«Сары-Арқа компани» жекеменшік теміржол тасымалдаушысы вагон паркін жаңартуды жалғастырып, желіге жаңа үш плацкарт вагон шығарды.
Тасымалдаушы бұған дейін ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған арнайы вагонды іске қосты, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Жаңа вагондар заманауи жабдықтармен ерекшеленеді. Олардың ішінде кондиционерлер, тоңазытқыштар, арнайы пештер, розеткалар мен гаджеттерді қуаттауға арналған USB-ұяшықтар орнатылған. Қауіпсіздік үшін бейнебақылау камералары мен 4G-модемдер қойылған, ал қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жолаушыларға QR арқылы пікір қалдыру жүйесі енгізілді.
Бүгінде компанияның 23 вагоны бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, бұл "Астана – Орал" бағыты бойынша сапарларды қауіпсіз әрі жайлы етеді.