Алматыда әкімшілік әділеттің бес жылдық қорытындысын жариялады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстанда әкімшілік әділет жүйесінің бес жылдық жұмысы барысында кәсіпкерлер мемлекеттік органмен дауласқан кезде өз құқығын қорғау үшін көп мүмкіндікке ие болды. Соттар қазір шенеуніктер қабылдаған шешімнің нәтижесін ғана емес, оның қаншалықты заңды әрі әділ қабылданғанын да бағалайды. Сонымен қатар Алматының әкімшілік сотына түскен арыздың саны да артқан, биыл қаралған істің жартысынан астамы талапкердің пайдасына шешіліпті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Тұрсынәлі Төлегенов мәлімдеді.
Айтуынша, сот жүйесіне әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ӘРПК) енгізілгені соңғы жылдағы ең маңызды өзгерістің бірі болған. Бұрын бизнес мемлекеттік органмен байланысқанда көбіне әлсіздік танытатын болса, қазір сот бұзылған құқықты қалпына келтіруге белсене қатысуға міндеттелген.
«ӘРПК жария-құқықтық даудың құрылымын түбегейлі өзгертті. Бұрын мемлекеттік орган әрекетінің формалды заңдылығына басты назар аударылса, қазір соттар шешімді ғана емес, оны қабылдау барысын да бағалайды. Бұл кәсіпкерлерге мемлекеттік құрылымдармен күрделі дауда да өз құқығын табысты қорғауға мүмкіндік береді», – деді Тұрсынәлі Төлегенов.
Сот статистикасының деректеріне сәйкес, әкімшілік әділетке деген сұраныс артып келеді. Егер 2021 жылы Алматы қаласының әкімшілік сотына 2392 талап арыз түссе, былтыр олардың саны 6268-ге жеткен. 2026 жылдың алғашқы бес айында 2762 әкімшілік талап арыз тіркелген. Осы уақытта сот 818 істі қарап, оның 413-ін немесе 51 пайызын қанағаттандырыпты.
Жалпы алғанда, талап арыздарды қанағаттандыру көрсеткіші Алматы әкімшілік сотының бес жылдық жұмысы тұрақты жоғары деңгейде сақталып келеді. 2021 жылы талаптың 46,1 пайызы, 2022 жылы – 51,6 пайызы, 2023 жылы – 47,9 пайызы, 2024 жылы – 43 пайызы, 2025 жылы – 42,9 пайызы қанағаттандырылған. Биылғы жылдың алғашқы бес айында бұл көрсеткіш қайтадан қаралған істердің жартысынан асты.
«Статистика әкімшілік әділеттің азаматтар мен бизнестің құқығын қорғаудың нақты жұмыс істейтін тетігіне айналғанын көрсетеді. Соттар мемлекеттік органдардың шешімінің заңдылығын ғана емес, әкімшілік рәсімдердің сапасын да жиі бағалайды. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың әділ болуына ықпал етеді», – деп атап өтті спикер.
Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Ұлан Қазыкеннің айтуынша, бизнестің сотта жеңіске жетуінің ең жиі кездесетін себептің бірі – мемлекеттік органдар тарапынан әкімшілік рәсімдердің бұзылуы. Атап айтқанда, кәсіпкерге өз ойын білдіруге мүмкіндік берілмеген, ұсынылған құжаттар зерттелмеген немесе шешім жеткілікті негіздемесіз қабылданған жағдайлар көп кездескен.
«Соттар әкімшілік актінің мазмұнын ғана емес, оның қалай қабылданғанын да бағалайды. Егер мемлекеттік орган тұлғаның сөзін тыңдау құқығын қамтамасыз етпесе, өтініш берушінің дәлелін зерттемесе немесе шамадан тыс ықпал етер болса, мұндай шешімнің күшін жою ықтималдығы айтарлықтай артады. Сондықтан бизнес үшін түпкі нәтижеге ғана емес, шешім қабылдау рәсімінің бүкіл барысына назар аудару маңыздырақ», – деді Ұлан Қажыкен.
Даудың едәуір бөлігі салық саласына тиесілі екен. Спикердің айтуынша, істің басым бөлігін камералдық бақылау нәтижесі бойынша шығарылған хабарламаларға қатысты шағымдар құрайды. Көп жағдайда салық органдары рәсімдік қателіктерге жол беріп, кәсіпкерлер өз құқығын қорғау үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болады.
2026 жылдың басынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Ол камералдық бақылауға деген көзқарасты өзгертті. Енді салық органдары заң бұзушылықты емес, деректердегі сәйкессіздікті анықтап, салық төлеушілерге оларды ерікті түрде түзету мүмкіндігін беруі тиіс.
«Жаңа Салық кодексіндегі басты жаңалық – камералдық бақылау енді бұзушылықтарды іздеуге емес, деректердегі айырмашылықтарды анықтауға бағытталған. Мемлекет салық төлеушімен мәселелерді ерікті түрде реттеуге басымдық береді. Бұл бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынастың осы заманғы әрі серіктестікке негізделген үлгісі», – деді Ұлан Қажыкен.
Тағы бір күрделі санат – жер дауы. Кәсіпкерлер көбінесе мемлекеттік органдардың формалды көзқарасына, мәселелерді қарауды созбалаңға салуы мен заңды күшіне енген сот шешімдерін орындауға құлықсыздығына тап болады. Сонымен қатар әкімшілік әділет біртіндеп мемлекеттік органдар жұмысының стандартын өзгертіп, қабылданатын шешімді жан-жақты негіздеуді, мөлшерлестік қағидатын сақтап, бизнестің адал күтулерін ескеруді талап етіп жатыр.
«Бизнестің ұтылған істерінің көпшілігі құқықтық ұстанымның әлсіздігінен емес, дұрыс таңдалмаған процессуалдық стратегиядан туындайды. Мемлекеттік органның әрекеттерін әр кезеңде талдап, рәсімдік бұзушылықты тіркеп, дәлелдемелік базаны сауатты қалыптастыру өте маңызды. Бүгінгі әкімшілік процесс – тек заңды түсіндіру туралы дау ғана емес, мемлекеттік басқару сапасын бағалау құралы», – деп түйіндеді Ұлан Қажыкен.
Спикердің айтуынша, бес жыл ішінде әкімшілік әділет мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынас теңгерімін айтарлықтай өзгертті. Соттар кәсіпкерлердің құқығын белсендірек қорғай бастады, мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің сапасы мен әкімшілік рәсімдерді сақтауға көбірек көңіл бөліп отыр. Бұл мемлекет, азаматтар және бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың неғұрлым ашық әрі әділ жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.