ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында құрылыс материалдарына баға белгілеу мәселесі қаралды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ҚазҚСҒЗИ) деректері бойынша, жыл басынан бері бетонға (12%), цементке (5%), полиэтиленді құбырларға (10%), силикатты кірпішке (6%) бағаның өсуі байқалды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасады, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz. ҚР Премьер-министрдің сайтына сілтеме жасап. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021 жылғы қаңтар-мамыр айларында бастапқы тұрғын үй бағасының өсуі 8%, екінші қайталама тұрғын үй бағасының өсуі 13% құрады. Отандық құрылыс материалдары бағасының өсімі биылғы қаңтар-сәуірде 16% құрады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ҚазҚСҒЗИ) деректері бойынша, жыл басынан бері бетонға (12%), цементке (5%), полиэтиленді құбырларға (10%), силикатты кірпішке (6%) бағаның өсуі байқалды. Ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 50%-дан кем арматура, шыны сияқты импортқа тәуелді материалдар бағасының аса көп өсуі байқалады. Құрылыс материалдары нарығына қатысушылардың өздері хабарлағандай, 2021 жылғы қаңтардан бастап баға өсуінің негізгі себептері электр энергиясының, жанар-жағармай мен магистральдық теміржол желісі қызметінің қымбаттауы болған. Құрылыс материалдары бағасының алыпсатарлық өсуімен күресу мақсатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кірпіш, цемент, арматура, қиыршық тас, полиэтилен құбырларын өндірушілер мен жеткізушілерге бұзушылық белгілерін жою және бағаны төмендету қажеттілігі туралы 26 хабарлама жіберді. Нарық қатысушыларына бағалық әсер ету үшін 10 құрылыс материалдарын өндірушімен монополияға қарсы заңнама нормаларын сақтау туралы комплаенстар жасалды. Тұрғын үй құнының өсуіне құрылыс материалдары бағасының өсуі ғана емес, сондай-ақ сұраныстың артуы да әсер етті. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша жыл басынан бері жасалған келісімдер саны өткен жылғымен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тұрғын үй нарығында дүрлігу мен бағаның өсуіне жол бермеу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 14 құрылыс компаниясына бағаны төмендету туралы хабарлама жіберілді. «Құрылыстың жоғары қарқыны құрылыстағы барлық шығындардың үлесі шамамен 50%-ды құрайтын құрылыс материалдарына қажеттілікті ұлғайтады. Осыған орай бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және нарықта қатаң бақылауды қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдау өте маңызды», — деді Асқар Мамин. Үкімет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жосықсыз өндірушілер мен өнімді жеткізушілерге қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырды. Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, құрылыс салушылар мен құрылыс материалдарын өндірушілер арасында ұзақ мерзімді сатып алу келісімшарттарын жасау мүмкіндігін пысықтауды тапсырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, құрылыс саласында импорт алмастыру бойынша жоспарланған жобаларды уақытында іске қосуды қамтамасыз ету тапсырылды.