берген француз ғалымы еді.